Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 April 2024

11 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

«БАЛАПАН ҚАРИ» БАЛАҢЫЗДЫ ҚҰРАНҒА БАУЛИДЫ

Жадыра АҚҚАЙЫР muftyat.kz 01.06.2020 5728 0 пікір
«БАЛАПАН ҚАРИ» БАЛАҢЫЗДЫ ҚҰРАНҒА БАУЛИДЫ

Бір күні құрбым әңгіме арасында Алматыдағы Байкен мешітінде балаларға құран үйрететін орталық барын айтты. Шыны керек, елең ете қалдым. Бұрын-соңды естімеген едім. Іштей қуанып, орталық туралы сұрай бастадым. Құрбым азды-көпті ақпарат берді де, Instagram желісіндегі парақшаны көрсетті. Жазбаларын қарап отырып, болашақ қари балалардың қызығы мен шыжығына «батып» кеттім. Менің «Балапан қари» орталығымен таныстығым осылай басталды.

Малика Ергешованың жасы 29-да. Тұрмыста. 2009-2013 жылдары арнайы хужрада (Құ­ран жаттау орталығы) оқып, 2014 жылы Мысыр еліне барып, Құран жаттаған. Араға төрт жыл салып Байкен мешітіне қызметке орналасқан. Сол жылы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне магистратураға түскен. Бүгінде диссертация жұмысын жазып жатыр. 

Орталыққа келер болсақ, 2019 жылы 3 наурызда ашылған. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 50-ден аса шәкірт сабақ алыпты. Қазіргі таңда 47 бала білім алып жатыр. Сабақтың алғашқы 15 минутында шәкірттер үйге берілген сүрені хормен 5-6 рет айтады. Одан соң 20 минут көлемінде жаңа сүре жаттайды. «Балалар жалықпас үшін арасында Алла Тағала, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), Ислам әдептері туралы айтып отырамын. Балалар Пайғамбарлар қиссасын ерекше ұйып тыңдайды. Кейде «Ұстаз, қашан пайғамбарлар туралы айтасыз?» деп отырады. Шәкірттеріміздің үлгерімі жақсы. Сабақ сенбі және жексенбі күндері өтеді. Мен жаңа сүрені айтқызып, үйретемін. Сөйтіп үйге барған соң ата-аналары қайталатады. 5-6 жастағы балалар араб әріптерін, күнделікті дұғаларды біледі. Қазір Құранның қысқа сүрелерін жаттап жатырмыз. Ал 7 жастағы балалар Құранға түсті. Қысқа сүрелерді Құраннан оқып бастадық» дейді Малика Айтжанқызы.

Айтқандай, кейіпкеріміз Құранды Мысырға барып жаттаған. Мұндай маманның әдістемесі де ерекше болуы тиіс. Баланың тез шаршап, жалығатынын ескерсек, Құранға деген махаббатын ояту үшін бі­раз еңбектену керегі тағы бар. Жалпы алғанда сабақ 50 минут өтеді. 15 минут үй тапсырмасы тексеріліп, сосын 20 минут жаңа сүремен таныстырып, жаттатады. Одан соң 10 минуттай сергіту сәтін өткізіп, ойын ойналады да, сабақ соңында 5 минуттай жаңа сүрені қайталайды.

Баланың жүрген жері қызыққа толы болады. Сабақ барысында біраз қызық жағдайлар да кездесіп тұрады екен. Солардың бірнешеуін ұстаз еске түсірді. «Балаларға әріптерді қимылмен жаттатамын. Мысалы, «әлиф» дегенде – оң қолды, «бә» дегенде сол қолды көтеремін. Осылайша балалар маған ілесіп, әріптерді жаттайды. Төрт әріпті жаттағаннан кейін «Балалар, енді…» деп ойланып, қолымды бетіме апарсам, бәрі солай істеп тұр.

Тағы бірде бір ана келіп, «Өтініш, балама айтыңызшы, үйге барғанда Құран жаттасын. Сіз айтсаңыз, істейді» деді. Содан баланы шақырып, «Балапан, анаң саған Құран жатта десе, отырып, жатта» деп айта бастасам, дереу отыра қалды. Анасы «Айттым ғой, сіз не айтсаңыз, соны жасайды» деп күлді. Әр сабақтан кейін балаларды құшақтап, шығарып салам. Әдетте, ең кішкентай 4 жасар қызды бірінші құшақтайтынмын. Сол жолы ұмытып кетіппін. Бір кезде қатты жылаған дауыс естілді. Шықсам, кішкентай жылап отыр екен. Не болғанын сұрасам, жылап айта алмайды. Сөйтсем, менің бірінші оны құшақтамағаныма ренжіп қалған екен» деп еске алды орталық ұстазы. Малика Ергешова кішкентайынан Құран жаттаған балаларға қызығады екен. Өзі Құран оқуды 18 жасында үйрене бастапты. Бала кезден үйренбегендіктен, кішкентай қариларды көргенде қызығатынын айтты. «Байкен мешітінде қызмет етіп жүріп, балақайларға Құран үйретсем деген ниет болатын. Бірақ осындай орталық болып ашылады деп ойламадым. Алғашында балаларға сабақ қызықты өту үшін қандай ойыншықтар пайдаланатынымды қарастырып жүрдім. Кейін Алланың қалауымен, бас имам қолдап, осы орталықты ашуға бел будық. Сыныптың орындықтарына, толық безендіруіне дін жанашырлары көмектесті. Алла ол кісілерден разы болсын! Орталықтың ашылу барысында ешқандай қиындық болмады. Көмектесіп, қолдау көрсеткендер көп болды. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, Алматы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай қариға және Байкен мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев қариға алғыс білдіремін» дейді ол.

Бала бойға біткеннен бастап тәрбие алады деседі. Сондықтан бұған бей-жай қарауға болмайды. «Расында балаға тәрбие беру құрсақтан басталады. Егер ана жүкті кезінде көп Құран оқыса, балаға болашақта үлкен пайдасы тиеді. Әр баланың қабілеті әртүрлі. Кейбір балалардың жаттау қабілеті өте жоғары болады. «Балапан қари» ашылған кезде 2,5 жастағы балалар да болған. Бірнеше сабақ барысында әріптерді қабылдап, айтып отыратын. Менің ойымша, балаға 3 жастан бастап Құран үйрете бастау керек. Бірақ қысым көрсетіп, жаттауға мәжбүрлемеген дұрыс. Бала Құранды ата-анасынан қорыққанынан жаттамауы керек. Әр бала ерекше. Махаббатпен үйренген Құран жүректе қалады деп санаймын» дейді кейіпкеріміз.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Үшқоңыр лагерінде балаларға сабақ бердім. Сол жерде Айша есімді бес жасар қыз болатын. Кішкентай болса да, Құранның кез келген жерінен оқи алатын. Әр намазға бізбен бірге тұратын. Айшаны ерекше жақсы көргенім рас. Мен үшін жүздеген баланың ішіндегі ең өзгешесі еді. Жазғы уақытта таң намазы 4-те кіреді, намазға оятқанда жыламай тұрады. Әлі балиғат жасына толмаса да, бес уақыт намаз оқып, Құранды жақсы оқиды. Қазір Айша 8 жаста. Мен оның қари болғанын шын жүректен қалаймын».

Биыл наурызда орталықтың ашылғанына бір жыл толады. «Алла разылығы үшін жасаған амал қашанда аз сияқты болады емес пе? Әлі жаспыз, орталығымыз да кішкентай, үйренеріміз көп. Алла қаласа, Алматы қаласында ұйымдастыртырылатын балалардың Құран оқу жарысында жақсы нәтиже көрсетуге дайындалып жатырмыз. Бастысы, балалардың Аллаға, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), Құранға және Отанға деген махаббатын арттырып, иманды азамат болуына үлес қосқымыз келеді. Арманым көп, ал мақсатым – «Балапан қари» орталығы дамыту. Өзге қалаларда да филиалдары ашылғанын қалаймын. Балаларға 4 жасынан бастап балиғат жасына дейін ұлттық тәрбиемізді, Ислам әдептерін, Құран сүрелері мен күнделікті дұғаларды жаттатсам деймін. Орталықтан кейін балапандарымыз қарилар медреселерінде Құран жаттауын жалғастырып, қари атанса деп армандаймын» деп Малика Айтжанқызы жүрек түкпіріндегі тілегін бөлісті.

Бұған біз де тілекшіміз. Балаңыздың жүрегіне кішкентайынан Құран гүлін еккіңіз келсе, есте ұстасын деп орталық жайлы айтып отырған себебіміз де осы. Қарилар көп шығатын Қазақстан болсақ, керемет емес пе?

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

 

«Мұнара» газеті, №3, 2020 жыл

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру