Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАҒБАҒА КІРУГЕ ҚАНДАЙ КЕЗДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ?

Лаура АЛМАХАНОВА muftyat.kz 01.06.2020 1737 0 пікір
ҚАҒБАҒА КІРУГЕ ҚАНДАЙ КЕЗДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ?

2020 жыл бүкіл әлем үшін үлкен өзгеріспен басталды. 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Хубей провинциясы Ухань қаласында пайда болған «коронавирус» атауымен аталған қауіпті вирус бүкіл әлемге тарап, мыңдаған адамның  өмірін жалмады. Бұл індеттің қауіптілігі сонша, ДДСҰ оны пандемия деп жариялады. Көптеген мемлекетте төтенше жағдай режимі енгізілді. Мемлекет басшысының шешімімен елімізде екі айға созылған төтенше жағдай жарияланып, көптеген шектеу енгізілді. Мешіттер уақытша жабылып, мешіттерде жамағатпен оқылатын жұма, тарауих намаздары оқылмайтын болды.  Әлем мұсылмандары қасиетті Рамазан айын карантин кезінде отбасымен бірге үйінде өткізді.

Коронавирус барша мұсылман үшін қасиетті саналатын Меккедегі Қағбаны да айналып өтпеді. 5 наурызда күллі мұсылман әлемінің ұнжырғасын түсірген маңызды оқиға болды. Сауд Арабиясы билігі қажыларды коронавирустық инфекциядан қорғау үшін Қағбаны тауап етуді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Осылайша Мекке мен Мәдинадағы қасиетті жерлер карантинге жабылды. Қағба арнайы қоршалып, дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Түрлі әлеуметтік желіде жарияланған Қағбаның қажыларсыз босап қалған көрінісі жүректерді сыздатып, көңілдерді босатты.  Айта кету керек, қасиетті Қағба белгілі бір жағдайларға байланысты бірінші рет жабылып отырған жоқ. Сіздермен сол тарихи және қайғылы сәттерді еске түсірейік. 

1. 683 жыл. Меккенің бірінші қоршауы. 683 жылдың 31 қазанында, жексенбі күні Язид пен Абдулла ибн әл-Зубайр әскерлері арасындағы қиянкескі шайқас кезінде өрт салдарынан Қағбаның жарты бөлігіне үлкен зиян келді. Осы себепті Қағбаға тауап жасау уақытша тоқтатылды. Кейін Қағбаны әл-Зубайр (р.а.) қалпына келтірді.

2. 692 жыл. Меккенің екінші қоршауы. Араға тоғыз жыл салып, Умейяд әскерлері қаланы қоршауға алды. Қағбаның қабырғаларын катапульттардан атқыланған тастар бұзған еді. Осы кезде әл-Зубайрдың бұйрығымен қалпына келтірілген Қағба ғимаратының қалдығы жойылды. Халифа Абдул Мәлик ибн Маруанның бұйрығымен Қағба Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезіндегі қалпы мен көлеміне келтірілді.

3. 865 жыл. Арафат тауындағы қырғын. Аббаси халифатымен қақтығыс кезінде, әл-Сафак атымен белгілі Исмаил бин Юсуф 865 жылы Меккеде орналасқан қасиетті Арафат тауына шабуыл жасап, қажыларды өлтірді. Бұл оқиға қажылықты уақытша тоқтатуға мәжбүрледі.

4. 930 жыл. Кармат шабуылы. Қазіргі Бахрейн территориясында орналасқан Кармат мемлекеті Мекке мен қажылық бағыттарына үздіксіз шабуыл жасап отырды. Соның салдарынан Меккеге қажылыққа келетін адамдардың саны азая бастады. 930 жылы Ислам ғалымдары адам өмірі мен мүлік қауіпсіздігінің сақталмауына байланысты Меккеге қажылыққа баруға тыйым салды. Сол жылы карматтардың көсемі Абу Тахир әл-Джаннаби Меккеге шабуыл жасап, 10 мыңнан аса қажыны өлтірді. Тарихшылардың айтуынша, карматтардың шабуылы салдарынан 10 жыл бойы қажылық рәсімі тоқтатылған. Карматтар Меккеден кетерінде Қағбаның есігін, Қара тасты қолды қылды. Ұрланған екі зат та жиырма жыл бойы солардың меншігінде болды. Аббасидтер олардың оралуы үшін 952 жылы 120 000 динар төледі. Айта кетейік, карматтар эгалитарлық қоғамға сенетін және қажылықты пұтқа табыну деп есептейтін шииттік исмаилиттік ағымды ұстанды.

5. 983 жыл. Аббаситтер мен фатимидтердің соғысы. Саясат та қажылықтың тоқтатылуына өз әсерін тигізді. 983 жылы екі мемлекет билеушілері – Ирак пен Сирияның аббасидтері мен Мысырдың фатимидтері арасындағы саяси дау-дамай мұсылмандардың Меккеге қажылыққа баруына тежеу болды. Соның салдарынан араға сегіз жыл салып барып, 991 жылы ғана қажылық баруға қайтадан рұқсат етілді.

6. 1629 жыл. Топан су. Нөсер жаңбыр мен қатты су тасқынынан кейін Қағбаның қабырғалары қысымға төтеп бере алмай құлады. Қағбаның құрылысын сол кездегі билеуші ​​Османлы әулеті қайта қалпына келтірді.

7. 1831 жыл. Оба. Қажылықтың уақытша тоқтауына тек қақтығыстар мен кісі өлтірулер ғана әсер еткен жоқ. 1831 жылы Үндістаннан тараған оба ауруы Меккеге жетті. Бұл кезде індет асқынған аймақтарды басып өткен қажылардың төрттен үш бөлігі көз жұмды.

8. 1837-1858 жылдар. Эпидемияның жалғасуы. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде қажылық 3 рет тоқтады. Нәтижесінде қажылар Меккеге жеті жыл бойы бара алмады. 1837 жылы қасиетті қалада тағы да оба індеті тарап, қажылық рәсімі 1840 жылға дейін кейінге қалдырылды.  1846 жылы Меккеде тырысқақ індеті тарап, 15 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Індеттің тарауы 1850 жылға дейін қала тұрғындарына қиындық тудырды. Індет 1865 және 1883 жылдары қайта жалғасты. 1858 жылы жаһандық тырысқақ пандемиясы қаланы тағы бір дүр сілкіндірді. Бұл оқиға мысырлық қажыларды жаппай Қызыл теңіз жағасына қашуға мәжбүр етті. 

9. 1941 жыл. Су тасқыны. Бір апта бойы тоқтамай жауған нөсерден кейін Қағбаны су алды. Алла Тағаланың қалауымен бұл жолы Қағба зардап шекпеді. Алайда тауап жасауды уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Біраз уақыт өткен соң, газет беттерінде 12 жасар баланың тауап рәсімін Қағбаны айнала жүзіп жүріп орындаған суреті тарай бастаған еді.  79 жыл бұрын сол әйгілі фотода Қағбаны жүзіп жүріп тауаф жасаған 12 жасар бала бахрейндік Әли әл-Әуәди оқиғаны кейінірек былайша баяндап еске алды: «Су тасқыны кезінде мен Меккеде білім алып жүрген едім. Бірнеше адамдарды, көліктер мен жануарларды ағынды су шайды. Бірнеше үй мен дүкенді толығымен су басты. Нөсер жаңбырдың соңғы күні ағам Ханет және екі досым Малидің Тимбукту қаласынан келген Мұхаммед әл-Тайиб және Йеменнің Аден қаласынан келген Хашим әл-Бармен бірге мешітке баруды жөн көрдік. Бізбен бірге тунистік ұстазымыз Абдул Рауф та еріп жүрді. Қағбаның маңы суға толы еді. Жақсы жүзетіндіктен, мен тауафты жүзіп жүріп орындауға бел будым. Ағам мен достарым да маған қосылды». Әли әл-Әуәди 77 жасында дүниеден озды.  Айта кету керек, Әли әл-Әуәди Қағбаны жүзіп жүріп тауаф жасаған алғашқы адам емес. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында Зубайр ибн әл-Әууам Қағбаны жүзіп тауап еткені белгілі. Сонымен қатар, осы қатарда Ислам ғалымы Бәдруддин ибн Жамағаның да аты аталады.

10. 1979 жыл. Бұл кезде 200 қарулы адам әл-Харам мешітін басып алып, Сауд Арабиясы Үйі құлатылсын деп талап қойды. Осы уақытта адамдарға Қағбаға кіруге тыйым салынды. Қоршау екі аптаға созылып, нәтижесінде жүздеген адам құрбан болды.

11. 1996 жыл. XVII ғасырда Османлы империясы жүргізген күрделі құрылыс жұмыстарынан кейін Қағбаға құрылыс жұмыстары басталды. 1996 жылдың мамыр айынан қазан айына дейін құрылыс жүрді. Сол кезде Қағба толықтай жабылмаса да, қажылар саны күрт азайды. Байқағандарыңыздай, тарихта қажылық рәсімі бірнеше рет тоқтатылды. Алайда Сауд Арабиясы Корольдігі құрылған 1932 жылдан бері қажылық рәсімі бірде-бір рет тоқтатылмаған еді. Тіпті әлемдегі миллиондаған адамның өмірін қиған 1917-1918 жылдардағы испан тұмауы пандемиясы кезінде де қажылыққа тыйым салынбады.

Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және саңлақ сахабалардың талай қуанышы мен қайғы-мұңына куә болған қадірлі Мекке. Сені сағынып жатқан мұсылмандарға құшағыңды айқара ашар күнді нәсіп етсін. Биыл да қасиетті мекенге қажылыққа аттанып, Қағбаны көру бақыты оны сағынған, көруге құштар болған мұсылмандарға нәсіп болар деген үміттеміз. Ол үшін Жаппар Иемізге көбірек дұға етіп, барлық санитарлық нормаларды сақтап, қауіпті індетті бірігіп жеңуіміз қажет. Індет те адамзатқа міндет жүктеп отыр. Бардың қадірін біліп, жоққа сабыр етуді үйретіп жатқандай...

 

Лаура АЛМАХАНОВА

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі