Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

COVID-19: ШЫҚҚАН ПӘТУАЛАРҒА ШОЛУ

Төлеби қажы ОСПАН muftyat.kz 31.03.2020 5161 0 пікір
COVID-19: ШЫҚҚАН ПӘТУАЛАРҒА ШОЛУ

Әлемді шарпыған коронавирусты пандемия деп жариялап, дабыл қаққан соң бірқатар мұсылман елінде жамағат намаздарына қатысты арнайы пәтуалар шықты. Аталған індет кісі көп шоғырланатын орындарда тез тарайтыны ескеріліп, жұма және бес уақыт намазды мешітте жамағатпен оқу уақытша тоқтатылды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бір сұхбатында: «...Ғұламалар кеңесінде жұмаға қатысты пәтуа шығару оңай болмады. Барша дін қызметкерлеріне ауыр тиді. Әрине, бұл уақытша сынақ. Мұндай шешімді тек біз емес, әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері қабылдады. Тіпті кейбір елдер азан шақырған кезде халықты үйде намаз оқуға үндеуде. Мұндай пәтуа шығарудың шариғатта негізі бар. Мақсат – індетті өзгелерге таратпау», – деген еді. Ендеше, Мысыр, Түркия, Сауд Арабиясы және көрші Қырғызстан, Өзбекстан, сондай-ақ, Қазақстан Ғұламалар кеңесі шығарған пәтуаларға шолу жасап, олардың сүйенген дәлелдері мен мәтіндеріне тоқталып өтейік.

  • Пәтуаның шығуына себеп болған ортақ бір дүние бар. Ол – шариғатта қорғауға алынған бес негіздің бірі адам өмірі мен денсаулығын қорғау. Дәрет, намаз, ораза секілді құлшылықтарда да бұл көрініс табады. Мәселен, суық кезде салқын сумен дәрет алмау. Науқас адамдардың Рамазан оразасынан уақытша босатылуы осы негізде жүзеге асырылады. Бұл – Ислам дінінің жеңілдік діні екенінің айғағы. Адамзаттың амандығы үшін Ғұламалар кеңесі бірауыздан осындай шешім қабылдады.
  • Көрші Қырғыз елінің пәтуасында «Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпашылық қаламайды» («Бақара» сүресі, 185-аят) және «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят) деген Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген хадисі басшылыққа алынған (Ибн Мәжа, Дарақутни).
  • Өзбекстан Ғұламалар кеңесі шығарған пәтуада мына дәлелдерге сүйенген. 1) «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят). 2) «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген хадис. 3) Абдулла бин Аббас (р.а.) жаңбыр құйып тұрған күні азаншысына: «Намазға асығыңдар» деген сөзді айтпа, сен оның орнына: «Үйлеріңде оқыңдар», - деп айт», - деді. Жамағат бұған қарсы шықты. Сол кезде ол: «Бұл сөзіме таң қалып тұрсыңдар ма? Бұлай менен де абзал кісі (Алла елшісін меңзеп) істеген. Жұма намазы – ғибадат. Алайда, сендердің езілген лай мен балшықтың үстінде былғанып жүргендеріңді қаламаймын» деп жауап берді. (Бұхари мен Муслим). 4) Фиқһ іліміндегі: «Пайдалы нәрсені алудан, зиянды нәрседен сақтану бірінші тұрады» және «қиындық жеңілдікті талап етеді» деген қағида дәлел ретінде келтірген. Бұл қағидалар – зиянды нәрсе мен пайдалы амал қатар келгенде, әуелі зияннан сақтанудың қажеттігін және адамға зияны тиетін жағдайлар кездескенде шариғат оны жеңілдетуге мүмкіндік беретінін білдіреді. Ауру, індет адамға қиындық, ауыртпалық тудыратынына куә болудамыз. Шариғат мұндай жағдайда оның алдын алу арқылы жеңілдетуге үндейді.
  • Мысырдағы әйгілі «әл-Әзһар» университетінің ғұламалары шығарған пәтуасы «...Шариғатта көзделген маңызды мақсат – адамдарды қауіптен сақтандыру. Ғұламалар кеңесі шариғат жауапкершілігін негізге ала әрі шариғи ілімге сүйене отырып келесі пәтуаны шығарды», – деп басталады. Сүйенген дәлелдері: Мысырлық ғалымдар да Бұхари мен Муслимнің хадис жинақтарында келген сахаба Абдулла ибн Аббастың жаңбыр нөсерлетіп жауған күні мешіт азаншысына «намазға асығыңдар» деген сөздің орнына «намазды үйлеріңде оқыңдар» деп айт деген сахих хадис келтірілген. «Азаншы намазға азан шақырса тек үзірлі адам келмесе болады». Сонда олар: «Үзір дегеніміз не?» – дейді.  Ол: «…қауіптену және сырқаттану» (Әбу Дәуд). Аталған хадис негізінде фиқһ ғалымдары коронавирустың жанға, малға, отбасыға тигізетін қаупі болғаны үшін жұма намазы мен жамағат намазын уақытша тоқтатуға себеп бола алады деген үкімге келеді. «Бір жерден оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сендер тұрып жатқан жерден оба ауруы шықса, онда ол жерден шықпаңдар» (Бұхари мен Муслим). «Кімде-кім пияз немесе сарымсақ жеген болса бізден бөлініп тұрсын» немесе былай деген «мешітімізге келмесін, үйінде оқысын». Хадисте аузын жуса кететін зиян туралы баяндалуда. Соның өзінде мешітке келуден тыюда. Олай болса көпшілік жиналған жерде тез тарайтын жұпалы індет жайлы не айтуға болады?!

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан пәтуаларында келтірілген ортақ дәлелдер: а) «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят). ә) «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» (Ибн Мәжа, Дарақутни).

Қазақстан мен Түркия пәтуаларында келтірілген ортақ дәлел: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс» (Бұхари, Муслим).

Барлық пәтуаларда қабылданған ортақ шешімдерге келер болсақ.

Біріншіден, мемлекет тарапынан төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазын оқуды уақытша тоқтатып, әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтеу ұсынылды.   

Екіншіден, мешіттер жабылмайды, бес уақыт намазға азан шақырылады, алайда бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.

Үшіншіден, жаназа намазын тек жақын туыстарымен, яғни аз топпен өткізген дұрыс.

Төртіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустың таралуына қарсы ресми нұсқаулықтарын толыққанды орындауға шақырған.

Қарап отырсаңыз, қабылданған қарарлардың мәтіні мен дәлелдерінің ортақ болуы – коронавирусқа қарсы күресте жаһан ғалымдарының пікірін бір арнаға тоғыстырып, жұқпалы дерттің әлемге ортақ проблема екенін және сақтық шараларын қолға алу мұсылман жамағатына да ортақ екенін көрсетті. Барлығы да індеттің алдын алу арқылы адамзаттың амандығын қамтамасыз етуге қадам жасады. Бұл пәтуалардың артында Ғұламалар кеңесінің көптеген ғалымдары тұр. Бұл бір-екі шейхтің шешімі емес. Үлкен жауапкершілікті арқалаған ғалымдардың ортақ қарары. Жұма намазын уақытша тоқтату қарапайым намазханның көңіліне қаяу түсірсе, ғалымдар үшін ауыр соққы болды. Бірақ бұл – уақытша ғана бір сынақ. Сақтық шаралары үшін шығарылған шешім. Бастысы – елдің амандығы мен саулығы.     

Һижраның 18 жылы халифа Омардың тұсында Шам аймағында Амуас обасы тарап жатқанда жергілікті әкім Амр ибн Ас ел алдына шығып: «Уа, адамдар! Расында, бұл оба жалындап жанып тұрған от сияқты. Ал, адамдар оның жанатын отыны секілді. Олай болса бөлініңдер! Тауға қарай (бөлініп-бөлініп бір-біріңнен) жырақтаңдар! Осылайша от жалынын алаулататын отын таба алмай, өздігінен сөнеді» деп үндеу тастапты. Адамдар сол сәтте әкімнің сөзіне құлақ асып, топталып жиналмай, тауға қарай тарай бастаған. Көп ұзамай аурудан айығып, адамдар аман қалады.

Ардақты ағайын! Көпшілік орындарға барып, коронавирустың отынына айналмайық. Ел аумағында аурудың одан әрі жайылуына жол бермес үшін тиісті мамандардың кеңестеріне құлақ асайық. Үйден шықпа, үйде бол! Осылайша, өз-өзімізді және айналамызды аурудан арашалайық. Қасиетті жұмамен қайта қауышуды қаласақ, көрсетілген барлық сақтық шараларын жасап, жұқпалы дерттің жойылуын Жаратқаннан тілейік!  

 

Төлеби қажы ОСПАН,

Ақтөбе облысының Бас имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру