Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Еркінбек ШОҚАЙ: БІЗДІ САБЫР, МЕЙІРІМ ЖӘНЕ ҒИБАДАТ ҚҰТҚАРАДЫ...

Торғын НҰРСЕЙІТОВА https://azan.kz/ 21.04.2020 797 0 пікір
Еркінбек ШОҚАЙ: БІЗДІ САБЫР, МЕЙІРІМ ЖӘНЕ ҒИБАДАТ ҚҰТҚАРАДЫ...

Коронавирус пандемиясы – Алла Тағаланың сынағы. Яғни, Алла Тағала сынақ жіберу арқылы адамзат баласына ақиқат құндылықтарын еске салып отырады. Өйткені, Ол бізді жақсы көргендіктен, қылмыстан, түрлі күнәлардан тыйылып, тура жолмен жүргенімізді қалайды. Осы және өзге де тақырыптарды Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қари Шоқайдан алған сұхбатымыздан оқи аласыздар.

– Бүгінгі коронавирус пандемиясы біздің еліміздің ғана емес, әлемнің проблемасына айналып отыр. Бұл – Алладан келген сынақ және бұндай сынақ бізді өмірдің мәнін терең ұғынуға, тура жолға түсуге бағыттауы керек. Сонымен қатар, біз бірлікке ұмтылып, жүректерімізде татулық пен махаббат, жақындарымызға деген сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімдерін нығайтуымыз қажет.

Алла Тағала Құранда: «Сондай-ақ Біз сендерді аздаған қорқынышпен, таршылықпен, мал мен жанның және жемістердің кемуімен, сөзсіз, сынайтын боламыз. Ендеше, сабырлыларды сүйіншіле», – дейді («Бақара» сүресі, 155-аят)

Яғни, адам баласына бұл өмірде түрлі сынақтар, қиыншылықтар кезігіп отырады, себебі өмірдің өзі – сынақ. Ал осы сынақтардың барлығын абыроймен лайықты түрде еңсерсек, келесі өмірде бізді мәңгілік сый күтері анық. Алланың жіберген сынақтары да әртүрлі және бұл сынақтарды қалай еңсеретініміз – бізге тікелей байланысты.

– Құрметті имам мырза, сынақтарға абыроймен лайықты түрде қалай төтеп беру керек?

– Адам баласы қандай қиындыққа кезіксе де, ол ең алдымен, Жаратқан Иемізге тәуекел ете отырып, шыдамдылық пен сабырлық танытып, Құдайдың жәрдемінен үмітін үзбеуі қажет. Өзі жаратқан жаратылысын қиындығынан Жаратқанның өзінен артық кім құтқара алуы мүмкін? Сондықтан да біз бірінші кезекте Алла Тағаладан отбасымызға, елімізге, жерімізге көмектесуін, берілген сынақты жеңілдетуін сұрауымыз керек. Әрине, қиындық туындаған сәтте Алла бізге одан шығу жолын да ұсынып қойған, соның бірі – дұға.

– Дұға дегеніміз не?

– Дұға – құлшылықтың бір түрі. Дұға – мұсылманның кез келген қиыншылық пен сынақтағы қаруы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, дұға кедейліктен құтқарады, келген сынақты жеңілдетіп, адам баласын қорғайды. Қандай жағдай болмасын, тағдырымызға налып, мұңайып, уайымға салынудың қажеті жоқ. Бізді сабыр, мейірім, тақуалық және құлшылық құтқарады. Қазақта «Сабыр түбі – сары алтын» деген жақсы мақал бар. Егер адам шыдамдылық пен сабырлылық танытып, сенімін жоғалтпай, шариғат заңын сақтап, тура жолмен жүрсе, Аллаға тәуекел етіп, үміттенсе, оның ақыры да қайырлы болмақ. Яғни, адам баласы шыдамды, төзімді, сабырлы болуы арқылы жеңіске жетеді. Оны Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Сабырлық пен намазға жүгініп (Алладан) медет сұраңдар. Ақиқатында, Алла сабырлылармен бірге!» деп айтқан («Бақара» сүресі, 153).

Айтып өткендей, коронавирус пандемиясы – бізге жоғарыдан жіберілген сынақ. Бірақ бұл сынақ – мәңгілік емес, уақытша ғана. Мүмкін ол адалдыққа, әділдікке, тазалыққа ұмтылу арқылы қателіктерден аулақ болсын деген Құдайдың ескертуі шығар. Құранда Алла Тағала: «Оның [Құранның] ақиқат екендігі айқындалғанға дейін Біз оларға [сенбеушілерге] белгілерімізді [кереметтерімізді] көкжиектерде және өздерінде көрсетеміз. Әлде Раббыңның әрбір нәрсеге куә екендігі жеткілікті емес пе?!» - деген («Фуссиләт» сүресі, 53). Яғни, адамдар жаны мен жүрегінде, ісі мен ойында туралықты таппайынша, сенбейінше, қорықпайынша Алла Тағала әртүрлі белгілерді жіберіп отырады.

– Барлығы бұны түсіне бермейді, көбі бұған сенгісі келмейді...

– Әр адамның өмірінде өмір мен өлім туралы, мәңгілік пен фәни туралы, ақиқат пен жалған туралы, Құдай мен ақырет туралы ойланатын сәт болады. Қарап отырсаңыз, қазіргі таңда адамдардың өте жақсы дамыған заманауи техникалық және технологиялық мүмкіндіктері бар: ғарышқа зымырандар ұшып жатыр, жерсеріктік байланыс, интернет, дамыған экономика, білім беру, медицина және тағысын тағы. Адамзат тарихында дәл қазіргі жеткен жетістік бұған дейін болған емес. Бірақ бір таң қалатыны, аяқ астында болмашы ғана көзге көрінбейтін вирус барлығын тоқтатып, бүкіл әлемді жайлап, бәрін үйіне қамады, үрей мен қорқыныш тудырып, адамдардың өмірін жалмады. Сондықтан да Құдайды ұмытпауымыз керек, тек қана Құдайға сыйынып, құлшылық етуіміз керек. Қазіргі таңда, тіпті, мешіттер де жұмысын тоқтатты, жамағатпен бірге намаз оқи алмаймыз. Осы нәрселердің барлығын Алладан келген ескерту деп түсініп, дұғада болғанымыз жөн.

Өкінішке қарай, біздің заманымызда құпталмаған әрекеттер көбеюде. Парақорлық, ұрлық тағы да басқа қылмыстар белең алуда. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парақорлықты, кез келген формадағы пайызға берілген ақшаны (беруші ғана емес, алушы да жауап береді) құптамайды. Сонымен қатар, әлемде зинақорлық көптеп орын алуда. Ол – Исламда құпталмайтын, тыйым салынған өте үлкен күнә. Тіпті, Исламның ғана емес, адамның табиғатына қайшы біржынысты некеге де кейбір елдерде заңды түрде жол берілді. Бұл енді шектен шығу.

Алла Тағала сынақ жіберу арқылы адамзатқа ақиқат құндылықтарын естеріне салады. Ол бізді жақсы көргендіктен, қылмыстардан, күнәлардан тыйылып, тура жолмен жүргенімізді қалайды. Біздің ойымыз да, сөзіміз де, жүрегіміз де, жанымыз да, арымыз да, тілек-ниетіміз де таза болуы керек. Сол кезде Алла Тағала өзінің мейірімін төгіп, адамзатқа ауыр сынақтар жібермейтін болады.

– Өкінішке қарай біз кейбір еліміздегі азаматтардың осындай қиын кезеңді пайдаланып, медициналық бетперделер мен антисептиктерді көп көлемде сатып алып, олардың бағасын көтеріп, қайтадан сатқанын, кейбір таксистердің блок-пост арқылы тезірек үйлеріне жеткісі келген халықтан аспандағы айдың бағасын сұрағанын да көрдік...

– Бұл әрекеттер де шариғатта құпталмайды. Ұлы Абай атамыз бір қара сөзінде: «Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың» деген. Яғни, сенде бәрі жақсы болған кезде, ол сенің көлеңкең сияқты бірге жүреді, ал басыңа іс түссе, бірден жоғалып кетеді. Сіз айтқан адамдар да сондай, халықтың басына іс түскенде «жаман дос» сияқты тамақтың, керек-жарақтың бағасын үстемелеп, пайда көріп қалуды ойлайды. Дәріханада 20-30 теңге тұратын жай ғана бетперделерді 200-300 теңгеден сатып жатқанын мен де естідім. Бір қуантатыны, қазір оларға үкімет тұрақты баға бекітіп қойды.

Исламда апатты жағдайларда, елдің басына қиыншылық туған кезеңдерде тауардың бағасын өсіруге болмайды. Дінімізде бұлай ақша табуға түбегейлі тайым салынған және де ол – қылмыс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қиын кезеңде елге қажетті тауардың бәрін өзіне алып алып, өзінің жеке басының пайдасы үшін қымбатқа сатқан монополист жазаланады деп айтқан.

Біз өмірде жиі куә болатын жағдайдың бірі, ауылдықтар сүт, қаймақ, май, құрт деген сияқты сүт өнімдерін базарға әкелген бойда оны алыпсатарлар арзан бағаға алып, екі-үш есеге қымбатқа сатып жатады. Осындай жолмен байып кетуді ойлайды. Бұл да шариғатта тыйым салынған. Себебі алыпсатардың бұл өнімдерді өндіруге ешқандай да үлесі қосылған жоқ. Екіншіден, шаруа адамының еңбегін жоққа шығарып, оның өнімі құнсыз болып, тек алыпсатарға ғана табыс әкеледі.

Тағы да қайталап айтамын, пандемия – бір-бірімізге қолдау білдіріп, көмектесіп, жауапкершілік танытып, әрдайым ауызбіршілікте болатын сынақ кезеңі. Бұл туралы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осындай вируспен күрес уақытында бірігуге, шыдамдылық танытуға, қолдау көрсетуге шақырады.

Қазіргі таңда біз бір-бірімізді тонап, бір-бірімізге зиянымыз тимеуі керек. Оның орнына игі істер жасасақ, бізге де игілік боп қайтар еді. Игі іс – мейірім, садақа, ал садақа барлық жамандықты қайтарады.

Көбінің ойынша, мейірім ақшамен өлшенеді. Бірақ олай емес. Кез келген ізгі іс – мейірім. Тіпті адамға деген жылы қарым-қатынасың – мейірім, жай ғана жымиғаның да – мейірім. Жақсы сөз, ізгі тілек, қамқорлық, шынайы аяушылық білдіру, көмек қолын созуға асығу – бәрі де мейірім, садақа, игі іс. Бұның барлығы – Жаратқан иемізгі ұнамды қасиеттер. Мейірімнің барлық жамандық атаулыдан бізді қорғап тұратын, тіпті емдей алатын күші бар. Ол біздің – капиталымыз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мейірім адамды бәледен құтқарады» деп айтқан екен. Сондықтан мұсылмандарды мейірімді болуға, көп садақа жасауға шақырады. Егер қиын кезеңде мұқтаж жандарға, ауру адамдарға, көпбалалы отбасыларға, балалар үйіне, қарттар үйіне, жолаушыларға  көмектесетін мүмкіндігіңіз болса, көмек қолын созыңыз. Бұдан сіз ешқашан ұтылмайсыз, керісінше, ұтасыз. Алла Тағала сізді өз панасына алады.

– Кейбір адамдар «үнемі жақсылық жасаймын, бірақ еститінім – алғыс емес, қарғыс» деп жатады...

– Мұндай ойларға жол бермеу керек. Әрине, адамның болмысы сондай, жақсылығыңды ұмытып кетуі мүмкін, бірақ Алла Тағала ешқашан ұмытпайды. Бәрін білуші Жаратқанымыз бірде-бір жақсы ісіңді ескерусіз қалдырмайды. Ол – бәрін көруші, бәрін естуші, жақсылығың да, жамандығың да – Оның есебінде. Алла Тағала Құранда: «Кім зәренің мысқалындай [тозаңдай] жақсылық істесе, оны көреді. Һәм кім зәренің мысқалындай [тозаңдай] жамандық істесе, оны көреді» деп айтқан ("Зілзала" сүресі, 7-8).

Сондықтан да, кішкентай да болсын жақсылыққа болмашы нәрсе ретінде қарамауымыз керек. Ол мейлі, кішкентай болсын, тіпті, бір теңге тұратын болса да, біз оны жасауымыз керек. Ол жақсылығымыз садақа болып есептеледі. Құранда игі істерде бір-бірімізге көмектесуіміз керек екенін, барлығымыз Алланың жаратылысымыз екенін, бөлінбей, бірге болуымыз керектігін айтады. Бірлікте ісің алға басады. Бірлік бар жерді ешқандай жау алмайды, мына жағдайдан тезірек шығамыз. Ата-бабаларымыз елдің басына іс түскен кезде бірлікке, достыққа, сабырға бекерден бекер шақырмаған ғой.

– Карантин бәріне бірдей оңай болып жатқан жоқ, кейбіреулер ТЖ ережесін бұзып, бетперде тақпай, көшеде себепсіз қыдырып, той-томалақтарын ұйымдастырып, мүлде қауіпсіздік шараларын сақтап отырған жоқ. Тіпті, карантинде ауруханадан қашқан жағдайлар да болды.

– Ол, әрине, дұрыс емес. Егер сен карантинде толық жазылмай жатып, ауруханадан қашсаң, бірінші кезекте, жақындарыңа, отбасыңа жұқтыруың мүмкін. Өзің ғана ауырып қоймай, өзге біреуді де ауыртасың, қаншама зиян келтіресің, өзіңе күнә аласың. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мұсылман ешкімге зиянын тигізбеуі керек» дейді. Мұсылман адам тек қана пайдасын келтіруі керек. Егер пайдалы бола алмасаң, ең болмағанда, зияныңды тигізбе.

Қасиетті Құран мамандардың пікіріне құлақ асу керектігін айтады: «Егер өздерің білмесеңдер, зікір [ғылым] иелерінен сұраңдар» ("Әнбия" сүресі, 7). Біз міндетті түрде, осы вирусты тоқтату жолында біздің денсаулығымызды қорғау үшін күні-түні жанын салып жүрген дәрігерлердің кеңесін тындауға тиіспіз. Қарап отырсақ, қаншама дәрігер мен қаншама мейірбике ауырып жатыр, сонымен қоймай, өз өмірлері мен денсаулықтарын тәуекелге тікті.

Жақында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ТЖ режимі сәуірдің аяғына дейін созылатынын хабарлады. Президенттің айтуынша, «біз әлі коронавирус ауруының шарықтау шегіне жеткен жоқпыз, және эпидемиялық жағдайды жеңілдетуге болмайды. Карантин мен өзін-өзі оқшаулаудан басқа шығар жолы жоқ». Осы мүмкіндікті пайлана отырып, қазақстандықтарды Президенттің жарлығына ден қойып, ТЖ кезеңінде бекітілген барлық ережелер мен талаптарды орындауға шақырамын. Бұл әрекетіміз осы қасіретпен күрес жолындағы үлесіміз деп біліңіздер. Егер біз барлық сақтық шараларын орындап, заңға бағынатын болсақ, сабыр сақтап, ізгі амалдар жасасақ, Алланың қалауымен, міндетті түрде бұл сынақтан өтеміз.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет өзінің үндеуінде отандастырымызды және барлық Ислам әлемін құлшылық жасап, дұғада болуға шақырды. Біздің жамағатымыз да қазір Алладан еліміздің өркендеуін және барша әлем эпидемияны еңсеріп, сынақтан жеңіл өтуін тілеп, дұға етуде. Әумин!

Сұхбаттасқан Торғын НҰРСЕЙІТОВА

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі