Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ЖАНАЗА НАМАЗЫНА ҚАТЫСУДЫҢ ҮКІМІ

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі muftyat.kz 20.07.2020 2873 0 пікір
ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ЖАНАЗА НАМАЗЫНА ҚАТЫСУДЫҢ ҮКІМІ

 بسم  الله الرحمن الرحيم

الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Пандемия деп – қауіпті індеттің әлемдік ауқымда таралуын айтады. Дәрігерлердің айтуынша, пандемия кезінде әр адам санитарлық гигиена талаптарын қатаң сақтауы тиіс, көпшілік жиналатын жерлерге, қоғамдық орындарға, базарларға барудан бас тартуы қажет.

Ислам – адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абыройына аманат ретінде қарайтын дін.

Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранда: 

وَلا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ

«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»[1], – деп ескерткен. Сондықтан әрбір адам баласы өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және қауіп-қатерден сақтануға міндетті.

Мұсылман ғалымдары:

دَفعُ المفَاسِدِ مُقدَّمٌ عَلَى جَلْبِ المصَالِحِ

«Залалды жою – пайда келтіруден бұрын тұрады»[2] деп тұжырымдаған.

Сондықтан жұқпалы ауру тараған кезде азалы жиынға көпшілік болып жиналу еліміздегі санитарлық тәртіпке қайшы. Сол себепті мұндай жағдайда жаназа намазы мен жерлеу істерін марқұмның ең жақын туыстарымен өткізген дұрыс. Өйткені қайтыс болған мұсылманға жаназа намазын оқу – парыз кифая*[3].

Шариғат бойынша жаназа намазын жамағат болып оқу міндет емес, жалғыз имам оқыса да жеткілікті[4]. Алайда жаназаны үш қатар болып оқыған абзал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَمُوتُ فَيُصَلِّي عَلَيْهِ أُمَّةٌ مِنْ الْمُسْلِمِينَ، يَبْلُغُونَ أَنْ يَكُونُوا ثَلَاثَةَ صُفُوفٍ إلَّا غُفِرَ لَهُ

«Үш қатар жамағатпен жаназа намазы оқылған мұсылман мәйіттің күнәсі кешіріледі»[5], – деген. Үш қатар жеті адаммен де құрылады, яғни ең алдында имам, үшеуі бірінші қатарда, екеуі екінші қатарда және біреуі артында тұрады[6].

Сонымен қатар, жаназа намазын арнайы орындарда өткізген дұрыс. Жолда, қоғамдық орындарда жаназа намазын оқу – мәкруһ[7].

 

ҮКІМ:

Әрбір адам өз өмірі мен денсаулығын сақтауы – парыз. Сондықтан пандемия кезінде жаназа намазы мен жерлеуге қатысты төмендегі шараларды орындауы қажет:

  1. Мәйітті жууды, кебіндеуді, жаназа намазын оқуды және қабірге қоюды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізу;
  2. Жаназа намазын жолда, халық көп жиналатын жерде, қоғамдық орындарда өткізбеу;
  3. Жаназа намазына және қабір басында барлық қатысушыларды қосқанда 10 кісіден артық жиналмау;
  4. Зейнет жасындағы кісілерге, денсаулығы нашар немесе ауырып жүрген адамдарға және мектеп жасындағы балаларға жаназа намазына қатыспау;
  5. Жаназа намазын ұзағымен 5 минут ішінде өткізу, мәйітті жерлеп болғаннан кейін халықты көп ұстамай лезде қайтару;
  6. Жаназа намазына, жерлеу ісіне қатысатын адамдар міндетті түрде бетперде тағу, қол алысып амандаспау.

 

[1] «Бақара» сүресі, 195-аят.

[2] «Әл-бахр әл-мұхит», 7/280.

* Парыз кифая – бір топ адамның арасынан бір немесе бірнеше адам орындаса, парыздық міндеті басқалардың мойнынан түсетін амал.

[3] «Китаб әл-ихтияр», 1/122.

[4] «Фәтәуа Һиндия», 1/223.

[5] Имам Тирмизи риуаят еткен.

[6] «Фәтәуа Татархания», 1/611.

[7] «Фәтәуа Һиндия», 1/226.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі