Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ЕРМЕК МҰҚАТАЙ: МЕШІТТЕРІМІЗДЕ 137 ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 31.12.2020 4090 0 пікір
ЕРМЕК МҰҚАТАЙ: МЕШІТТЕРІМІЗДЕ 137 ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Бүгін Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырған сұхбаттар легін тәмамдаймыз. Назарларыңызға ҚМДБ-ның Өскемен өкілдігі және облыстық «Халифа алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатаймен болған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

 

«ЗИЯТКЕР ИМАМ» ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ   ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АҚЫНДАЙДЫ

 

– Жуырда ғана имамдардың IV республикалық онлайн форумына қатыстыңыз. Әңгімемізді осыдан бастасақ...

– Иә, желтоқсанның ілкі он күндігінде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн форумы өтті. Форумға бірқатар мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен ұлт зиялылары қатысты.

Жиынның беташарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйлеп, форумға сәттілік тіледі. Президиум мүшелері мен арнайы шақырылған құрметті қонақтар Қазақстан қоғамындағы өзекті деген рухани мәселелерді атап өтіп, оны шешуге қатысты ойын ортаға салды. Форум қорытындысы бойынша «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттары қабылданады. Аталған құжаттар жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бір ізге түсіруге ықпал етеді.

Жалпы еліміздің әр аймағында ас беру мен зират көтерудің өз ерекшелігі бар екені көпке мәлім. Әрқилы әдеттердің рухани мағынасын тұтастандырып, діни салт-жораларды біріздендіру халқымыздың бірлігін арттыра түсетіні хақ. «Зияткер имам» құжаты дін қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін айқындап, олардың жұмысына деген ынты-шынтысын арттыруға сеп болады.

Сонымен қатар форумда мұсылман қауымы арасында ұлттық рухани дәстүрлерге негізделген діни рәсімдер мен жоралардың мәдениетін қалыптастыруды күн тәртібіне қойып, осы мәселелерді оң шешетін құжаттарды қабылданды.

– Биылға жоспарланған іс-шаралар толық орындалды ма?

Әлемге тарала бастаған жұқпалы індет биыл біздің елімізге де ауыз салды. Осыған байланысты мемлекетіміз ертерек етек-жеңін жиып, жыл басынан сақтық шараларын жасады. Халықтың ең көп келетін орындарының бірі мешіт болғандықтан, үкіметіміз рухани құтхананың қызметін уақытша тоқтатуға шешім қабылдады. Биыл көп уақытымыз төтенше жағдайда өтіп, көпшілікке арналған іс-шаралардың басым бөлігі онлайн форматқа ауыстырылды. Соның салдарынан жоспарлаған шаралардың ауқымы мен ауыртпалығы төмендеді. Бірақ мәні мен маңызы өзгерген жоқ. Тіпті алға қойған жоспарлар сәтімен орындалды деуге болады.

Десе де жылда өткізіп келе жатқан имамдарды үш ай бойы оқыту курсы, еліміз бойынша имамдардың жазғы дала семинары, дін қызметкерлері мен дінтанушылардың дала семинары, жат діни ағым өкілдерін райынан қайтару бойынша дін қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру семинары, мешіттеріміздегі сауат ашу курстарын карантинге байланысты тоқтатуға тура келді. Былтыр ҚМДБ-ның Өскемен өкілдігі Нұр-Мүбарак университетімен меморандум жасап, Өскемен қаласынан аталған оқу орнының дайындық курсын ашуды жоспарлағанбыз. Бұл жобамыз да келер жылға шегерілді. 

Тарбағатай ауданында өткен «Ақсақалдар институты: имандылық бастауы атты Шығыс Қазақстан облысы ақсақалдарының III форумы» (2019 жыл)

 

АҚСАҚАЛДАРМЕН АҚЫЛДАСЫП ОТЫРАМЫЗ

 

– Өздеріңіз ұйытқы болған қандай іс-шара немесе жобаны ерекше атай аласыз?

ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі өңірдегі ақсақалдар институтын дамыту мақсатында төрт жыл қатарынан «Ақсақалдар форумын» өткізді. Бұл – елімізде тұңғыш қолға алынған іс-шара. Қалың бұқараға рухани тәрбие беруде ақсақалдар институтының орны ерекше. Ақсақалдарымызды қоғам мен дін арасындағы алтын көпір десек, асыра айтқандық емес. Халқымыз «Ауылда қарияң болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекерден бекер айтпаса керек. Ақсақалдарымыздың осы потенциалын тиімді пайдалану мақсатында қатарынан бірнеше жыл форум өткізіп, ел арасында абырой-беделге ие қарияларды рухани тәрбие ісіне жұмылдыруға күш салып келеміз. Халыққа сый-құрметі бар ақсақалдардың басын бір арнаға тоғыстырып, өңірдегі түйткілді мәселелерді талқылауды дәстүрге айналдырдық. Пандемияға байланысты биыл ақсақалдар форумы онлайн режимде өтті. Жиын барысында «Ас беру мәдениеті» және «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттары талқыланды.

Биыл өкілдіктің Әйел-қыздар секторының еріктілері қайырымдылық қызметіне белсене атсалысты. Өз араларында тоқсанына бір рет онлайн курс өткізіп келеді. Жастар секторының ұйытқы болуымен «Таза әлем» және «30 жылға – 30 түп ағаш» акциясы аясында Бас мүфти бастамасымен тазалық жасалып, ағаш отырғызу шарасы жүзеге асырылды. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміздің бастамасымен Құрбан айт мерекесінде жамағатқа Qurban2020.kz сайты арқылы қызмет көрсетілді. Пандемияға байланысты қайырымдылық көмек Нұр-Сұлтан қаласына жолданды.

Құран және азан жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Ислам мәдениеті мұражайында 54 дана көне кітаптар экспозициясы ашылып, Хәкім Абай мен әл-Фараби бабамызға арналған көрме қойылды. Мәуліт мейрамында Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат оқылып, қазақша мәуліт тыңдалып, термелер онлайн орындалды.

– Онлайн режимде жұмыс істеудің қандай артықшылығы мен кемшілігін байқадыңыз?

Заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланудың арқасында онлайн режимде жұмыс істеуге де төселіп алдық. Айталық, сауат ашу курсы жұмыстарын онлайн арқылы жүргізіп, жамағатты қал-қадірімізше білім нәрімен сусындатып келеміз. «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин әлеуметтік желілер арқылы әріптестерімізбен сұхбат құрып, YouTube-арнасында видео және аудио уағыздар арқылы халыққа насихат жүргізуде. Сонымен қатар әр күн сайын Өскемен өкілдігіне қарайтын мешіт имамдары да әлеуметтік желі арқылы уағыз-насихат жасауда. Ұстаз Серік Жұмашев 130 шәкіртке тәжуидтен, 170 шәкіртке араб тілінің грамматикасынан, ұстаз Талшын Қожахметова 57 әйел жамағатына Құран, ақида, фиқһ және салт-дәстүр пәнінен дәріс беріп келеді.

Елімізге белгілі қари Ербол Құдабаев басшылығындағы қайырымдылық мекемесі ZOOM желісі арқылы шәкірттерге Құран жаттатуда. Ал аудандарымыздағы мешіт қызметкерлері де әлеуметтік желілер арқылы діни білім беруді шама-шарқынша жалғастырып келеді.

Әйткенмен, кейде ғаламтор дұрыс жұмыс істемей қалып жатады. Құрылғылар сыр беріп, онлайн дәріс беру кезінде түрлі күтпеген жағдайлар болып тұрады. Осындайда халықпен, жамағатпен бәрібір офлайн жұмыс істегенге жетпейді екен деп қаламыз. 

 

ӨҢІРІМІЗДЕ 96 МЕШІТ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

 

– Өкілдік сайты furqan.kz  болып өзгерді. Бұл атау қалай таңдалды? Сайт жұмысымен таныстырып өтсеңіз?

«Фурқан» – Құран Кәрімнің 25-сүресі әрі қасиетті кітаптың бір атауы. Арабшада «фурқан» сөзі – «ақ пен қараны айыратын өлшем» деген мағынаны білдіреді. Дініміздегі әрбір үкім мен қағида хақ пен батылды, жаман мен жақсыны айырып беруге негізделген. furqan.kz сайты ҚМДБ-ның діни бағытын өңірде насихаттауды жүзеге асырады. Қазіргі таңда өкілдік жаңалықтарын һәм танымдық ақпараттарды халыққа дер кезінде жеткізуде сайтымыз жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Сайтымызда онға тарта айдар жұмыс істеп тұр. Атап көрсетер болсақ, «Шаңырақ», «Қайнар көз», «Ағымдар ақиқаты» және «Ғибратнама» т.б. Әрбір айдар өзіндік ерекшелікке ие. Мысалы, «Қайнар көз» айдарында әртүрлі ақпараттың түп негізі қайдан шыққаны туралы баяндалады. Таралып жатқан ақпаратты бірнеше дереккөзден қарап, әу бастағы үлгісі қандай және қандай деректемеде берілгенін зерттейміз. Бұл айдар қызықты әрі қаралымы өте жоғары. Алдағы уақытта әлі де сайт жұмысын жетілдіру ойымызда бар. Сайт арқылы дәрістер өткізуді де қолға алмақшымыз.

– Шалғай ауыл-елдімекендердегі мешіттердің, имамдардың жағдайы қалай?

Елімізде карантин басталып, көпшілік баратын орындар түгелдей жабылған сәтте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Мешіттеріміздің есігі жабық болғанымен, сауап есіктері жабылмайды» деп, дін қызметкерлері мен жамағатты жігерлендірген еді.

Өскемен аймағында да құлшылық үйлері жабық болғанымен, сауапты амалдарды, қайырымдылық іс-шараларын жасауға карантин тосқауыл бола алмады. Оған өзім де куәмін. Өңірдегі аудан және ауыл мешіттерінің қызметі мен дін қызметкерлері жайлы ақпаратқа қанықпын. Ұдайы тікелей байланыстамыз. Биыл Зайсан және Тарбағатай аудандарында бір жеті іс сапармен болып, ауылдарды араладым. Ақжар және Айнабұлақ ауылдарында көпбалалы екі имамға үй берілді. Сондай-ақ «Халифа Алтай» мешітінің кілемі ауыстырылып, ескі алашалар шалғай ауылдардағы мешіттерге тәбәрік ретінде таратылды.

Пандемияға қарамастан имамдарымыз шалғай ауылдардағы дін қызметкерлерінің екі апталық білімін көтеру курстарын ұйымдастырды. Қазіргі таңда аудан имамдары жергілікті әкімдік өкілдерімен бірге әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуда.

Жалпы Өскемен өңірі мешіттерінде елімізге белгілі уағызшылар мен қарилар жұмыс істейді. Көбі отандық діни оқу орындарында білім алған. Соңғы жылдары еліміздегі медресе-колледждер мен Нұр-Мүбарак университетінің түлектерін жұмысқа қабылдап жатырмыз. Одан өзге Египет, Сирия, Түркия, Өзбекстан т.б. елдерде діни білім алған азаматтар да дін қызметін атқаруда.

Қазіргі таңда Өскемен өңірінде 96 мешіт бар. Мешіттерімізде ұзын саны 137 дін қызметкері жұмыс істейді. Оның 35-і – бас имам, 21-і – наиб имам, 68-і – молда, 8-і ұстаз болып жұмыс істейді. Дін қызметкерлерінің 45-і жоғары діни білім алған. 6 зайырлы білімі бар, 4 орта діни білім, 7 шетелдерде жоғары және орта діни білім алған, 72 имамдардың білімін жетілдіру курсында оқыған, 2 магистр, 1 ғылым кандидаты жұмыс істейді.

 

«АДАМ КАПИТАЛЫНА» БАСА МӘН БЕРЕМІЗ

 

– Көрші Ресейдің имамдарымен қарым-қатынас қалай? Өзара тәжірибе алмасу, оқыту курстары өтіп жүр ме?

Бас мүфти тапсырмасымен өткен жылдары бірнеше шараға қатысып, конференцияларда баяндама жасадым. Өңіріміз Ресей, Қытай, Моңғолия елдерімен шектесетін болғандықтан, маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Сондықтан біз әрдайым Ресей имамдарымен достық қарым-қатынастамыз. Алтай Республикасының мүфтиі Жанболат Охтаубаевтың өтінішімен олардың имамдары біздің курстарымызға қатысып, діни білімі мен біліктілігін жетілдіруде. Қосағаштағы мешіттеріне жаңа қалың кілем төсеп, демеушілік жасадық. Бұл шараға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы да қатысып, Қосағаш қазақтарына уағыз-насихат жасады.

Томск қаласында 2019 жылы өткен халықаралық симпозиумда «Қазақстанның зайырлы мемлекет болып қалыптасу ерекшеліктері» деген тақырыпта баяндама жасадым. Екі арада барыс-келіс үзілген емес. Ұдайы байланыстамыз.

– Соңғы сұрақ, алдағы жылға қандай жоспарларыңыз бар?

Бүгінгі таңда ШҚО «Халифа Алтай» мешіті Шығыстың рухани һәм мәдени орталығына айналды. Біздегі қала және аудан мешіттерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, даму үстінде. Ендігі кезек ауыл мешіттерінің дамуы және білімді маманмен қамтамасыз етілуі.

Бес жыл көлемінде «Адам капиталы» мәселесіне қатты мән бердік. Шәкірттеріміздің алды шет елде магистратура, докторантурада білім алуда. Нұр-Мүбарак университеті мен жергілікті С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеттерінде білімдерін жетілдіруде. Жергілікті Абай атындағы колледжде орта арнаулы білім алып, қарапайым имам болғысы келетін азаматтар мешіттің сауат ашу курсында білім алуда. Яғни жоспарлы түрде мамандар даярлауымыз жемісін беріп келеді.

Шығыны аз, бірақ берері мол мешіт-кешенін салушылардың қарасы көбейіп келеді. Мешіті жоқ ауылдарға мешіт салу ісін қолға алмақпыз.

Бұйырса, алдағы уақытта да ҚМДБ-ның жұмыс жоспары, бағытына сай жылда өткізіп келе жатқан дәстүрлі шараларымызды жүзеге асырмақ ниеттеміз. Қазіргі таңда барлық жоспар эпидахуалдың түзелуіне байланысты жүрейін деп тұр. Сондықтан Жаппар Иесіз елімізді пандемия құрсауынан құтылып шығуға жазсын деп тілейміз. Алла жазса, Шығыстағы ізгі істер толастамайды.

Жылжабар жылы сұхбатыңызға көп рақмет! Алла ісіңізге береке берсін! 

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі