Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕЛ БЕРЕКЕСІ – БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай 17.09.2019 1312 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы Қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы Мақсат қажы Алтыбаймен сұхбат.

 

– Құрметті өкіл имам, таяуда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында дінаралық түсіністіктің  маңыздылығы жөнінде әңгіме қозғады. Осы келелі мәселе жөнінде өзіңіздің ойыңызды білдіре кетсеңіз.

– Президентіміздің тұңғыш Жолдауы көптеген өзекті мәселелерді көтере келіп, табыстың кілті елдегі береке-бірлік екендігі қадап айтылды. Мемлекет егесі болып саналатын қазақ ұлтына қойылатын жауапкершілігі жөнінде ой қозғалды. Жалпы  көп ұлтты мемлекет болғандықтан ел ішіндегі береке-бірлікке айрықша көңіл бөлінуі керек. Елімізде бұл бағытта тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап  көптеген игілікті істер атқарылуда. Соның арқасында елімізде жүзден астам ұлыстар бейбіт, тату өмір сүруде. Біздің ең басты байлығымыз мелекетіміздегі ынтымақ деп білеміз. Бейбітшілік, өзара түсіністік бар жерде табыс та, жеңіс те болады.

– Бүгінгі таңдағы халқымыздың діни сауаттылығы жөнінде не айтасыз?

– Кеңестік замандағы атеистік қоғамнан кейін қайта оралған  дінімізді  халық арасына насихатталуы біршама жақсы жолға қойылды. Қазіргі кезеңде қаламыздағы, аудан орталығындағы  көптеген мешіттерде қызмет атқаратын дін қызметкерлерінің жоғары діни білімдері бар. Сонымен қатар, халық арасында жүргізілетін діни уағыздардың тақырыбы да, сапасы да көтерілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен елімізде көптеген діни оқу орындары ашылды. Отандық діни білімнің қара шаңырағы болып отырған Нұр-Мүбарак Ислам университеті дін саласына маман дайындау ісі  бойынша алдыңғы қатарда тұр. Семей өңірінен жыл сайын еліміздегі діни оқу орындарына 10-15 шақты талапкер оқуға түсуде. Алдағы уақытта талапкерлердің санын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.

Дін саласын зерттеп жүрген мамандардың айтуынша,  басқа  ағымның жетегіне кететін жастардың басым   көпшілігінің  діни сауаттылығы төмен екен. ҚМДБ-ның тапсырмасы бойынша біздің аймақта жастармен жұмыс істеу жақсы жолға қойылған. Әр ай сайын дінтанушылар, дін қызметкерлері оқу орындарына барып, студенттермен жиі кездесіп тұрады. Алдағы уақыттарда да бұл шара қарқынды атқарылады.

– Жастардың ең көп топтасқан жері ол әлеуметтік желі. Шекарасы  мен шектеуі жоқ ғаламтордағы теріс үгіттер жастарымызды адастырмай ма?

– Бұл бүкіл қоғамды алаңдатып отырған  проблемалардың бірі. Әрине бүгінгі таңда жаңа дәуірдің жетістігі болып отырған интернетке шектеу қою қиындау. Дегеменде қол қусырып отыруға болмайды ғой. Бірінші кезекте халықтың діни сауаттылығына көбірек көңіл бөлінуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы бойынша әр аймақтағы өкілдіктерде діни бағыттағы сайттар ашылған. Мәселен біздің сайтымызда материалдар беріліп, көптеген өзекті сауалдарға дер кезінде жауап беріліп отырады.  Меніңше бұрынғыдай емес, жамағаттың да діни сауаты біршама көтерілді. Ненің жақсы, ненің жаман екендігін көпшілік түсіне бастады.

Жалпы осы өзекті мәселеде  ата-ананың рөлі ерекше. Әрбір ата-ана өз баласының діни сенімінің қалыптасуына ықпал етіп отыру керек. Өкінішке орай, кейбір адамдар баласының қандай сайттардан ақпарат алып жүргеніне көп көңіл бөлмейді. Ал интернетте баланың енді қалыптаса бастаған санасын әртарапқа жетелейтін контенттер жеткілікті. Интернет – ну орман. Бағытыңды  білмесең адасасың. Әсіресе ой танымы енді қалыптаса бастаған жас өспірімдерді  көбірек сақтандырған жөн. Бұл бірінші кезекте ата-ананың міндеті деп білеміз.

Таяуда  бір отырыста бір адам өзінің баласының түнімен компьютерде отыратынын айтып масаттанып отырды. Жанында отырған  жасаңдау келген жігіт балаңыз түнімен ғаламтордан не қарайды? - деген тосыннан қойылған сауалына жауап бере алмай тосылып қалды...

– Соңғы кезеңдерде әлеуметтік желі арқылы тәңіршілдікті насихаттайтын топтар шыға бастады. Осы бағыт қаншалықты қауіпті?

– Тәңіршілдік – дін емес. Наным-сенімді дінмен шатастырмайық. Қауымға жол нұсқайтын кітабы, пайғамбары жоқ дін болмайды. Қасиетті  Құранда: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік. Алла аса үстем, хикмет иесі» («Ниса» сүресі, 165-аят).

Тарихқа үңілсек әлемнің көптеген халықтары кезінде тәңіршілдіікті ұстанған екен. Оның ішінде түркі халықтары да бар. Солардың ешқайсысы бүгінде   біздің  дініміз тәңіршілдік болған екен  қайта оралайық  деп ұрандатып отырған жоқ. Әрине бүкіл қазақ бүгін біреу айтты екен деп басқа сенімге ауып кетеді деген ойдан аулақпыз. Дегенменде ел ішінде әртүрлі санадағы, жат пиғылдағы  адамдар баршылық. Бір өкініштісі, осы пікірді ел арасына таратып жүрген адамдардың ортасында зиялы қауымның өкілдері бар. Ел ортасына жік тастау ұлттың бірлігіне нұқсан келтіретіндігін ұмытпаған абзал. Жалпы кез-келген жат ағым біздің қоғам үшін қауіпті. Ұлт  болашағын ойласақ бір дінде, бір мазҺабта болуымыз керек. Яғни дініміз – Ислам, мазһабымыз  – Абу Ханифа.

– Жалпы Ислам дінінің қазақ тарихынан алар орны қандай?

– 12 ғасырдан бері халқымыз Ислам дінінде. Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі мұсылмандықпен  сабақтасып кеткен. Кез келген салт-дәстүрімізге қарасаңыз шариғатқа қайшы келетін тұстары жоқ. Қандай қилы кезеңде де  халқымыз Исламды өзіне рухани тірек еткен. Кешегі 70 жылдық атейстік кезеңде халқымыз іштей діннен қол үзбей, өзінің мұсылман екендігін ұмытқан жоқ. Қатаң тыйымдарға қарамастан көптеген адамдар бес уақыт намазын  оқып,  қайтыс болғандарды мұсылмандық жолмен  жаназа оқып жерледі.

Кеңес заманында  осы Семей қаласында 3-4 мешіт және  Аякөзде, Үржарда, Мақаншыда мешіт жұмыс істеген екен. Көнекөз  қарияларымыздың айтуынша, өткен ғасырдың 60-70 жылдары дінге қатаң шектеу салынғанына қарамастан Семейдегі Тыныбай мешітіне жұма намазына ұдайы жамағат жиналып тұрған. Ал отаршыл орыс патшалығы  қазақтарды шоқындыру саясатына  қанша күш салса да, халық өз дініне берік болған. Ел басында жүрген лауазымды қазақ азаматтары Ресей патшалығының жымысқы саясатына қарсы жауап ретінде  ел арасына мешіт, медресе салдырған. Мәселен Құнанбай қажы  Шыңғыстауда  медресе  салса, Ақсуат өңірінде Тана мырза  діни ағарту ісімен айналысқан. Сол кезеңде Семей қаласында 20 медресе, 13 мешіт болғаны тарихи еңбектерде жазылған. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсариннің 1884 жылы жарық көрген «Мұсылманшылдықтың тұтқасы», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты» кітаптары  халықтың діни сауатын ашу  мақсатында  жазылған еңбектер. Ата-бабаларымыз төл дінімізді  осындай    жанкештілікпен сақтап, бүгінгі заманға жеткізген.

Бүгінгі таңда халқымыз кез келген мәселеде  ынтымақта болуы керек. Ата-бабамыз: «Бөлінгенді бөрі жейді» - деп бекер айтпаған. Қазақтың рухани ұстазы Хакім Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дей келе,

«Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос» - деп қазақты береке-бірлікке шақырған. Міне, осы ғибратты сөз қазаққа мәңгілік ұстанатын қағидат  болуы керек.

Кезінде Бұқар жырау, Дулат ақын, Майлықожа, Әсет ақын, Ақыт қажы  сияқты көптеген қазақ ақын-жыраулары Ислам құндылықтарын өз жырларына арқау еткені баршамызға аян.

Сөз соңында айтарым, асыл дінімізді дәріптеп, ата-баба жолында болайық! Алла Тағала егеменді еліміздің мәртебесін үстем етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Сұхбатыңызға рахмет. Дін жолындағы қызметіңізге табыс тілейміз.

 

Сұхбатты жүргізген

Д. Рамазанұлы,

Семей қаласы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру