Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

29 March 2024

19 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Төрәлі ҚЫДЫР: ДІЛ КЕТСЕ, МҰСЫЛМАНШЫЛЫҚ ЖОҒАЛАДЫ

Серікбол ХАСАН "Мұнара" газеті 25.03.2021 7047 0 пікір
Төрәлі ҚЫДЫР: ДІЛ КЕТСЕ, МҰСЫЛМАНШЫЛЫҚ ЖОҒАЛАДЫ

Дін деген не, діл деген не? Не үшін қазақ мәдениетінде дінмен бірге діл ұғымы қатар аталады? Жалпы исламдық таным мен түркілік рух қалай тұтастанды? Олар ортағасырлық шығармаларда қалай көрініс тапты. Осы және басқа да сауалдар төңірегінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ежелгі дәуір әдебиеті және түркология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдырмен сұхбаттасқан едік.

 

ДІН МЕН ДІЛ

 

– Біздің қазақта дін мен діл ұғымы қатар жүреді. Дін дегені түсінікті, ал діл дегеніміз не? Екеуінің қандай байланысы бар?

– Орта ғасырларда жүректі үш түрлі атаумен атаған. Арабтар «қалб», парсылар «дил» деген. Ал түркілер «йүрәк», яғни жүрек деген. Ол уақытта осы үш термин қатар қолданылды да, бертін келе «дил» яғни «діл» деген термин алға озды. Ғалымдар мұны былайша түсіндіреді. «Қалб», яғни жүрек жануардың бәрінде бар. Ал «діл» адамда ғана болады. Алайда әу баста үшеуінің де міндеті бірдей болған. Үшеуі де жүрек деген ұғымды білдірген.

– Демек «діл» иманы бар жүрек болғаны ғой?

– Әрине, діл деген – жүрекке сіңген иман. Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани секілді ортағасырлық шайырларда, қарахандықтар, алтынордалықтар кезіндегі жазба әдебиеттің бәрінде «діл» термині қолданылады. Парсы әдебиетінде де сондай. Олар өз нәпсісіне үндеу жасаған уақытта «Ей, діл!» деп қайырылған. Қазақта «мұсылманшылықта тілмен айту жеткіліксіз, оны ділмен бекіту керек» деген сөз бар. Демек тілмен айтып, жүрекпен тасдиқтау, яғни мөрлеу керек. Дін тасдиқталатын болса, ешқандай жасандылық болмайды.

– Тасдиқ дегеннен шығады, Хәкім Абайдың біз білетін отыз сегізінші қара сөзі «Китаб тасдиқ» деп аталады. Тасдиқтың сөзінің мағынасы қандай?

– Абай жазған «Китаб тасдиқ» – жеке трактат. Тасдиқ дегеніміз – ділге иманды шегелеп бекіту деген сөз. Иманды ділге бекіткен кезде кемелдік ұстындары алға шығады. Қазақтың тіл мен ділді қатар айтуы бекер емес. Себебі тіл кетсе, ұлт жоғалады. Ал діл кетсе, мұсылманшылық жоғалады. Көпшілігіміздің тілімізде иман бар. Ділімізде қаншалықты иман орнықты? Міне, сондықтан ділдің құзіреті тереңде. Ғұламалар «ақылдың бүкіл жиынтығы – ділде» деген. Егер ділі жақсылыққа бейім болса, адамның ойлау жүйесі жақсарады. Жамандыққа бейім болса, сана-сезімі жамандыққа жол ашады.

– Дін мен ділді қабыстырып, ұштастырудың қандай амалдары бар?

– Біздің қазақтың мұсылманшылығы әдет-ғұрпымыз, мәдениетімізге сіңіп кеткен. Ал бүгінде кейбір жастарымыз діннің сыртқы формасын ғана қабылдайды. Сондықтан оның сөзінен, іс-әрекетінен жасандылық байқалып тұрады. Ол – иманды жүрекке бекіте алмағанының белгісі.

Өкінішке орай 90-жылдардың басында елімізге әртүрлі ағымдар келді. Олар ішкі жан дүниені ысырып қойып, тек сыртқы кейіпке көбірек мән берді. «Адамның түр-тұлғасы соған бейім болу керек» деген ұғым қалыптасты. Содан сақал мен балақ мәселесі алға шыға бастады. Біраз жастарымыз соған алданды. Иман кәміл болу үшін алдымен әдеп керек. Мәулананың «Адам ерте ме, кеш пе, өз алтын қазығын табады» деген сөзі бар. Соңғы жылдары жастарымыздың қайтадан дәстүрлі дінге бет бұрып жатқаны бізді қуантады. Діл таза болмаса, дін жемісін бермейді. Адамның тілі қанша көркем сөйлегенімен де, ділімен бекітпесе, Абай айтқандай, кемелдік ұстындары толық қалыптаспайды.

 

ИМАМ АҒЗАМ МЕН ИМАМ МАТУРИДИ

 

– Тарихқа жүгінсек, Мәурәннәһірде фиһқ мектебінің бірнеше мектебі болғаны белгілі. Бабаларымыздың соның ішінен Ханафи мазһабын таңдауына не себеп болды?

– Қарахандықтар тұсында бабаларымыз Ислам дінін қабылдады. Ол кезде Мәурәннәһір өлкесі мен Дешті Қыпшақ даласында Шафиғи мен Ханафи мектебі қатар түлеп тұрған болатын. Бабаларымыздың Ханафи мазһабына ден қоюының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, Имам Ағзам Әбу Ханифа осы аймақта көбірек үгіт-насихат жүргізді. Оның шәкірттері жағрафиялық тұрғыдан осы топырақта белсенді қызмет атқарды.

Екіншіден, оқығандар, ақыл иелері екі мазһабты таразыға салып қарағанда Ханафи мазһабының бірнеше артықшылығы бар екеніне көз жеткізді. Яғни Ханафи мазһабы даулы мәселелерде әдет-ғұрыпқа жүгінуге мүмкіндік берді. Кез-келген мәселеде ижмағқа сүйену, белгілі бір мәселені ақыл таразысына салып қарауға кеңшілік берді. Ханафи мазһабының жергілікті халықтардың әдет-ғұрпымен санасуы, түркі жұртының осы мектепті қабылдауына себеп болды.

Үшіншіден, түркілер «Фиқһ әл-Акбар», «Фиқһ әл-Абсат» секілді үлкен еңбектер қалдырған Ислам әлемінің ғұламасы, ұлық имам Әбу Ханифаны құрмет тұтып, фиқһ мектептері ішінде Имам Ағзам жолын өздеріне жақын тартты.

– Ал ақидада Матуриди мектебін таңдауға не себеп болды?

– Имам Ағзам мектебі Мәурәннәһір, Хорасан, Дешті Қыпшақ даласында кеңінен жайылды. Ғалымдар Имам Ағзамның фаһиқ болудан бұрын ақида мәселесімен айналысқанын айтады. Себебі оның «Фиқһ әл-Акбар» кітабында шариғи ғана емес, ақида мәселелері де қамтылған болатын.

Имам Матуриди осы Мәурәннәһірде дүниеге келді. Ғалымдар Имам Матуридидің фиһқта Имам Ағзам жолымен жүргенін, осы мектеп ғұламаларынан көп дәріс тыңдағанын айтады. Сондықтан оның ақидасы бабаларымыздың таным-сеніміне өте жақын келді.

Біріншіден, Имам Матуриди ақидасында Алланың барлығы мен бірлігін ақылмен табу, жақсылық пен жамандықты ақылмен айыра білу, Алланың кез келген нәрсені жаратуының астарында хикмет барын сезіну секілді дүниелерге ерік берілді.

Хикмет сырына үңілу – ғылымға жетелейтін жол. Кез келген жаратылыс астарынан хикмет іздеу мәурәннәһірлік, хорасандық мектепте үлкен рөл атқарды. Ислам өркениетіне араб, парсы ғалымдарымен қатар, Самарқан, Бұқара, Шаш, Қашғарға дейінгі жерлерді мекендеген түркі ғалымдары да үлкен үлес қосты. Олар Алланың әр жаратылысының хикметін іздеді. Түркі ғалымдары дін саласында ғана емес, ғылымның барлық саласында алғы шептен көрінді. Ұлықбектің обсерватория салдыруы, Ибн Синаның медицинаны зерттеуі секілді ғылымға бетбұрыстың бәрі хикмет іздеуден туындады.

Екіншіден, Имам Матуриди ақидасында Ихсан іліміне, яғни жүректің тазалығына, адамның өзін кемелдендіруіне мән берілді.

 

ТҮРКІЛІК РУХ ПЕН ИСЛАМИ ТАНЫМ

 

– Бір сұхбатыңызда «Алтын орда дәуірінде түркілік рух пен Ислами таным тұтастанды» деген болатынсыз. Осы ұғымды талдап түсіндіріп берсеңіз.

– Дешті Қыпшақ даласына Шыңғыс ханмен бірге келген бірнеше түркі тайпасы ХІІ ғасырда Исламға бет бұрды. Түркілер атқа қонғанда олардан асқан ержүрек халық жоқ. Түркілер сол рухпен Ислам дінін қабылдады. Нәтижесінде Алтын орда атты алып мемлекет дүниеге келді.

Берке ханнан бастап Алтын орданың хандары Ислам ғұламаларына кеңінен орын берді. Соның арқасында түркілік рух, яғни түркілердің әскери қуаты, әлемді жаулап алудағы ерік-жігері, мемлекет басқару ұстанымдары шариғат талаптарына негізделді. Түркінің ұлттық коды саналатын аңыз-әпсаналары, фольклоры, ырым-тыйымдар, нақыл сөздері, мақал-мәтелдері Ислам танымымымен тұтастанды.

– Бұған сол уақыттағы жазба ескерткіштерден қандай мысал келтіруге болады?

– Түркіден шыққан Бұрһануддин Рабғұзидің 1310 жылы жазылған «Қиссасул-әнбия» деген әдеби шығармасы бар. Түркологтар тарапынан ең көп зерттелген еңбек. Осы шығармадан исламдық таным мен түркілік рухтың тұтастанғанын байқауға болады.

Мысалы Наурыз мерекесін алайық. Ол – көшпелі халықтардың бәріне ортақ мейрам. Рабғұзи Жүсіп (ғ.с) пайғамбар жайлы қиссасында Наурызды керемет суреттей білген. Жүсіп пайғамбардың көрікті жігіт, яғни сұлулықтың нышаны болғаны белгілі. Қасиетті Құранның өзінде де Жүсіп қиссасы «Қиссә әжмәл» яғни «Ең көркем қисса» деп аталғанын білеміз. Рабғұзи осы шығармасында көктем мезгілінде айнала төңіректің әдемілікке оралатынын айта келіп,  Жүсіп пайғамбар қиссасында көктемнің нышаны болған Наурыз мерекесін де қоса суреттеген. Яғни, Құрандағы Жүсіп пайғамбар бейнесі мен түркілік Наурыз мерекесі сәтті ұштастырылған. Сондай-ақ ел арасына кеңінен тараған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Көгершіннің аяғы неге түкті?» деген секілді аңыз-әпсаналар да Нұх пайғамбардың қиссасында әдемі  таратылып берілген. Яғни, бұл шығармадан түркілік  аңыз-әпсаналардың пайғамбарлар қиссасымен астарласып берілгенін көремз. Рабғұзидың бұл туындысы – нағыз діни шығарма. Себебі бұл қиссаларда жиырма бес пайғамбардан бастап, Хазіреті Хасан мен Хүсейіннің шейіт болғанына дейінгі оқиғалардың бәрі қамтылған. Бұл шығарманың құнды болуының басты себебі де, дін мен дәстүрдің қатар өрілгенінде жатыр. Сондықтан да бұл еңбек 700 жыл бойы ұмытылмай біздің заманымызға дейін жетті. ХХ ғасырдың басында Қазандағы баспаханалардан бірнеше рет кітап болып басылды.

– Алтын орданы Берке, Мысырды Бейбарыс билеген тұста туыстас екі ел арасында үш ғасырға созылған дипломатиялық байланыстар болғаны белгілі. Сол уақыттағы діни байланыстар қандай деңгейде болды? Ханафи мазһабы қай елде көбірек қанат жайды?

– Аббасидтер тұсында, фатимидтер кезінде Мысыр шиғалық танымда болды. Мысыр билігіне мәмлүк қыпшақтары келген кезде Ханафи мазһабына кеңірек көңіл бөлінді. Сөйтіп бұрынғы фатимидтердің ықпалы азайып, шиғалық танымның аясы тарылды.

Бұл уақытта Дешті Қыпшақ даласында да Ханафи мектебі жанданды. Екі елдің арасында тығыз қарым-қатынастар орнаған кезде Мысырдың мәмлүк қыпшақтары мен Алтын орданың түркілері бауырластық байланысты күшейте түсті. Бұған сол уақыттағы зиялылардың да әсері болды. Алтын ордада Құтыбтың «Хұсрау-Шырын» шығармасы жазылды. Ғалымдар бұл шығарма Сығанақта бастап жазылып, нүктесі Мысырда қойылған дейді. Сол секілді Алтын орданың тағы бір шайыры Сәйф Сараидің «Гүлстан бит-түрки» шығармасы Сарайда басталып, Мысырда аяқталған болатын.

Құтыбтың «Хұсрау-Шырынын» көшіріп, қағазға түсірген қыпшақтан шыққан Берке Факих деген хаттат болған. Ол Мысыр сұлтандарына арнап «Иршадул-мулук уәс-сәлатин» яғни «Патшалар мен сұлтандарға тарту» деген көлемді еңбегін жазған.  Бұл еңбекте Ханафи мазһабының шарғи мәселелері кеңінен қамтылған болатын. Имам Ағзамның сара жолы талданған бұл еңбекті Мысыр сұлтандары жастанып оқыған. Жәй ғана оқып қоймаған, сол бойынша амал етіп, қоғамда Ханафи мазһабының кең етек жаюы жолында бар күш-жігерін жұмсаған. Содан Хорасан, Мәурәннәһір һәм Дешті Қыпшақта негізгі амал мектебіне айналып үлгерген Ханафи мазһабы Мысырда да кеңінен насихаттала бастады. Ханафилік бағытты ұстанған ғалымдардың қадірі артты. Қоғамның назары осы амал мектебіне ауды. Шиғалық таным қоғамнан шеттей бастады.

Әдетте, екі елдің арасында шынайы қарым-қатынас орнауы үшін екі нәрсе қажет. Генетикалық туыстық пен рухани тұтастық. Мысырды билеген түркілер мен Дешті Қыпшақтағы түркілердің тілдік тұрғыдан қыпшақ тобынан болғаны олардың туыстық қарым-қатынасын жақындатса, екі ел билеушілерінің бір мазһабта болуы, рухани тұтастықты одан әрі дамытты. Бертін келе Мысырдың Осман империясының қарауы нәтижесінде Ханафи мазһабы тамырын одан әрі тереңге жіберді. Содан бері жағрафиялық тұрғыдан Солтүстік Африкада орналасқан Мысырдағы «Әл-Азһар» діни оқу орны Ханафилік мектептің негізгі қайнар бұлақтарының бірінен саналып келеді.

 

 

ҚАРАХАНДЫҚТАР МЕН АЛТЫНОРДАЛЫҚТАР

 

– Қарахандар тұсындағы әдебиеттер негізінен араб тілінде жазылғанын айтып өттіңіз. Жалпы түркі тіліндегі діни әдебиеттер қай кезден бастап қолға алынды?

– Хазіреті Әлиден кейін таққа отырған омеядтар әулеті 130 жылдай билік құрды. Олардың жетістіктері көп болды. Ислам әлемінің шекарасын кеңейтті. Бірақ теріс жағы да болды. Олардың ұлтшылдыққа бүйрегі бұрып тұрды. Басып алған жерлерін арабтандыруға тырысты. Сол ұлтшылдығы ақыры соңына жетті. Билікке аббасидтер келгеннен кейін Исламдағы демокартия басталды. Ислам дінін мойындаса болды, кез келген халыққа өзінің дәстүрлі ұстанымымен өмір сүруге мүмкіндік берілді. Түркілер лек-легімен Ислам дінін қабылдай бастады. Осы кезден бастап Құранды түркі тіліне аудару мәселесі туындады.

Ал түркі тіліндегі алғашқы жазба жәдігері Х ғасырға тиесілі. Махмұт Қашғаридің «Диуани лұғат әт-түрік», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармалары осы кездері өмірге келді. «Диуани лұғат әт-түрік» – түркілерге емес, арабтарға арнап жазылған шығарма. Махмұт Қашғари бұл еңбегін түркі халықтарының қандай екенін арабтарға түсіндіру үшін жазған. Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүйнеки тұстарында түркі жазба әдебиеті барынша дамыды. Олар Құран аяттары мен пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін басшылыққа алып, оны қорытып, түркілік ақыл, даналық сөз қылып қайта ұсынды. Осылайша исламдық көзқарас пен түркілік рухты біріктіріп, халыққа дінді насихаттады.

Алтын орда кезінде жазылып, бізге жеткен жиырма шақты шығарма бар. Олар – «Муғинул-мурид», «Кесікбас кітабы», «Жұмжұма», «Гүлстан бит-түрки», «Сиражул-қулуб», «Нәһжул-фәрадис» және т.б шығармалар. Бұл жәдігерлердің бәрі түркі әдеби тілінде дүниеге келді. Әрі бұл туындыларда дін жалаң догма ретінде емес, қайта рухани қазына ретінде насихатталды. Көркем әдеби тілде жазылған дін ұстындары мен шариғат шарттарын ауам халық өздеріне жақын тартты.

– Қазақ хандығы кезінде ше? Бұл кезеңдегі руханиятымыз қандай болды?

– Түркі халықтарының бір ерекшелігі кез келген дүниені өлеңмен тез қабылдайды. Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңіліне қондырған», – деген сөзі бар.

1465 жылы Жәнібек пен Керей енші алып, Қазақ хандығының туын желбіреткен кезде олар алдымен руханият мәселесіне мән берді. Содан Қазақ хандығы тұсында «Рәунәқул-ислам» деген шығарма жазылды. Бұл Алтын орда заманындағы «Мұғинул-мүридтің» негізінде жазылған еңбек болатын. Өйткені Қазақ хандығы Алтын орданың заңды мұрагері еді.

«Рәунәқул-ислам» шығармасы қазақ даласында кеңінен оқытылды. Бұл шығарма Ханафи мазһабының қазақ топырағына қанат жаюына  ықпал етті. Әрі осы тұста Мұхаммед Бабырдың «Мубәййән дәр фиқһ» атты туындысы да дүниеге келді. Ханафи мазһабы кеңінен насихатталған осындай шығармалардың нәтижесінде қазақ даласында рухани тұтастық сақталды.

Алтын Орданың заңды мұрагері болған Қазақ хандығы тұсында да жазба әдебиет дамыды. Одан бөлек жыраулар поэзиясы да алға шықты. Сол замандардағы жазба жәдігерлер мен ауыз әдебиет үлгілерінде де қазақ дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналып кеткен Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасы кеңінен насихатталды. Бұл дәстүр XVIII-ХІХ ғасырларға дейін жалғасты. Қарахандықтар, Алтын Орда және Қазақ хандығы тұсында кеңінен жырланған имандылық ұстындары мен шариғат шарттары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында «Кітәби ақындар» мен Сыр сүлейлерінің шығармашылығында кеңінен көрініс берді.

Өкінішке орай, тамырын тереңге жіберген жазба мұраларымызды әлі толық зерделеп болған жоқпыз. Әсіресе Алтын Орда мен Қазақ хандығы тұсындағы қазақ руханияты әлі де өз зерттеушілерін күтуде десек те болады.

 

АХУНДАР МЕН ИШАНДАР

 

– Бұл екі мектептің негізгі айырмашылығы қандай? Не үшін ахундар мен ишандар мектебінің өкілдері, олар қалдырған еңбектер насихатталмай келеді?

– Қазақ даласында Ханафи мазһабы мен Матуриди ақидасының қанат жаюына ахундар және ишандар мектебінің ықпалы мол болды. Ахундық мектеп фиһқа негізделді, ишандар көбіне Ихсан ілімін, рухтың кемелдену жолын таңдады.

Ахундар мен ишандар Самарқан, Бұқара, Ташкент, Қарнақтағы дәстүрлі қадімша медреселерде тәлім алды. Түркістанның төңірегіндегі Қарнақ медресесінде фиқһ мәселесі тереңдетіліп оқытылған. Кенесары Қасымұлы, Мәшһүр Жүсіп, Шәді Жәңгірұлы осы Қарнақ медресесінде сауат ашқан. Бұл медресенің мықтылығы соншалық, сонда оқыған балалар сол кездегі мықты діни оқу орындары МирАраб, Көкілташ медреселеріне оңай түсетін еді.

Дәстүрлі діни медреселерде пәндер, негізінен, шарғия, арабия, хикамия деген үш блогтан тұрды.

Кейінгі жәдидтік діни оқу орындарында шарғия мен арабия блогы қалды да, хикамия пәндер жүйесі түсіп қалды. Жәдидшілердің ең үлкен қателігі де осы болатын.

Шарғияда көбіне фиқһ, ақида мәселелері оқытылды. Арабияда араб, парсы тілдерін тереңдетіп оқытуға мән берілді. Хикамияда даналық оқытылды. Хикамияны терең меңгерген шәкірттер руханият әлеміне бойлап, ишандық жолды таңдады.

Өкінішке орай, бүгінгі діни медреселерде де шарғия мен арабияға негізделген пәндер жүйесі тереңдетіліп оқытылғанымен де, даналыққа жетелейтін дәрістерге онша мән берілмейді. Сондықтан да дәстүрлі діни медреселердің осы оқу тәжірибесін қайта жаңғыртқан дұрыс.

Ахундар мен ишандар ХХ ғасырдың басындағы орыстың отарлау, шоқындыру саясатына қарсы шықты. Қазан мен Уфадағы баспалардан діни дастандар мен қиссалардың көптеп шығуы шоқындыру саясатына қарсылық еді. Билік басына коммунистер келген кезде дін адамдары – дамолла, ахун, ишан, халпелер қудаланды. Олардың тағдырының тоз-тозын шығарды. Ахундар мен ишандардың бүгінде толық зерттелмей келе жатқанының негізігі себебі осында. 70 жыл бойы олар жайлы айтуға тыйым салынды. Ал Тәуелсіздік алған кезде олардың жолын жалғайтын адам қалмады. Біздің дін оқуын іздегендердің көбі дәстүрлі жолды емес, басқа елдердің діни оқу орындарын таңдады. Сөйтіп өзіміздің дәстүрлі діни мектептер жабулы қазан күйінде қалды. Қазір қайтадан өз жолымызға оралып жатырмыз. Ахундар мен ишандар мектептері қайта зерделеніп келеді.

 

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

«Мұнара» газеті, №3, 2020 жыл

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру