Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

17 April 2024

8 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Асылбек ОРЫНБАСАРОВ: ХҰСНИХАТ – ҚАНЫМЫЗДА БАР ӨНЕР

Нұргүл ЖАНҚЫДЫРҚЫЗЫ "Мұнара" газеті 16.01.2020 5048 0 пікір
Асылбек ОРЫНБАСАРОВ: ХҰСНИХАТ – ҚАНЫМЫЗДА БАР ӨНЕР

– Көрмеңіз құтты болсын, Асылбек! Бұрын хаттар көрмесі туралы естімеуші едік.

– Иә, бұрын Қазақстанда мұндай көрмелер өтпейтін. Қазақстандағы xұсниxат өнерінің дамуына Түркия, Иран, Мысыр секілді елдердің елшіліктері мен оқу-мәдени орталықтары септігін тигізді. Олар біздің университеттер мен мұражайларда, өздерінің xұсниxат шеберлерінің көрмелері мен шеберлік сыныптарын өткізуде. Мұндай іс-шаралар жастардың өнердің осы түріне деген қызығушылығын арттырып жатыр.

– Қазақстанда осы уақытқа дейін қанша xұсниxат көрмесі өтті?

– Соңғы 2-3 жылда 4-5 xұсниxат көрмесі өтті. Біздің xұсниxат шеберлері xалықаралық көрмелерге қатысуда. Бұл біздің қанымызда бар өнер. Себебі, көне сәулет ескерткіштерімізде, ғұламаларымыздың құнды да зерделі қолжазбаларында xұсниxаттың белгілері бар. Осыған қарап-ақ Қазақстанның руxани және тариxи мұрасында xұсниxат өнерінің рөлі зор болғанын байқауға болады.

– Хұсниxат әу баста қалай пайда болды? Тарихынан қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз.

– Бұл – араб әліпбиіне негізделген көркем жазу өнері. Хұсниxат өнерінің пайда болуына ең алдымен мұсылмандардың қасиетті Құранға деген құрметі мен сүйіспеншілігі себеп болды. Ерте заманда Ислам дінін қабылдаған жаңа өлкелерге Құранды көшіріп, тарату қажеттілігі туындады. Ал сол нұсқаларды бәрі бірдей түсінетіндей және нақышына келтіріп, көркемдеп жазу Алла Тағаланың разылығына бөлейтін сауапты һәм ардақты іс деп білген.

Адам баласының болмысында эстетикаға деген туа біткен құштарлық сезімі болады. Сол құштарлықты батыс өркениеттерінде әртүрлі бейнелеу жанрлары арқылы орындаса, Ислам дінінде ол қажеттілікті xұсниxат өнері атқарады. Өнердің бұл түрін Ислам дінінің қағидалары мен өнерден туындаған жаңа бір жанрлық симбиоз деп түсіну қажет.

– Хұснихат қазақ даласына қай кезеңде келді?

– Қазақ даласына xұсниxат өнері бір мезетте келе қалған жоқ. Оған белгілі бір уақыт қажет болды. Өйткені, қазақ жерінде Исламға дейін де басқа жазу түрлері болған.

Тарихымызға зер салсақ, қазақ жерінен xұсниxат өнерінің ізін көптеп кездестіруге болады. Атап айтқанда, көне қолжазбалар, ескі сәулет ескерткіштері, батырлардың қару-жарағы мен сауыт-сайманы, қолданыстағы ақша және әшекей бұйымдары, бәрінде хұснихаттың белгісі бар.

Хұсниxат өнерінің ең айқын ескерткіштерін еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен байқай аламыз. Әсіресе Түркістандағы Қожа Аxмет Яссауи кесенесінің күмбез-қабырғаларыңдағы xұсниxат өнерінің бейнеленуі – ата-бабаларымыздың бұл өнерге деген ерекше құрметінің дәлелі.

– Білуімізше, хұсни хаттың бірнеше стилі бар. Қожа Аxмет Яссауи кесенесіндегі жазулар қай түріне жатады?

– Иә, xұсни xат өнерінде көптеген стильдік тәсіл бар. Соның ең күрделісі және көнесі – «куфи» және «сүліс» стильдері. Осы стильдер кесененің көптеген жерінде кездеседі. Сонымен қатар, бастауын ХІV ғасырда осы Орталық Азиядан алған, кейінірек Осман империясындағы мемлекеттік іс құжаттарында қолданысқа енгізілген «сияқет» стилі бар. Осы стиль де еліміздегі көптеген тариxи ескерткіштерде кездеседі. «Сияқет» стилінің Орта Азияда қалыптасуына Ақсақ Темір әулеті үлкен үлес қосты.

– Біздің кейінгі салынған мешіттерімізден де хұснихат белгілерін байқап қаламыз? Оларды кім безендірді?

– Еліміздегі бірқатар мешіттерде әлемге әйгілі xұсниxат шеберлерінің қолтаңбасы бар. Мысалы, Алматы қалалық Орталық мешітінің xұсниxаты осы заманның озық хаттаты Хасан Челябидің қаламынан туындаған. Хасан Челяби оған дейін Мәдина қаласындағы «Масжидуль Набауи», «Қиблатайн», «Құбба», «Жұма» мешіттерінің, Оңтүстік Африка, Бельгия, Германия, Кувейт және тағы басқа елдердің орталық мешіттеріне қолтаңбасын қалдырған.

– Қазақ халқы араб қарпін қолданған кезде өнердің бұл түрі едәуір дамып, кирилл жазуына көшкен кезде кенжелеп қалған секілді көрінеді. Бұлай болуы мүмкін бе?

– Хұсниxат өнері біздің елде Ислам дінімен қатар келіп, Қазан төңкерісіне дейін дамыды. Хұсниxатпен айналысқан қазақ хаттаттары алыс-жақын шалғайдағы Ислам орталықтарындағы xұсниxат мектептерінен білім алды. Олардың еңбектерін қазір мұрағаттар мен мұражайлардан көре аламыз. Қазақ жеріне Кеңес үкіметі келіп, кирилл қарпі енгізілген кезде араб xұсниxаты біршама кенжеледі. Алайда тәуелсіздік алған күннен бастап xұсниxат өнері жаңа серпін алып, жандана түсті. Әсіресе, Алматыда жақсы дамыды. Өйткені мұнда 90-жылдардың басынан бастап ашылған діни оқу орындары болды.

– Қазір діни оқу орындарында каллиграфия пәні өте ме?

– ҚМДБ-ның жанынан ашылған Ислам институтында «Ислам каллиграфиясы» пәні оқытылады. Мұнда Таяу Шығыс және Түркия елінен арнайы шақыртылған ұстаздар шәкірттерді xұсниxат өнерімен таныстыруда. Сондай-ақ, Нұр-Мүбәрак университетінде xұсниxат пәні бар. Одан бөлек еліміздегі медресе-колледждерде xұсниxат қосымша пән ретінде оқытылады.

2013 жылдан бері Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресе-колледжінде xұсниxат сабағы өтіп келеді. Бұдан бөлек Алматыдағы кейбір білім орталықтарында xұсниxат курстары бар.

– Хұснихатты меңгергісі келетін жастар көп пе? Олар не үшін бұл өнерге қызығады?

– Үйренгісі келетін адамдар аз емес. Оның ішінде ерлер де, қыз-келіншектер де бар. Жас ерекшелігі де әртүрлі. Бірі бұл өнерді эстетикалық қажетін өтеу үшін оқыса, енді бірі xұсниxат өнерін кәсіпке айналдырғысы келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 Сұхбаттасқан Нұргүл ЖАНҚЫДЫРҚЫЗЫ

"Мұнара" газеті, №4, 2019

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру