Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

18 April 2024

9 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ЮСУФ ҚАРИ: ҚҰРАН ЖАТТАУЫМА ПАЙҒАМБАРҒА ДЕГЕН МАХАББАТ СЕБЕП БОЛДЫ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 20.10.2022 10166 0 пікір
ЮСУФ ҚАРИ: ҚҰРАН ЖАТТАУЫМА ПАЙҒАМБАРҒА ДЕГЕН МАХАББАТ СЕБЕП БОЛДЫ

Тағдыр тәлкегіне мойымай, өмірін спортқа арнап, әлем таныған, қоғам қайран қалған мықты спортшыларымыз бар. Сол секілді көзі көрмесе де, Құранды толық жаттап алған «зағип қари» жайлы естуіңіз бар ма? «Мұнара» тілшісі суқараңғы сырқатына ұшырап, бүгінде қос жанары бірдей көрмейтін қари Юсуф Құрманғазыұлымен сұхбаттасқан болатын.

– Юсуф қари, алдымен өзіңізді оқырман қауыммен таныстырып өтіңізші.

– Түркістан облысы Жетісай қаласының іргесінде орналасқан Құрбан ата ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым осы ауылда өтті, орта мектебін бітірдім. 13 жасымда балалар мен жасөспірімдерде өте сирек кездесетін глаукома дертіне шалдықтым. Негізі суқараңғылық ауыр соққыдан болады немесе тұқым қуалайды. Бірақ менің әулетімде бұл ауруға шалдыққан өзім ғана және ауыр соққы да алмағанмын. Алла Тағаланың берген сынағы деп түсіндім. 2006 жылы 17 жасымда, дәл мектеп бітірер шақта көзім мүлдем көрмей қалды.

– Құран жаттауға қашан кіріскен едіңіз?

– Атам молда болған еді. Сондықтан дін ұстану, намаз, ғибадат – балалық шағымыздан таныс дүние. Балалығымыз бар әрі жол сілтеп, жөн көрсететін ешкім болмағасын ба, намазымызды әйтеуір білгенімізше оқып жүрдік. Кейін 20 жасымда Жетісай қалалық «Өткелбай» мешітінде Умиджон деген тәжік қари ұстаздан сабақ ала бастадым. Екеуміз бірге отырып құран жаттап, қайталайтынбыз. Мен оған дейін де өзім үйде аудиокасета, дисктен тыңдау арқылы сүрелерді жаттап жүрдім. Касетада «Духадан» бастап «Нас» сүресіне дейін болатын. Құлақпен есту арқылы жаттағандықтан, қателер көп болды. «Уад Духаны» «Уад Буха» деп, «Уәш шәмси уәддухәха» емес, «уәдбухәха» деп қате айтып жүргенімді диск арқылы тыңдағанда білдім.

– Құран жаттау қаншалықты қиынға соқты? Көзі көретін адамның өзі жаттағанда қиналады ғой...

– Умиджон ұстазбен әр аятты бірнеше рет қайталап жаттауға тура келді. Ол кісі оқиды, мен соны қайталаймын. Әсіресе сақау «з» мен «зәлді» тыңдаған кезде ажырату қиын, анық естілмейді. Сол секілді жаттаған кездегі түрлі қателерді қайта-қайта түзетіп, ұстазбен ұзақ отыратынбыз. 22 жасымда 2,5 парамен Шымкенттегі «Ықылас» қарилар медресесіне оқуға қабылдандым. Ол жерде Әлішер ұстаздың жетекшілігімен алты ай оқып, жаттаған Құран сүрелерін 4 параға жеткізіп тоқтадым.

Бізде көзі көрмейтін адамға Құран үйрету методологиясы жоқ. Сол себепті медресеге барған кезде де ұстазым «соқыр адамға қалай Құран үйретем» деп уайымдап, ұйықтай алмаған кезі болыпты. Бірақ та менің тыңдау арқылы есте сақтау қабілетім бала кезімнен ерекше болатын. Мұғалім сабақ түсіндірсе, мен оны қайталамай-ақ, келесі сабақта өзіне айтып беретінмін. Үйде де кітапты өзім оқығаннан гөрі анама оқытып, тыңдап отырып жаттап алатынмын. Ойлап қарасам, Алла Тағала мені тыңдау арқылы Құран жаттауға сол кішкентай кезімнен дайындаған секілді.

Жаттау барысында қиналған, ашуланып санақ жасап отырған тасбиғымды лақтырып жіберген кездер болды. Сонда да мойымай, Алла Тағаланың мейірімі, ұстаздарымыздың қолдап-қуаттауымен қарилыққа қадам басқаныма көп шүкір айтам.

– Құранды толық жаттап шығуға қанша уақыт кетті?

– 2012 жылы 1 қазан күні Алматы облысының Белбұлақ ауылында Талғар аудандық мешітіне қарасты «Мұрат Төреқұлұлы» қарилық медресесіне Құранды толық жаттап, қари болуға ниеттеніп, оқуға қабылдандым. Ұстазым Бауыржан Есмырзаев Құран үйретсе, қазір Діни басқармада қызмет етіп жүрген сол кездегі директорымыз Батыржан Мансұров, тәрбиешіміз Мұрат Манапұлы ұстаздар қари болам деген арманыма қанат бітіріп, үнемі қолдап жүрді. Сөйтіп Алла Тағаланың мейірімімен 2014 жылдың 30 қыркүйегінде Құранның 30 парасын жаттап бітірдім. Егер арасында ауырып қалған және Алланың қалауымен қажылыққа барып келген уақыттағы үзілістерді есепке алмасақ, 1 жыл 5 ай уақыт шығады екен. Кейін бір жылдай Белбұлақта жаттаған Құранымды қайталап, Түркияға сапар шектім. Ол жақта сириялық ұстаздар шейх Мұхаммад Амир деген кісіге 19 парадай, шейх Ахмад Муджахидке 11 пара ижазаға тапсырдым. Көзімдегі сырқаттың күшеюіне байланысты Түркияда ары қарай қала алмадым. Елге оралып, жарты жыл дәрігерге қаралдым.

– Қазір жағдайыңыз қалай?

– Сырқатым күшейген соң елге оралдым дедім ғой. Содан емделіп жүргенімде құжат қабылдайтын уақыт өтіп кетіп, 2017 жылы Нұр-Мүбарак университетіне оқуға түсе алмай қалдым. Сөйтіп Белбұлақтағы медресеге қайта барып, тоғыз айдай Құран қайталаумен болдым. 2018 жылы Алланың қалауымен Нұр-Мүбарак университетіне Исламтану мамандығы бойынша оқуға түсіп, биыл тәмамдап, диплом алдым. Сондай-ақ ілім жолын жалғастырып, қазір осы оқу ордасының магистратурасында 1-курста оқимын.

2000 жылдары көзім нашарлап алты рет ота жасаттым. 16 жылдан бері көзім толықтай көрмейді. Отбасын әлі құрмадым. Жақында ғана Тибеттен білім алып келген бір кісі досымның туғаннан бері құлағы естімейтін бауырын емдеп бергенін естіп, мен де қаралған едім. Дәрігер кісі көзімді емдеуге болатынын айтып үміт сыйлады. Қазір ем-шара бастап кеттік. Баршаңыздан дұға етіп қоюларыңызды сұраймын.

– Қарилыққа талпынып жүрген бауырларыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Бұл жөнінде менен көбі сұрайды. Көзім көрмесе де жаттап алғаныма таңырқап, кеңес сұрап жатады. Мұндай жағдайда мен бір ғана кеңес айта аламын. Құран жаттап бастаған шәкірт ұстазының айтқанын орындау керек. Ұстазы қандай әдіс қолданса, сол бойынша жаттап шыққаны жөн. Басқа айтарым жоқ.

– Соңғы сұрақ болсын. Мотивацияны қайдан аласыз?

– Менің Құран жаттауыма қариларға берілетін жәннаттағы сый, дәреже жөніндегі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисі себепкер болды. Адамзаттың асылымен жәннатта көрші болуды ойлап, соған деген махаббаттың күшеюі мені қари болуға талпындырды. Одан кейін құран жаттап жүргенде бастан өткен оқиғалар, өмірлік дәріс болған ұстаздардың сөздері мені алға жетелеп келеді. Шаршағанда, қиналғанда да солар есіме түсіп, қайтадан қадам басамын.

Медреседе оқып жүргенімде ұстаздарымыз он күнге ауылға демалып келуге жіберді. Сөйтіп бір күні ауылдағы үйдің алдында отырсам, жасы тоқсанның төртеуіне келген көрші ақсақал кіріп келді. Амандық-саулықтан кейін әкемді шақырайын деп тұра бергенімде: «Маған әкең емес, сен керексің. Мен үш айдан бері «Ясинді» оқып жаттадым. Бір аста отырып оқысам, маған бір молда оқығанымның қате екенін айтты. Бұлай кете берсем, күнәһар болатынымды айтты», – деп маған сол сүрені тапсыруға келіпті. Ақсақалға құлақ салып отырып, «Ясин» сүресіндегі «мубииин» деген жерін ғана түсіндім. Өйткені ауызында бір тісі жоқ, сол себепті оның Құран түгіл, қазақша сөзін дұрыс түсінбейсің. Әйтсе де сол ақсақал тоқсаннан асса да, бір сүрені жаттап алған. Қатесін түсініп, түзетуге келіп тұр. Ендеше жап-жас болып бізге сылтау айту орынсыз болмақ.

Одан кейін ижаза тапсыруға барғанымдағы мына оқиға есімнен кетпейді. Шейх Ахмад Муджахид ұстазымыз маған ғұлама аш-Шатибидің ижазаға жазған тізбектерін жаттап алуды тапсырды. Мен Құранмен ғана шектелгім келетінін, араб емес екенімді әрі соқыр екенімді айтып сылтаураттым. Сол кезде Ахмад Муджахид ұстазым: «Юсуф, біз саған тек қана жаттап ал деп отырмыз. Біле білсең, имам аш-Шатиби де араб емес, испан ұлтынан шыққан. Сосын ол да сен секілді көзі көрмейтін адам болған. Саған жаттап алу қиын емес», – деп өмірлік мотивация берді.

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

«Мұнара» газеті, №19, 2022 жыл

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру