Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ЖАРАПАЗАН ҚАНДАЙ ЖЫР?

Елдос ТОҚТАРБАЙ muftyat.kz 29.04.2020 6106 0 пікір
ЖАРАПАЗАН ҚАНДАЙ ЖЫР?

Әлі күнге дейін есімнен кетпейтін бір оқиға бар. Ұмытылмас мезет. Сонау бала күнімде еді. Ауылдың ересек балалары біз сияқты бозөкпелерді жандарына ертіп алып, үй-үйді аралайтын. Әр үйдің есігін қағарда әп-әдемі жырлар айтатын. Дидар деген ересектеу көршіміз: «Сендер, сөз арасында былай деп айтасыңдар» деп мән-жайды ұқтыратын. Сөйтіп Дидардың түсіндірген жөн-жосығымен үй-үйді аралап, қалтамыз тиын-тебенге, уысымыз тәттіге бір толатын. Кейіннен білдік, бұл – «Жарапазан жыры» екен. Бала күнімізде құлағымызға сіңген, көңіл жадына әбден орныққан әуен-ді.

Жарапазан дегеніміз – Жаратушы Хақ Тағалаға, Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту. «Баймұхамед үмметіңе жарапазан, Қабыл болсын оразаң ұстаған жан» деген жыр жолдарының өзі –  адамзаттың асылы, он сегіз мың ғаламның сардары болған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтылған салауат белгісі. Ақиқатында, «Жарапазан жыры» – елімізге асыл дініміз Ислам арқылы келіп, бүкіл ұлысқа кеңінен таралып, берік орныққаннан кейін тұрмыс-салт жырларының қатарынан көрініс тапқан діни-фольклорлық мұра.

Қазақтың халық ауыз әдебиетінің тарихи тамырына көз жіберіп қарасақ, жарапазан – дін салты мен ұғымынан туған жыр. Ислам дінінде  мұсылман баласына жылына отыз күн ораза тұту, күніне бес рет намаз оқу, сондай-ақ жоқ-жетімге қайыр-садақа беру секілді міндеттер парыз болып жүктелген. Осы парыздарды халыққа түсінікті жеткізу үшін үгіт түріндегі халықтық поэзияны пайдаланған. Сондықтан дін қағидалары ел арасына халық поэзиясының үлгілері бойынша тарап кетті. Дінді ұғындыру үшін өлең түрінде жеткізу қолайлы көрінген. Екіншіден, біздің қазақ сауықшыл, өлеңшіл, өлең сөзіне ден қойғыш халық емес пе? Осындай қоғамдық жағдайлардан соң жарапазан өлеңдері туған.

Жарапазан өлеңін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, қайыр сұраушылар жаттап алып, айтып, таратқан. Ал жарапазан жырының сөзін «өлең-сөзге таласы бар» қатардағы кісілер шығарса керек-ті. Жырдың жанрлық табиғаты үгіттеу сарынында болған соң, айтушы адам өзінің қолайына қарай сөз ретін ауыстырып қолдана берген. Айтқандай, қазақ жерінің кейбір өңірінде жарапазанды «жарамазан» деп те айтады. Түбі бір туыс ел түріктер мен ноғайлар «жарамазан», өзбек, қырғыздар «жарапазан» деп атайды.

Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «... ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тұсында тұрып, жарапазан өлеңін айтады» деп жазған-ды. Асылында, жарапазан – қасиетті Құран Кәрім түскен айдағы ақ тілекті, ақ ниетті ізгі жыр. Ораза құрметіне айтылған сыйлы мақамның біріне назар аударайық:

– Ассалаумағалейкүм дәуіт, ғалам,

Байларға осы үйдегі бердік салам.

Дін ислам сәлем беріп, сәлем алған,

Қолдасын баршамызды Хақ Тағалам.

 

Мұхамет үмбетіңе жарапазан,

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.

Ұстаған дін-мұсылман рамазан,

Бір келген он екі айда ораза-иман.

 

Ақ үйің айға қарап орда болсын,

Ұл-қызың салауатты молда болсын.

Ораза тұтып барған мұсылманның

Пырағы ұжмақта жорға болсын.

Ақ үйің айға қарап шатыр болсын,

Айтқаным жарапазан ақыл болсын.

Күтпеген Хақтың жолын мұсылмандар,

Тартады қиыншылық бақыл болсын!

Айтамын жарапазан есігіңе,

Қошқардай бір ұл берсін бесігіңе.

Ақ батам менің айтқан қабыл болсын,

Байекең ат мінгізер несібеме, – деп келетін осынау тұрмыс жырының мән-мағынасы өзгеше. Міне, осылай жарапазаншылар ораза айында ел-жұртқа ислам дінінің қасиетін насихаттап, ағайынды имандылыққа шақырып, Алла Тағала тарапынан әмір етілген бес парызды ұстануға үгіттеген.

Еліміз егемендігін алған соң, советтік идеологияның кесірінен көз жазып қалған асыл дініміз тұғырына шықты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, дін саласы жүйелі тәртіппен басқарыла бастады. Жетпіс жыл темір шымылдықтың астында қалған халық мұрасы мен діни сенімнен туындаған дәстүрі қайта жаңғырып, қолданысымызға енді. Кейінгі кезде мешіттерде Рамазан айын ұлықтауға арналған түрлі жиындар ұйымдастырылып, Ислам өркениетін насихаттайтын әдеби-мәдени шаралар жиі көрініс бере бастады. Діни басқарманың ұйытқы болуымен «Жарапазан кеші» деген әдеби-танымдық кеш те өтіп жатыр. Мұның бәрі – елдің береке-бірлігін арттыратын, асыл дініміз бен ділімізді, салт-санамызды кеңейтетін игі істер. Үлкен қалалардың кейбір аумақтарында әлі күнге дейін жарапазан жыры айтылады екен. Ауыл-аймақтан қоныс аударғандардың сеп болуымен жанданған дәстүр жосығы. Біз болсақ, сол шыбық мініп, ирек қамшылап жүрген сәттеріміздегі айтқан «Жарапазан» мадақ жырын сағындық...     

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

«Мұнара» газеті, №8, 2020 жыл

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру