Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ҚАЙРАТ ҚҰРМАНБАЕВ: ИСЛАМ МЕН БІЛІМ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Айша КЕҢЕСБАЙ "Мұнара" газеті 02.10.2021 1770 0 пікір
ҚАЙРАТ ҚҰРМАНБАЕВ: ИСЛАМ МЕН БІЛІМ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

20 жылда 2000 маман түлеп ұшты

– Елдегі пандемия жағдайына қарамастан білім сапасын сақтап қалу мақсатында биылғы оқу жылында білім ошақтары офлайн білім беруге тәуекел етті. Сұхбатымызды Нұр-Мүбарак университетінің жаңа оқу жылындағы жаңалықтарынан бастасақ...

Биыл университетіміз 80% офлайн, яғни дәстүрлі білім беруге көшті. Атап айтсақ,оқуға түскен 1 курс пен 3-4 курс толықтай офлайн оқып жатыр. Ал былтыр 1 курс студенттері толық офлайн оқыған болатын. Жалпы білім беру мекемелерінің негізгі мақсаты сапалы білім беріп, жан-жақты білікті маман дайындау болғанымен, соңғы жылдары студенттердің денсаулығына ерекше мән беру негізгі талапқа айналды. Сондықтан биыл да санитарлық- эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтау маңызды, 650 орындық жатақханада да барынша санитарлық нормаларға мән беріп отырмыз. Әйтсе де бұл тек бетперде тағып, аудиторияларда арақашықтықты сақтап, антисепик қолданумен шектелмеуі керек.

Студенттер бірнеше ай бойы ортақ аудиториядан білім алып, бір жатақханада тұрған соң, індетті жұқтыру ықтималдығы жоғары болады. Сонымен қатарстуденттердің көпшілігі өзге аймақтардан, ауылдардан келгендіктен, оларға психологиялық демеу жасап, иммунитетін көтеру үшін ас мәзіріне мән беріп, салауатты өмір салтын сақтау шараларын арттыруқажет. Сондай-ақ қашықтан білім беру жүйесі де жолға қойылғандықтан, оны да тиімді қолдануымыз керек.

Нұр-Мүбарак университеті діни салада бірнеше мамандықпен қатар тіл мамандарын да даярлайды.Жыл сайын мемлекет тарапынан қанша грант бөлінеді? Қай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Алғашқы жылдары университет исламтанушыларды өз күшімен дайындаса, бүгінде дін мамандарынамемлекеттік білім гранттары бөлініп келеді. 2011 жылы исламтану мамандығы мемлекеттік мамандықтар классификаторы тізіміне еніп, 100 грант бөлінді. Кейін грант саны 400-ге дейін көбейтілді. Былтыр Білім және ғылым министрлігі тарапынан – 300, биыл 200мемлекеттік грант бөлінді.Осы 200 гранттың 180-ніне біздің университетке тапсырған талапкерлер ие болды. Сондай-ақ шетел тілі: екі шетел тілі мамандығына тапсырған қос талапкер грант жеңіп алды. Біздің негізгі контингент исламтану болғандықтан, талапкерлердің дені осы мамандыққа тапсырады. Әйтсе де соңғы жылдары теология, дінтану мамандықтарына тапсырушылар артып келеді әрі бұл мамандықтарға сұраныс жоғары. Мемлекеттік гранттардан өзге әр аймақ болашақта түлектерді өздеріне жұмысқа тарту мақсатындақосымша 10-15 гранттан бөліп отырады. Сондай-ақ ақылы бөлімге түсетін студенттер де бар болғандықтан,олардың жағдайын ескеріп, оқуақысын өзге университеттерге қарағанда әлдеқайда арзан әрі қолжетімді болуына мән беріп отырмыз.

Жалпы кез келген адам үшін мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі оның болашақ өмірі осы таңдаған мамандығымен тікелей байланысты.Сондықтан түлектерді жұмыспен қамту – еліміздегі барлық университеттер үшін маңызды.Бұл тұрғыда Нұр-Мүбарак университетінің  90%-дан астам түлегі жылда жұмыспен қамтылады. 20 жыл ішінде 2000-нан астам маман түлеп ұшса, оның 70%-ыҚазақстан мұсылмандары діни басқармасы саласында қызмет атқарады. Одан бөлек мемлекеттік құзырлы мекемелерде, ғылыми, діни зерттеу орталықтарында еңбек етіп жатқан түлектеріміз бар. Араб, ағылшын тілдерін меңгерген түлектеріміз дипломатия саласында қызмет атқаруда. Сондай-ақ білімін магистратура, докторантурада жалғастырып, диссертациясын қорғап, еліміздегі дін ғылымының алға жылжуына атсалысып жатқан түлектеріміз бар.

 

10-ға жуық докторлық жұмыс қорғалды

Біздің білуімізше, ТМД көлемінде үш сатылы білім беру бағдарламасы бар бірегей діни жоғары білім ордасы – Нұр-Мүбарак университеті. Осы тұрғыда университеттің қандай әлеуеттерін атар едіңіз?

–2012 жылы магистратура мен докторантурағагрант бөліне бастады. Бұл – үлкен жетістік. Себебі біз отандық ислам, дін саласының ғалымдарын даярлауға қол жеткіздік. 2015 жылдан бері 10-ға жуық докторлық жұмысқорғалды, әлі де қорғау процесінде 50-ден астам ғылым ізденушілер бар. Бұл қазіргі зайырлы қоғамымызда дінге бірбеткей көзқараспен қарайтын жандар үшін діннің, оның ішінде исламның ғылыми негізге құрылғанын дәлелдейді. Биыл да докторантураға 9, магистратураға исламтану, дінтану бағытында 51 мемлекеттік грант бөлінді. Одан үміткер талапкерлер де аз болмады, мысалы магистратураға 100-ге жуық адам құжат тапсырды. Бұл ғылым ізденушілер  еліміздің дінмен астасқан тарихы мен салт-санасын, ұстанымын, әлемдік мұражай-мұрағаттардағы ата-бабаларымыздың қолжазбаларын саралап, зерттеп, бүгінгі күніміз бен болашақты бағдарлауға ғылыми негізде сараптама береді деген сөз. Бұл қазіргі қоғамда заман туындатқан үлкен түйткілдер мен сауалдарға ғылыми тұрғыда баға беругезор мүмкіндік.

Қазір әлемде дінге деген бетбұрыс күшейді. Одан Қазақстан да шет қалмайды. Нұр-Мүбарак университеті Мысыр мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісіммен құрылған жоғары білім ордасы болғандықтан беделі де жылдан-жылға артып келеді.Шетелдік 17 әріптесіргелі  университетпен келісімшарт, меморандум жасалды. Олармен тығыз байланыстамыз.Студенттер мен магистранттардың осы оқу орындарында семестрлік білім алуына мүмкіндік жасалды.

Мысырдағы мыңжылдық тарихы бар әйгілі әл-Азһар мен өзге де озық университеттерден исламтану, араб тілі бойыншаарнайы келісімшартпен келіп дәріс беретін ғылым докторларының саны қазір 20-ға жетті. Бұл – орасан жетістік әрі мүмкіндік.Себебі қай ғылым саласы болмасын шетел аспай-ақ шәкірттердің өз елімізде ғылымның қайнаркөзінен сусындаған ғалымдардан дәріс алуы барлық жағынан тиімді. Сондай-ақ отандық ғалымдарымызды жұмысқа тартып, профессор-оқытушыларқұрамын арттырдық. ТМД елдерінің ешбірінде исламтанудың әр бағытын терең зерттеген бірнеше ондаған араб ғалымыдәріс берген емес. Ал бізде әр университеттің аймақтардағы дайындық курстарында араб ғалымдары дәріс береді. Исламтануды мемлекеттік бағдарлама негізінде оқытып, мамандар даярлауда жүйелі үш сатылы білім беріп отырғандығымыз үлкен жетістік. Сондықтан көрші елдердегі әріптес оқу орындары бізбен қарым-қатынас орнатуға құмбыл. Осы мүмкіндікті біз де бағалай білуіміз керек. Исламтану ғылымы – сан салалы. Ақида, фиқһ, Құран тәпсірі, хадис секілді исламтанудың іргелі ілімдері мен араб тілінен елімізде мамандар әлі де тапшы. Бұлар біздежаңадан қалыптасқан сала болғандықтан, Мысыр елінің көмегіне әлі де жүгінеміз. Ал жастарды шетелдің діни оқу орындарына жіберудің зардабы татқанымызды ескерсек, әлемдегі діни-саяси жағдайлар жастарымызды жат ағымдар арбауынан қорғауды талап етеді. Мысалы, Ливия араб мемлекеті бұрынғыдай студенттерді қабылдамайды. Сауд Арабиясындағы діни жоғары оқу орындарымен байланыс құруда сақтықты талап етеді. Сондықтан діни мамандарға сұраныс артқандықтан, оларға дәріс беретін жоғары білікті мамандар ауадай қажет. Қазір бізде шетелдік, отандық ғалым оқытушылармен қатар, өзіміздің төл түлектеріміз дәріс беруде. Университеттің Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығында қызмет етіп, өзге де университеттер мен орталықтарда ғылыммен шұғылданып, тәжірибе шыңдаушылардың бар екенін атап өткім келеді.

 

9 қабатты оқу ғимаратының құрылысы басталды

– Биыл Нұр-Мүбарак университеті 20 жылдық белесіне айтарлықтай жетістіктерімен қадам басты.Университет елге танымал дін ғалымдары шоғырланған, белгілі исламтанушы, теолог, дінтанушыларды тәрбиелеп, еліміздің діни тұрақтылығы үшін атсалысып келеді. Оқу орнының алдағы мақсат-міндеттері жайлы бөлісе кетсеңіз?

– Нұр-Мүбарак университеті 20 жылдан бері Қазақстан қоғамында дінмамандарын даярлап қана қоймай, дін саласындағы бірегей университетке айналды. Алғашқы кездегі және қазіргі жағдайдың айырмашылығы болғандай, университетті алғашқы жылдарыбітірген және енді бітіріп жатқан түлектердің де айтарлықтайайырмасы бар.

Әлемде исламофобия күшейсе де дінге бетбұрушылар көбейіп келеді. Діни мамандыққа ұмтылған талапкерлердің де қатары жылдан-жылға көбейіп отыр. Бұл нені білдіреді? Біздің қоғамда дінді білгісі келетін, оқығысы келетін жастар бар деген сөз. Мұны жыл сайын оқуға тапсыратын талапкерлердің қатарының артқанынан аңғаруға болады. Осыны ескеріп, елдің ертеңін алыстан бағдарлап, ислам университетінің ашылуына себепші болып, дамуына атсалысқан ағаларымызға арнап жаңа технологиялық құралдармен жабдықталған арнайы аудиториялар аштық.

Атап айтсақ, еліміздің тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы атындағы аудитория ашылды. Еліміздің ғылым саласында өлшеусіз еңбек етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болған кезінде отандық діни кадрларды даярлаудың маңызын ерекше назарға алған академик Әбсаттар қажы Дербісәлі де наурыз айындаөзінің атындағы жаңа аудиторияның тұсауын кесіп, алғысын жаудырған болатын. Мысырлық ғалымдар да 20 жылдық мерейтой аясында тұңғыш ректор, 14 жыл бойы Нұр-Мүбарак университетінің дамуына атсалысқан академик Махмуд Хижази атындағы аудиторияның ашылуына қатысып, тәнті болды. Мұның барлығы ғалымдарымызды көзі тірісінде еңбегін бағалап, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, әрбір шәкірт университетке еңбегі сіңген ғалымдарымыздыөздеріне үлгі етсе, тарихтан тағылым алып, құрметтесе деген ғибратпен жасалып жатыр.

20 жылдыққа арналып халықаралық дәрежеде ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Алыс-жақын шетелдер мен халықаралықұйымдардан 60-тан аса құрметті ғалымдар, дін саласының лауазымды өкілдері офлайн, онлайн форматта қатысты. Олардың баяндамаларын қызметкерлеріміз бен студенттеріміз 5 тілде тікелей синхронды аударма жасады. Бұл да болса университеттің жетістігін көрсетеді.

Университеттің даму жоспарына келсек, болашақта діни біліммен қатар Ислам экономикасы, журналистика, әлеуметтану секілді маңызды салалар бойынша мамандық ашу ойымызда бар. Қазір біздің университетте білім алушылар саны 2000-ға жуықтады.Оқу кешенінің тарлығы, аудиториялардың жетіспеушілігі байқалуда. Сондықтан соңғы 2-3 жылдан бері 20 мың шаршы метркөлемдегі 9 қабатты оқу ғимаратының жобасын  жасап, құрылысын бастадық. Құрылыс «Білім-Қазына» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен халықтың қолдауы, жомарт жандардың демеушілігімен жүріп жатыр. Университеттің дамуына халықтың да тілеулестігін аңғарған сайын бізге артылған ел алдындағы, болашақ алдындағы жауапкершіліктің жүгін сезінеміз.

 

Дін мен ғылымды қарсы қою – қателік

– Діни білімге осынша көңіл бөлінуі дінге сыңаржақ көзқараспен қарайтын, яғни дін мен ғылымды қарсы қоятын жандар үшін бұл «қауіп» болып көрінуі мүмкін. Бұл жайлы көзқарасыңыз қандай?

– Рас, діни білімге ұмтылушылармен қатар дінге догмалық көзқараспен қарайтындар да бар. Дін мен ғылымды бір-біріне қарсы қою – қателік. Исламның ғылымға қайшы келмейтінін орта ғасырларда мұсылман ғалымдар дәлелдеп кеткен. Медицина, физика, астрономия секілді жаратылыс ғылымдарында теңдессіз жаңалықтар ашып әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосқан ортағасырлық ғалымдар Еуропадағы ренессансқа себеп болды. Ислам дінінің басты тіректері қасиетті Құран мен сүннетті алсақ, білім-ғылымға үндейтін бірнеше жүздеген аяттар, хадистер бар. «Оқы» деп басталатын алғашқы түскен аяттан бастап, ілім жолында сапарға шығу, ғалымдардың артықшылығы, ілім мәжілістерінің ерекшелігі секілді өте көп хадистер жеткен.Хадистерде діни білімді ғана емес, дүниелік істерде қажетті білім алуды да құпталады. Сондықтан ислам мен білім егіз ұғым ретінде қаралады, тіпті адамзатқа пайдалы кез келген ілім парыз, міндетті ілім ретінде саналады. Себебі діннің түпкі мақсаты – адамның кемелдікке жеткізіп, өркениетті қоғам қалыптастыру. Қасиетті Құранда «Алла Тағала иман келтіргендер мен ілім иелерінің дәрежесін көтереді» деген аят бар. Бұл жерде иман келтірген не болмаса ілім берілгендер деп жеке-дара шектелмеген. Алланың берген қабілетін адамзат игілігіне жарата білу үшін де иман керек. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі де осыны меңзейді, яғни имани дұрыс бағыт-бағдар болмаса, ілімді адамзатқа теріс жолға қолдану мүмкін. Ыбырай Алтынсарин «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деп иманның артықшылығын алға тартқан. Өйткені оқу, білім иманмен нұрлану керек. Иман тек Аллаға сеніммен шектелмейді, оның 70-тен астам бөліктен тұратыны хадистерде айтылады. Біздің салт-санамызсан ғасыр бойы иман бөлімдерін қамтып, қанымызға сіңген. Иманы бар адам алған ілімін имандылық қасиеттермен, адалдықпен дұрыс жолда қолданады. Ол дін саласында қызмет етпесе де білімі мен білігін адамзат пайдасына асырып, өзінің нәпақасын адал тауады, сол арқылы қоғам да дұрыс дамиды.

– Біздің қоғамдатек діни біліммен шектелуді ұстанатын топтар бар. Бұлардың ұстанымы жайлы не айтасыз?

– Бұл – адамның өзіне ғана емес, қоғамның дамуына да кері әсер ететін фактор.Ислам атын жамылған жат ағымдардың зиянының бір көрінісі. Себебі дінді дұрыс түсінбей, білмей тұрып, жалпы оқып дамуға қарсы көзқарас– бүгінгі әлемдегі көптеген мұсылман орталарға тән тенденция. Сондықтан Құрандағы «Жындар мен адамдарды тек Маған құлшылық ету үшін жараттым»(«Зәрият» сүресі, 56-аят) дегенді біз тек құлшылық үшін жаратылдық деп шектейтіндер аз емес. Адамның жаратылудағы мақсатының бірі – жасау, құру, дамыту, жер бетінде Алланың бекіткен заңдылықтарын игеріп адамзат игілігіне жарата білу, жаратылыс игілігіне пайдалану. Ол үшін бізге ілім керек, біліммен ғана біз жасаймыз, дамимыз. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, Ислам тарихынан да көре аламыз. Сондықтан біз бірінші кезекте өзіміздің рухани дамып, кемелденуіміз және сол арқылы қоғам, ел, мемлекет болашағына білімге сүйеніп үлес қосуүшін ілім аламыз.

Құран мен хадисте ілімге ынталандыратын, адамның өмірін сақтап, дамуына үлес қосуға шақыратын керемет мотивациялық мәтіндер бар.«Ілім алу – ер мен әйелге де қатар парыз»делінген. Бұл жерде әуелі Алланы тану үшін діни білім маңызды. Сондай-ақ қоғам, ел, адамзат пайдасына жарайтын қажетті ілімде парыз. Әрине уақыт, кеңістік, адамына қарай өзгеруі мүмкін. Кейде ол кифая парыз болуы мүмкін. Мысалы медицинаны алсақ,адам өмірін сақтау – шариғаттың асыл мақсатының бірі. Ал адам өмірін сақтаудағы ғылым саласы – медицина. Оны білу, адам өмірін сақтау – ол да парыз, бірақ елдің бәрі дәрігер бола бермейді ғой. Бірақ қоғам үшін дәрігерлер өте қажет. Діннің негізгі мақсаты – адам. Қандай үкім болмасын, негізгі зерттеу нысаны – адамның қауіпсіз ғұмыры, адамның адаммен қарым-қатынасы.Адам арқылы қоғам қалыптасады. Бүгінгі әлемдегі орын алып отырған зұлымдықтар – білім иелерінің иләһи дін талаптарынан алыстап кеткенінің көрінісі. Сондықтан біздің Нұр-Мүбарак университеті дайындап жатқан мамандар барлық ілім иелерінің дұрыс бағытта жүруіне жол сілтейтін пайғамбарлар мирасқорлары деп те айтуға болады.

 

Сұхбаттасқан Айша КЕҢЕСБАЙ

«Мұнара» газеті, №17, 2021 жыл 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі