Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА...

Дәулет ТІЛЕУХАНҰЛЫ muftyat.kz 16.07.2020 1341 0 пікір
АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА...

Қазақта «Адам ұрпағымен, ағаш жапырағымен көрікті» деген сөз бар. Қазақ халқының тұрмыс-салтында ағайын-туыс қатынасының маңызы зор. Себебі ұлтымыз ұрпаққа ерекше мән берген. Ағайын арасындағы сыйластық пен береке арқылы бүкіл рудың және ұлттың берекесін сақтаған.

Қазақта ағайын-туыстың өзара қарым-қатынасының жақсы болуының нәтижесінде көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер шешіліп отырған. «Ағайынның азары болса да безері болмайды» деп ағайын арасындағы түсініспеушіліктерді өз арасында реттеп келген. Ағайын бірлігі дегеніміз елдің ынтымағына саяды.

Исламда да туыстық қатынастарға терең мән берілген. «Ниса» сүресінің 35-аятында: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» делінген. Яғни ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынасқа баға бере отырып, бірлік-берекеде болуды үкім еткен. Асыл дінімізде ағайындар арасындағы бірлік қоғамның маңызды бөлігі ретінде қарастырған.

Құранның «Нахыл» сүресі 90-аятында: «Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады» делінген. Біздің бірге туғандарымызбен әрдайым бірлікте болуымыз, Ұлы Алланың әмірі. Ислам ынтымақты, білікті уағыздайтын бірден-бір тура жол.

Ағайын-туыс арасындағы байланыс жайлы Ислам ғұламаларының хадистеріне үңілсек, Бара бин Азиб (р.а) риуаятында: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге науқас кісіні зиярат етуімізді, жаназа намазына қатысуымызды, зұлымдыққа ұшыраған кісіге жәрдем беруімізді, түшкірген адамға «Ярхамукаллаһ» деуімізді, шақырылған жерден қалмауымызды және сәлем берілгенде сәлем алуды міндеттеді» деп туыстық қатынастың адамдар арасындағы өзара бірліктің нышаны екеніне тоқталады.

Ал Әбу һұрайра (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бір науқастың хал-жағдайын сұрап барса немесе дін бауырын Алла үшін зиярат етсе, періште оған: «Бақытқа кенелдің, қадамың игілікке толды әрі жәннаттан өзіңе бір орын әзірледің», - деп жар салады», - деген.

Халқымыз «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп бекер айтпаған. Қазақтың ақын-жыраулары да бұл жайында небір жақұт сөздер қалдырған. Берекеміз бұзылмасын!

 

Дәулет ТІЛЕУХАНҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бірінші наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі