Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАТУЛЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚ – ҚҰДАЙДЫҢ СЫЙЫ

Еркінбек ШОҚАЙ "Мұнара" газеті 14.07.2020 1138 0 пікір
ТАТУЛЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚ – ҚҰДАЙДЫҢ СЫЙЫ

Татулық – байлық. Атам қазақ «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дейді. Татулық пен ымыра бар жерде елдің алмайтын асуы жоқ. Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматы Әлихан Бөкейхан ынтымақ жайлы: «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!» – деп кесіп айтқан екен. Бүгінде барымызды еселеп, жоғымызды түгендеу үшін де бірлік пен татулық ауадай қажет.

Расында, «Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр алқап – көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен ата қонысы. Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік Ата жұрты» демекші, осынау ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын жерімізді ата-бабамыз ынтымақ пен бірліктің арқасында сақтап қалды. Ынтымақтың төркіні ортақ құндылықтан туындайды. Ал құндылықтың төресі имандылық болса керек.

Құран Кәрімде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аят бар. Рағиб Асфаһани тәпсір еңбегінде осы аяттағы «бөлінбеңдер» сөзінің түпкі мәнін: «Татулық пен ауызбіршілікке үндеуде. Бұл ұғымдар – имандылық жүйесі және әлемдегі тұрақтылық кепілі. Аятта сүйіспеншілік пен татулықты әділдіктен үстем қоюда. Оның себебі – татулық пен сүйіспеншілік жоғалғанда ғана әділдікке қажеттілік туындайды. Әке баласының мал-мүлкіне ең бірінші боп аманат алушы болуының да басты себебі – әкенің балаға деген шынайы сүйіспеншілігінен. Міне, сондықтан татулық – Ислам шариғатында қастерленген ұғымдардың бірі», – деп жазады. Ислам ойшылы Ғазали (р.а): «Татулық – көркем мінездің жемісі. Ал алауыздық – жаман мінездің нәтижесі. Адамның көркем мінезі бір-бірін жақсы көруге, татулыққа және келісімге шақырады. Ал жаман мінез адамдар арасында жеккөрушілік, көреалмаушылық және жақтырмауды оятады» деген екен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина жұртын ерекше жақсы көрді. Оларға ансар, яғни Ислам дінінің жәрдемшілері деген ат берді. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Егер хижрет болмағанда, мен осы ансарлардың бірі болар едім» (Муслим) деп айтқан. Бұл ел мұндай мәртебеге қалай жетті? Неліктен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды бар жүрегімен жақсы көрді? Себебі ансарлар тарыдай шашылған мұсылмандардың бір қоғам, бір ел боп қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Қалаға келген әрбір мұсылманды құшақ жая қарсы алды. Үй-жайымен және қорадағы малымен бөлісуге даяр тұрды. Десе де тарих Мәдина жұртының тұрмысы біреуді жарылқайтындай жоғары деңгейде болмағанын көрсетеді. Олар жоқшылық көрмесе де, өзінен асып артылатындай қорасында малы болмады. Алайда бұл жағдай олардың қолын байламады. Керісінше имандылық бақытына жеткен мәдиналықтар әр сәт Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанынан табылатын. Сондықтан олар «ансар» атанды.

Бірақ бұл ансарлар ежелден тату, ынтымағы жарасқан ел емес еді. Ясрибтің (бұрынғы Мәдина қаласы) тұрғындары екі атадан туған, Аус және Хазраж руынан тараған бір қоғам ел болатын. Осы ағайынды екі ру боларға да, болмасқа да ұрысып, жанжалдасып жататын ауызбіршілігі жоқ жұрт еді. Олардың ынтымағын тудырған, ажырамас тату ел еткен иман еді.

Иман – қоғамның құндылықтарын бірлестіретін иләһи сый. Ол ортақ мүдде, ортақ мақсат тудырады. Хунайн жорығында ансарлар қатысқан үлкен оқиға болды. Бұл оқиға ансар сахабалардың Пайғамбар жүрегінде қаншалықты орын алғанын көрсетті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы жорықта елдің бәріне мол олжа үлестіреді. Бірақ ансарларға ешнәрсе тимеді. Бұл жағдайды ансарлар түсіне алмады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олжаның басым бөлігін кеше ғана мұсылман болған меккеліктерге таратты. Ансарлықтардың ойын арасынан Сағд есімді ақсақал білдірді. Сонда Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тек қана ансарлықтарды жинап алып сөз бастады: «Уа, ансар жұрты! Сендер адасып жүрген ел едіңдер. Алла Тағала мен арқылы сендерді тура жолға салған жоқ па? Кедей бір ел едіңдер. Алла Тағала менімен сендерді бай-дәулетті етпеді ме? Ауызбіршілігі жоқ, бытыраған жұрт едіңдер. Алла Тағала менімен сендерді бірлестірген жоқ па?» – деді. Ансарлар бірауыздан: «Алла мен Оның елшісінің бізге өткізгені көп», – деп мойындаумен болды. Сонда олардың бұл жағдайына дән риза болған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Неге маған бір ауыз уәж айтпайсыңдар?» – деді. Олар сонда да: «Алла мен Оның елшісінің бізге өткізгені көп», – десті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қаласаңдар, мынаны, мынаны айтсаңдар болар еді», – деп ансарлықтардың Исламға, Пайғамбарға және басқа мұсылмандарға жасаған өлшеусіз еңбектері мен жақсылықтарын санамалай жөнелді. Пайғамбар сөзін жалғастырып: «Адамдар олжа ретінде түйе мен қой алып кетіп бара жатқанда, сендер өздеріңмен Алла елшісіне алып қайтуды құп көрмейсіңдер ме?» – деп ансарлықтардың мәртебесін айшықтап берді. Ең соңында: «Егер хижрет болмағанда, мен осы ансарлардың бірі болар едім. Адамдар бір жолмен жүріп өтсе, ал ансарлықтар басқа бір жолмен жүрсе, мен сол ансарлар жүрген жолмен өтер едім», – деп ынтымақ қайда болса – ырыс сонда барамын дегенді білдірген екен. Демек, ансарларды, Исламның жәрдемшісі еткен қасиеті ынтымақ пен бірлік еді. Бұл қасиеті оларға иман арқылы берілді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Ансарларға мейіріміңді төк. Ансарлардың балаларына мейіріміңді жаудыр. Ансарлардың балаларының балаларына мейірім ет!» (Ахмад) деп жеті ұрпағына бата берген еді.

Татулық пен ынтымақ – Құдайдың сыйы. Қасиетті Құранда: «...Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деп баян етеді. Замахшари «Кәшшаф» тәпсір кітабында: «Жахилиет заманында араб ұлтының арасында дұшпандық боп соғыс үзілмейтін. Алла Тағала олардың жүректерін Исламмен татуластырды. Олардың жүрегіне сүйіспеншілік салып, олар бір-бірін жақсы көретін, сөздері жарасатын елге айналды да ауызбіршілігі мен ынтымағы жарасқан бір-бірін жақсылыққа үндейтін, мейірімді бауырлар боп шыға келді. Осылайша, араларындағы келіспеушілік біржолата жойылып, Алла жолында бауыр болды», – деп тәпсірлейді. Осы аятқа қатысты Сюти: «Сендердің күштілерің әлсіздің ақысын тартып алып жейтін. Алла Тағала Ислам дінін жіберіп, бір-біріңе бауыр боп, араларыңда татулық орнады. Өзінен басқа құдай жоқ Алланың атымен ант етіп айтайын, татулық – Алланың мейірімділігі, ал алауыздық – азап», – деп түсіндіреді.

Әсілі, адамдармен тіл табысу, жұрттың пейілін өзіне қарата білу мұсылманның бойына иманмен біткен қасиет боп саналады. Хадисте «Мұсылман дос бола алатын және басқалар да онымен достасатын адам. Ал, адам баласымен бауыр бола алмайтын және өзгелер онымен достық құра алмайтын кісіде ешбір жақсылық жоқ» (Бәззар) деген екен. Хадистегі «Дос бола алатын» деген тіркес «Оның көркем мінезі, табиғатының жұмсақтығы» деп түсіндіріледі.

Расында  ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді. Атам қазақ «Күш – бірлікте», «Ынтымақ түбі – игілік», «Тірлік, тірлік түбі – бірлік» деп бекерге айтпаған. Күлтегін ескерткішінде «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады» деп аталарымыз біздерге өсиет қалдырған. Ендеше, дос сүйсініп, дұшпан аяқ тартатындай асыл дініміздің де, ата салтымыздың көздегені ортақ дүние. Ол – ынтымақ пен бірлікті сақтау.

 

Еркінбек ШОҚАЙ,

Алматы қаласының бас имамы

"Мұнара" газеті, №13, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі