Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ӨМІРЗАҚ БЕКҚОЖА: «ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ» МЕШІТІНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 24.12.2020 1652 0 пікір
ӨМІРЗАҚ БЕКҚОЖА: «ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ» МЕШІТІНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Назарларыңызға ҚМДБ-ның Қарағанды облысындағы бас имамы Өмірзақ Қазкенұлының сұхбатын ұсынып отырмыз.

Имамдардың кезекті форумына қатыстыңыз. Биылғы форумның қандай ерекшелігі болды?

– Биылғы имамдардың IV республикалық онлайн форумы жылдағыдан өзгеше болды деп айтсақ болады. Себебі елдегі пандемия жағдайына байланысты бұл форум жартылай онлайн режимде өтті. Мемлекеттік хатшы, ведомство өкілдері, ҚМДБ қызметкерлері мен облыстардағы бас имамдар ғана форумға қатысып, қалған өңірлердегі мыңнан аса дін қызметкері онлайн қосылды. Соның ішінде Қарағанды өңірінен 50 имам қатысты.

Тағы бір ерекше тұсы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнеқұттықтауы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау сәлемі имамдардың мерейін өсіріп, «көңілден көңіл су ішеді» дегендей, қуанышымызды еселей түсті.

Сондай-ақ онлайн форумда халқымыздың әдет-ғұрпы мен жөн-жоралғыларына аса мән беріліп, бірнеше құжат талқыланды. Соның бірі – «Ас беру мәдениеті». Осы уақытқа дейін еліміздің түкпір-түкпірінде ас беру  жоралғысы әртүрлі түрде, белгілі бір ұстанымсыз, қағидасыз жүзеге асып келді. Осы мәселені бірізділікке түсіріп, арнайы тәртібі мен қағидаларын орнатып, ысырапшылдыққа жол берілмейтіндей арнайы ережелерге сүйенген құжат қабылданды.

Форумда бекітілген кезекті құжаттың бірі – «Зират және зиярат мәдениеті».  Зиярат жасауды бір тәртіпке келтіріп, жалпыға ортақ мәдениетті қалыптастыру – аса маңызды істің бірі. Жеріміздің кеңдігінен болар, Алтай мен Атыраудың ортасында қоныс тепкен қазақ халқының зират және зиярат мәдениетінде де алуан түрлі ұстаным бар. Соны бірізділікке түсіру жағы торқалы тойда, топырақты өлімде халықпен бірге болатын имамдарға жүктеліп отыр.

Сондықтан кезекті қабылданған бұл құжат осы мәселені тек бір жолға қоюға бағытталды. Ал «Зияткер имам» тұжырымдамасы заман талабына сай зияткер имам деген мәртебеге лайықты дін қызметіндегі мамандарды іріктеу мен оларға мәртебе беруді көздейді. Міне, осындай игі бастамаларды жүзеге асыруға бекітілген құжаттар биылғы форумның жылдағыдан өзгеше екендігіне басты себеп дер едім.

2020 жыл да аяқталып келеді. Жоспарлар толық орындалды ма?

– Биылғы 2020 жылы Қарағанды облысы ҚМДБ-ның тарапынан келген барлық тапсырмалар мен жобаларды толық жүзеге асыруға тырысты. Аймағымызға қарасты барлық өңірде дін қызметкерлері өзіне жүктелген тапсырмаларға шынайы ынтамен кірісіп, ҚМДБ жүктеген әрбір бағыт бойынша әрекет етті. Жыл басынан бері атқарылып келген шараларды қортындылаған жылдық есеп барысында өңіріміз барлық облыстармен қатарласып, нәтижелі көрсеткішке ие болды. Әрине мұның барлығы – аймағымыздағы дін қызметкерлерінің өз ісіне деген жауапкершілігі мен қажырлы еңбегінің арқасы.

Пандемия дін қызметіне де әсер етпей қоймады. Бірақ насихаттың балама жолдарын мүфтият бастап ұсынып, өңір имамдары дөңгелетіп әкеткені белгілі. Онлайн дәрістерге қаншалықты көңіл бөле алдыңыздар?

– Карантин мерзімінде дәрістер ҚМДБ-ның тапсырмасы бойынша онлайн түрде жүргізілді. Әлеуметтік желілерде, парақшаларда уағыз-насихаттар арнайы белгіленген уақытта жүріп отырды, тікелей эфир арқылы жамағатпен байланыс орнатылды. 

Аллаға шүкір, онлайн дәрістер өңірімізде тоқтамай, тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мешіт есіктері ашылған соң да, мамандар санитарлық талаптарды сақтай отыра қызметін жүргізуде. Осы уақытқа дейін аймақ бойынша 235 онлайн сұхбат жүргізіліп, 120 онлайн дәріс өтті.

Қайырымдылыққа ше?

– Асыл дініміз Исламда қайырымдылық деп адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірін айтады. Халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді. Қайырымдылық – сауабы мол амалдың бірі. Алла Тағала «Әли Ғимран» сүресінде: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған. Еліміздегі уақытша сынақ мерзімінде ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алла Тағаладан елдің амандығын сұрау мақсатында құрбан шалып, дұға ету бастамасын қолға алды. Бұл бастама облысымыздың барлық өңірінде жүзеге асып, 10 жылқы, 18 сиыр, 50 қой құрбандыққа шалынып, еті жергілікті мұқтаж жандарға теңдей  үлестіріліп берілді.

Облыстық орталық «Әнет баба» мешітінде арнайы «Қайырымдылық штаб» құрылды. Оған облыстық «Зекет» қоры өкілдігі, Жастар ісі секторы, ерікті жамағат, қала, аудан имамдары, кәсіпкерлер мен ынталы азаматтар атсалысып, жалпы Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен қамқорлыққа зәру 11 422 отбасыға азық-түлік жеткізілді. 

Мешіт жанынан арнайы уақытша тігін шеберханасы ашылып, 1500-ден астам бірнеше рет пайдалануға болатын бетперде тігіліп, мұқтаж жандарға үлестірілді. Сонымен қатар жедел жәрдем орталықтарына, жалғызбасты зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жалпы саны 1900 адамға ыстық тағамдар үлестірілді.

«Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы – өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» делінген хадисте. Облысымызда атқарылған қайырымдылық шаралары қасиетті Рамазан айында да тоқтамады. Әр күн сайын 100 адамға ауызашарға арналған ыстық тағамдар жекелеген отбасыларға тегін тасымалданды. Қасиетті Құрбан айт мейрамы да өз деңгейінде жүзеге асып, 3689 мұқтаж отбасыға қайырымдылық ретінде құрбандық еті таратылды.

Халқымыз «Ер қолында мал тұрмайды, Елек ішінде су тұрмайды» деп қолы ашық жомарт жанды нағыз ер деп бағалаған. Жергілікті ауылдарда көрсетілген көмек ерекше. Атап айтқанда, Ақтүбек, Өспен, Ақсу-Аюлы ауылдық округтері  қаражат жинап, халыққа қайырымдылық көмек жасады. Осындай үлкен игілікті іс атқарып, жомарттық танытқан ауыл тұрғындары мен жанашыр жандарға Алла Тағала екі дүниеде де разы болсын дейміз.

ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай атқарылған игі істерге тоқтала кетсеңіз...

– Егемендігімізге қол жетіп, ел еңсесін тіктелгелі асыл дініміз дархан даламызға кеңінен құлаш жайып, көркейді. Осынау мерейтой аясында бірнеше игі жоба алға қойылды. Жоспарға алынған игі істердің барлығы қазіргі еліміздегі күрделі жағдайға қарамастан, белсенді түрде жүзеге асты. Атап айтқанда, бірнеше мешітке асыл дініміздің өркендеуіне еңбегі сіңген ғұламалар мен жауһарлар есімі берілді. Мәселен, Күнгейде ашылған жаңа мешітке Қазыбек би бабамыздың, Теміртау орталық мешітіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі, қалалық мешітке Жақып Ақбайұлының есімі берілді. Қазіргі таңда Қарағандыда салынып жатқан мешітке Бұқар жырау бабамыздың есімін беру көзделіп отыр. Сондай-ақ Үштөбе ауылында орналасқан жаңа мешітке Кеңес дәуірінде 20 жыл имамдық қызметін атқарған Қажыбай қажы бабамыздың есімін беру жоспарда тұр.

Діни басқарманың мерейтойына орай атқарылған басқа да шараларға келер болсақ, бұлаққа барар жол салынды, «Тұма» бұлағының көзі ашылды. Бұқар жырау ауданындағы №1 ауруханаға 3 ИВЛ аппараты және 6 арнайы демалтқыш құралы көмек ретінде жеткізілді. Жәйремде бұлақ көзі ашылды. Ростовкада бұлаққа барар жол салынды. Манадыр ауылының өткелі қайта қалпына келтірілді. Осакаровка және Нұра ауданы ауруханасына 40 арнайы оттегі жастығы, 20 пульсоксиметр, 20 термометр, сондай-ақ қажетті медициналық құрал-жабдықтар жеткізілді. «Бір мезетте 30 000 түп тал отырғызу» акциясы аясында облыс бойынша 1606 түп ағаш отырғызылды.

Облыс бойынша жаңадан неше мешіт салынды? Ескі мешіттерге жөндеу жұмыстары жүргізілді ме?

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері», – деген. Биыл аймағымызда көптеген мешіттерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Нұр», «Ықсан қажы», «Құнанбай қажы» мешіттері, Ескі Жәйрем, Теміртау мешіттері, Осокаровка ауданындағы «Жанқұтты би» мешіті күрделі жөндеуден өтті. «Құнанбай қажы» мешітінде қалпына келтіру (реставрация) жұмыстары жүргізілді.

«Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітіне мәйітхана салынып, мешіт ауласына 1000 дана раушан гүлі отырғызылды. Жезқазған мешітіне қазандық орнатылды. Жалпы айтқанда, аймағымызға қарасты 8 мешіт күрделі жөндеуден өтті. Ал жаңадан ашылған мешіттерге келер болсақ, биыл Октябрь ауданында жаңа мешіт ашылып, «Төлеутай ата» есімі берілді. Абай ауданына қарасты Ақбастау ауылында,  Ақтоғай ауданында, Егінді ауылында, Жарық стансасында жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Қазіргі уақытта Жезқазған қаласында жаңа мешіттің және Үштөбе ауылында медресенің құрылыс жұмыстары  жүргізіліп жатыр.

Өңір имамдарының тыныс-тіршілігі қалай?

Биыл Қарағанды облысына қарасты 83 елдімекенге арнайы қызметтік іссапар ұйымдастырылды. Аймағымызға қарасты барлық мешіттің тыныс-тіршілігі бақыланып, өңірге қарасты имамдардың хал-ахуалы, мешіттердің ішкі-сыртқы жұмыстары тексерістен өтті. Барлық дін қызметкерлерінің жағдайы тұрақты тұрде қадағаланып келеді. Жыл бойы әрбір өңірде облыстан арнайы комиссия мүшелерінен құралған топ іс-сапармен бақылау жұмыстарын жүргізіп, әрбір аудан, қала, ауыл қызметкерлерімен жиын жүргізіліп отырды. Биыл да имамдардың мәселелері ортаға салынып, тұрақты қадағалауда болды.

Кадр тапшылығы сезіле ме? Жас мамандардың жұмысқа орналасуы жөнінде не айтасыз?

– Әрине қазіргі ХХІ ғасырда тың жаңалық пен жан-жақтылық тек жас мамандардың қолынан келері анық. Осы орайда қазіргі жастарға өздерінің қызметтегі тәжірибелерімен бөлісіп, мықты кадр дайындау асыл дінімізге бұрыннан еңбегі сіңіп келе жатқан мамандардың негізгі міндетіне жатады. Қазіргі таңда аймақтағы мешіттерде ЖОО, колледж, медресе қабырғасын бітірген болашақ жас имамдарды мешіттерде барлық қырынан шыңдап, қызметке баулу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл үрдіс аймағымызда дәстүрге айналған. Жыл сайын шамамен оншақты жас маманды қызметке орналастырамыз. Олардың ішінде имам да, ұстаз да, молда да бар. Олар болашақта қазіргі дін қызметкерлерінің орнын басып, лайықты қызмет ететіндей біліммен шыңдалып шығады.  

Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі