Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

МҰСЫЛМАННЫҢ БАЙЛЫҒЫ – БІЛІМ

Смайыл СЕЙТБЕКОВ muftyat.kz 30.04.2020 5138 0 пікір
МҰСЫЛМАННЫҢ БАЙЛЫҒЫ – БІЛІМ

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Абай атамыз осы бір шумақпен мағынасы терең ой салуда. Ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға ғибрат.

Алғаш түскен аят «Оқы» әмірімен басталды. Аяттың мағынасын жалпылама алып қарасақ, адам үшін пайдалы болған барлық ілім саласын оқып-үйренуді қамтиды. Тек дін ілімін меңгеру парыз да, зайырлы ілім алу керек емес деу – діннің талабына қайшы.

Алла Тағала Адам атаны жаратып, жер бетінде халифа ететінін періштелерге бұйырғанда, періштелер жер бетінде қан төгетін жаратылыс иесін жаратасың ба деп уәж айтады. Сонда Алла Адам атаға барлық нәрсені үйретіп, періштелерден артық еткен еді. Ислам – ғылым діні, мұсылманды білімге үндейтін дін. Оған дәлеліміз Құран Кәрімде 670 жерде ілім жайында баян етіледі. Құран араб тілінде түсті, бірақ ұлты араб болған жанның баршасы Құранды толық түсінеді деп айта алмаймыз. Өйткені Құранды ілім иелері ғана түсінетінін көптеген аятта айтып өтеді. Мәселен мына аятта: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – деген («Анкәбут» сүресі, 43-аят).

Ислам озық ой мен прогрестің діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Ислам алғашқы күннен адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранды оқып меңгерумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Жаратушының құдіретіне саналы түрде бас идірді. Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмар» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят);  «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттармен қоса өзге де ғылымға үндейтін аяттарды басшылыққа алған мұсылмандар Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғылым-білімге шақырған хадистерін негізге алып білімге ден қойды. Мәселен, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дәуіт); «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни); «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мәжа); «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» (Муслим) деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың сауатын арттыру үшін Бәдір соғысында қолға түскен меккелік тұтқындар ішінде оқу-жазу білетіндерге 10 мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен азаттық бергені белгілі. Пайғамбар мешітінің шетінен қоныс аударып келген жағдайы жоқ сахабаларға арнайы жай әзірлеп, мешітке жинап, іліммен шұғылдануға жұмылдырған.

Исламдағы алғашқы ілім ошағы Масжидул-Набауиден басталған. Уақыт өте әрбір орталық мешітте ілім алқасы құрылып, ғалымдар легі шыға бастады. Ал 830 жылы халифа Мәмунның жарлығымен Бағдат шаһарында әйгілі «Бәйтул-хикма» (Даналық үйі) ілім орталығы ашылды. Онда кітапхана қарастырылып, алғашқы жоғары оқу орны рөлін де атқарды деуге болады.

Ислам діні – ақылды дұрыс қолдануды талап ететін дін. Құран ақли және нақли дәлелдер арқылы адамдарға жол көрсетеді. Құран ілім иелері мен көзі ашық, ақылын әдемі қолдана білген пендені мақтайды. Қате сенім, пікір мен нәпсіге ергендердің ақыры жаман болатынын мына бір аятта баян етеді: «Менің тура жолым осы. Сол жолмен жүріңдер, бұрыс жолға түспеңдер. Олар сендерді құдай жолынан тайдырады. Тозақтан сақтануларың үшін Алла осы істерді өсиет етеді де» («Әнғам» сүресі, 153-аят).

Білім алу, сауаттылыққа ұмтылу нәпіл ғибадат жасағаннан да артық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында былай дейді: «Ей, Әбу Зар! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 рәкағат нәпіл намаз оқығаннан да хайырлы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың ракағат нәпіл намаз оқудан хайырлы» (Ибн Мажа, Муқаддима 16).

Сауатсыздық адамды қала берсе қоғамды құрдымға жетелейтіні белгілі. Құранда бірнеше аятта адамдардың сауатсыздықтан күнәға батқанын айта келе олардың бұл сауатсыздығы олар үшін сылтау болмайтынын білдіреді. Егер сауатсыз болу, білімсіз болу сылтау болғанда Құран сауатсыздығы мен білімсіздігі үшін Аллаға серік қосушыларды үзірлі пенделер деп баяндар еді. Алла Құранда мүшриктерді баяндағанда оларды сауатсыз, білімі жоқ пенделер екенін, алайда бұл кемшіліктері олардың тозаққа түсуіне кедергі бола алмайтынын баяндайды. Сол себепті күпір мен ширктің бастауы – сауатсыздық. Ілім мен хикмет – мүміннің жоғалтқан байлығы, мүмін оны қайдан тапса алуы тиіс. Дүние мен ақырет бақытының кілті – ілім. Ілім –амалдардың ең абзалы.

Тарихқа үңілгенде ұлан-ғайыр жерді алып жатқан Ислам әлемінің ғылыми жетістіктер мәселесінде Андалуссия (Испания) әмәуи халифатына қарасты мұсылмандар өзгелерден озып шыққан. Бағдат пен Кордовадан бастап, Ислам әлемінің қалаларында кітапханалар мен медреселер көптеп бой көтерген. VIII-ХІІ ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан мұсылмандарға жетер ешкім болмаған. Еуропадағы мәдениеттің қалыптасуына, ренессанс пен реформалық қозғалыстарға Ислам мәдениеті зор үлес қосқан. Мұсылмандар тәпсір, қирағат, фиқһ, калам, хадис секілді ислами білімдерді дамытқан. Тәпсірде Табари, Замахшари, Ибн Араби, Фаһруддин Рази, Ибн Касир сынды ғалымдар көзге түссе, фиқһта Әбу Ханифа, имам Малик, имам Шафиғи, Ибн Ханбал сынды ұлы ғалымдар шыққан. Калам саласында имам Ғазали, Ибн Араби өз қолтаңбасын қалдырса, хадис саласында имам Бұхари, имам Тирмизи, имам Муслим, Малик ибн Әнас сынды хадис білгірлері алдына жан салмаған. Мұсылмандар діни білімдермен қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді жаратылыс пәндерін де дамытқан. Әсіресе халифа Һарун Рашид (786-809) пен Мәмун (813-833)  кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламалар жетілген. Айталық, медицинада Әбу Бәкір ар-Рази, Ибн Сина, математикада әл-Хорезми, Ибн Жамшид, әл-Бируни, Омар Хаям, химияда Жабир ибн Хайян, әл-Мақсиди, пәлсапада Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Кинди, астрономияда әл-Баттани, Али Кушжи, тарихта ал-Масуди, әт-Табари, Ибн Халдун, географияда Ибн Баттута, Ибн Хаукал т.б. ғалымдар адамзат тарихында ойып тұрып орын алды.

Тарихқа үңілсек, батыстықтардан бұрын көптеген ғылыми жаңалықтарды мұсылман ғалымдардың ашқанына куә боламыз. Айталық, алғаш күн сағатын ойлап тапқан Жабир ибн Әфлаһ (орта ғасырда), алгебра кітабын жазған әл-Хорезми (780-850), агрономия саласында тұңғыш еңбек жазған Ибн Аууам (ХІІ ғасыр) деп санамалап кете беруге болады. Өкінішке қарай қазіргі мұсылман әлемінің ғылым саласындағы салмағы өте төмен. Ғылым мен технологияда батыстан артта қалып қойды. Сауатсыздық етек алды. Қазақтың көрнекті ғалымы Мұхтар Әуезов айтқандай «Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Шығыс және Батыспен тереземіз тең болуы үшін білімді болуымыз қажет. «Киіміне қарап күтіп алады, ақылына қарап шығарып салады» деген тәмсілді «біліміне қарап құрмет көрсетеді, дұшпаның сенімен санасатын болады» деп түсінсек, қателеспейміз.   

Қорыта айтқанда мұсылман баласы барлық ғылым саласын меңгеруге ден қоюы тиіс. Мәдениет пен өркениетке ұмтылу үшін білім керек. Ал білім алу мұсылманға парыз болса, парызды орындамау күнә болмақ.

 

Смайыл СЕЙТБЕКОВ,

ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру