Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

20 January 2021

7 Jumadál ahır 1442 Хижра

  DINI MEREKELER

КЕНЖЕТАЙ ДҮЙСЕНБАЙ: ИГІ ШАРАЛАРЫМЫЗҒА ӨЗГЕ ДІН ӨКІЛДЕРІ ДЕ АТСАЛЫСАДЫ

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 28.11.2020 1557 0 пікір
КЕНЖЕТАЙ ДҮЙСЕНБАЙ: ИГІ ШАРАЛАРЫМЫЗҒА ӨЗГЕ ДІН ӨКІЛДЕРІ ДЕ АТСАЛЫСАДЫ

Назарларыңызға ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысындағы бас имамы Кенжетай Дүйсенбай сұхбатын ұсынып отырмыз.

Пандемия кезеңінде дін насихаты солтүстік аймақта қалай жүріп жатыр?

– Баршамызға мәлім биыл наурыз айынан бастап пандемия себепті елімізде карантин жарияланып, мешітке келушілерге шектеу қойылды. Осыған орай жамағатымызбен байланысты үзбеу үшін онлайн форматқа көшуді жөн көрдік. Яғни, дәрістеріміз, уағыз-насихат жұмыстары, тіпті аудан және қала имамдарымен жұмыс нәтижесін қорытындылау, жоспарлау мақсатында өткізетін жиналыстарымызды онлайн форматта өткізетін болдық.

Қасиетті Рамазан айы басталарда тарауық намазына қатысты, пандемия кезіндегі ораза ұстау, антисептик қолдану үкімі, пітір садақасын беру жолдары сынды сұрақтар жамағатымызды мазалады. Аталмыш мәселелердің баршасына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жауап берсе, біздің қызметкерлер өз тарапынан оны жергілікті мұсылман жұртшылығына насихаттап түсіндірді.

Құрбан айт мейрамы күндерінде өңіріміздің мұсылман қауымы дәстүр бойынша 3 күн бойы арнайы ұйымдастырылған қасапханада құрбандықтарын шалу мүмкіндігі болатын. Биыл ел игілігі үшін көпшілікті бір орында жинамай, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасыменен «Қашықтықтан уәкілдік жолымен құрбан шалу» қолға алынып, арнайы әзірленген сайт (qurban2020.kz) арқылы тапсырыс бергендерге қызмет жасалып, қайырымдылық мақсатында құрбан еті таратылды.

Уағыз-насихат жұмыстары турасында айтар болсақ, әлеуметтік желідегі мешіт парақшалары арқылы тек қыркүйек айында 30-дан астам діни уағыз-сабақтар өткізіліп, елімізге белгілі дін ғалымдармен, ҚМДБ-ға қарасты РАНТ мүшелеріменен 6 сұхбат жүргізіп, аталмыш жұмыстар 2000-астам қаралым жинаған. Бастапқы уақытта бұл имамдарға да, жамағатқа да ауыр көрінгенімен, уақыт өте келе онлайн режимнің екі тарапқа да тиімді әрі қолайлы екендігін тәжірбие көрсетті.

Діни кадрлар аймақта жеткілікті ме? Әсіресе, жас мамандардың қызметі, жай-күйі қалай?

– Солтүстік өңірі шалғайда және климаттық жағдайы ауыспалы болғанына қарамастан, «Нұр-Мүбарак» университеті мен республикалық медресе-колледждерден түлеп ұшқан діни кадрлар Алла үйлерінде қызметтерін атқарып келеді. Бүгінде карантин жағдайына қарамастан діни басқарманың мүддесі үшін жан-жақты форматта іс-шаралармен белгілі бағыттарда жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатыр.

Атап айтатын болсақ, «Жастар ісі» секторы жергілікті еріктілермен жастарды ұйытып дінімізді насихаттаумен қоса салт-дәстүрімізді дәріптеп жастарымыз арасында кең көлемде шаралармен айналысады. Өңіріміз тек еріктілермен жастар арасында шаралар ғана қамтылып қоймай, қайырымдылық шаралары да өзінің орындарын тауып жатады. Осындай дәрежелі шараларға жас мамандарымыз атсалысып қызметтерін көрсетуде.

Өңірде алпыстан аса мешіт бар. Әр мешіттің жас мамандары діни басқармасының мүддесі үшін аянбай қызмет жасап жатқанына ел куә.

Қызылжар өңірі тұрғындарының басым көпшілігі орыс тілді екені белгілі. Осыған орай діни уағыз-насихатты көпшілік түсінетін тілде жүргізу қолға алынған ба?

– Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғандықтан уағыз-насихаттарымыз қазақ тілінде өтеді. Дегенмен «Қызылжар» орталық мешітінің сайтына қойылған мәліметтерді орыс тіліне аударып, әлеуметтік желілерде орысша сұрақтар қойылса, сол тілде жауап беріп отырамыз. Қазіргі таңда дін қызметкерлеріміздің 90%-ы екі тілде еркін сөйлейді. Яғни, жамағат орыс тіліндегі уағыз-насихат тыңдағысы келсе немесе көкейінде жүрген діни сұрақтары болса, біздің имамдарымызға жүгіне алады. Мектеп және кітапханаларда, түзету мекемелерінде орыс тілінде уағыз-насихат жүргізіліп келеді.

Ал өзге ұлт өкілдерімен байланыстарыңыз қалай?

– Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқандықтан, өзге ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, бірігіп игі шараларды атқарып келеміз. Мәселен жыл сайын түрлі диаспора өкілдерімен қасиетті Рамазан айында бірлесе отырып жамағатқа ауызашар мен көптеген іс шаралар ұйымдастырылады. Биыл карантин болғандықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен  «Біз біргеміз», «Жүрек жылуы» акциясы  аясында көпбалалы отбасыларға өзге ұлт өкілдерімен бірлесе отырып қайырымдылық көмек көрсетілді.

Сонымен бірге ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының СҚО бойынша  өкілдігінің ұйымдастыруымен «Өмірге үміт сыйла»  акциясы аясында өзге ұлт өкілдерімен бірлесе отырып жиналған қаражатқа 70 дана оттегі конденцаторы, 150 дана пульсоксиметр (жүрек қақтығысын өлшеу құралы) және 2 000 дана медреспиратор сатып алынып, жергілікті денсаулық сақтау басқармасының нұсқауына сай қала және аудан ауруханаларына таратылды. Осы аталмыш іс-шараға өзге  дін өкілдерінің де атсалысқанын айта кетуге тиіспіз.

Әңгімемізді ҚМДБ-ның 30 жылдық торқалы тойына қарай бұрсақ. Атаулы мерейтойға орай жыл басынан бері қандай шаралар атқарылды? 

– ҚМДБ-ның 30 жылдық атаулы мерейтойына орай жыл басынан бері республика бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, әр өңір өздерінің үлестерін қосып жатқанын баршамыз білеміз.

Қызылжар өңірі де ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Тимирязев ауданы орталығының тұрғындары Евгений мен Гүлшара Бозжігітовтерге баспана кілті табыс етілді. Бұл – еліміз бойынша мұқтаж жандарға берілген 229-шы үй болса,  өңірімізде  «Қызылжар» орталық мешіті мен «Зекет» қорының бастамашылығымен жерлестеріміздің игілігіне тарту етілген алғашқы баспана.

«Біз біргеміз», «Рамазан сыйы», «Жүрек жылуы»,  акциялары бойынша 1500-ге жуық отбасырға еріктілер арқылы азық-түліктер таратылып, көмек берілді. «Мектепке жол» акциясы бойынша тұрмысы төмен 10 отбасының оқушы балаларына ноутбук сыйға тартылды. Ал «Қайырымдылық керуені» жобасы бойынша 100-ге жуық отбасыға азық-түлік таратылды.

Сонымен қатар ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай 30игі шара бойынша Ақжар ауданының Алқатерек ауылында жергілікті халық игілігіне таза су құдығы беріліп, Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка селосы тұрғындарының игілігіне үш бірдей көпір берілді.

«ҚМДБ 30 жылдығына орай 30 000 түп тал отырғызу» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысы дін қызметкерлерінің ұйытқы болуымен  Петропавл қаласы және барша аудан-елдімекендерде 705 тал ағаш отырғызылды.

Жат ағым жарылқамайды дейміз. Тіпті, жат ағымның ешкімді «жатырқамайтыны», яғни, елге, жерге қарамайтын тұсы бар. Еліміздің теріскей аймағында дінбұзарлармен күрес қалай жүреді?

– Солтүстік Қазақстан облысы теріскейде орналасқандықтан басқа өңірлерге қарағанда жат ағым соңынан ергендер аз деп айтсақ болады. Деструктивті діни ағым жақтастарын теологиялық оңалту жұмысының жүйелі түрде жүргізілуін қадағалап отырамыз. Жат ағым өкілдеріне жеке ықпал ету жұмыстары жүргізіліп тұрады. Жат діни идеологияның кеңінен таралуын алдын алу бойынша діндарлар арасында жалпы профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Өңірімізде 5 түзету мекемесі бар. Барлығына білімді де білікті имамдар оңалту жұмыстарын ұдайы жүргізіп жүр.

Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Келер жылы еліміздің тәуелсіздік алғанына да 30 жыл толмақ. Әрине, біз үшін Отан мен дін – егіз ұғым. Халыққа қызметіміз – Хаққа қызметіміз деп санаймыз. Бас мүфти бастамасымен жолға қойылған жүйелі жұмыстарға бірігіп атсалыса береміз. Ең бастысы, елімізге де, күллі әлемге де қауіп төндірген індеттен аман шықсақ, қалыпты өмірімізге қайта оралсақ болғаны.

Ақиқатында, бұл дүние – сынақ алаңы, ал барлық адам – сыналушы. Яғни, өмірге келдік екен сынақтан, қиындықтан айналып өту әсте мүмкін емес. Қазіргі басымыздағы қиындық – осы заманның адамдарына бұйырған ауыртпалық. Бұған дейінгі уақыттарда ата-бабаларымыздың басына түрлі қиындық өтті. Бірақ өмір тоқтап қалмады, ұрпақ жалғасты, әлі де жалғасып келеді, қиямет орнағанша жер бетіндегі тіршілік жалғаса бермек. Сондықтан бірлігі бекем халқымызға амандық, қиындығына жеңілдік тілейміз. Бұл сынақты да еңсеретінімізге сенімдіміз.

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі