Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ХИКМЕТІ

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы 02.08.2019 4115 0 пікір

Қажылыққа барған адам бойдәрет (ғұсыл) алған соң екі құлаш ақ матаны оранып, ихрам хәліне енеді. Ихрам – пендеге үлкен жауапкершілік жүктейді. Айта кетері сол, басқа уақытта рұқсат етілген амал дәл осы ихрам хәліндегі адамға адал емес. Тіпті шыбық сындырып, шыбын өлтіруге де болмайды. Бұл – берісі ғана. Міне, мүмін қажылықта осылай тәрбиеленеді. 

Ұлы сапарда мұсылман бір минутын бос өткізбеуге ­тырысады. Оның игілікке толы бір сәті бүкіл ғұмырын ізгілікке толтыруы мүмкін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласын санаулы сәттер мен күллі өмірді рухани құндылықтарға арнауға шақырған.
Ихрамдағы қажы артық сөз айтпауға, біреуді ренжіт­пеуге, қоршаған ортаға қылдай қиянат жасамауға барынша белді бекем буады. Сөзін, өзін, санасын, амалын түзетуге, тазартуға тырысады. Жан мен тәннің тазалығын сақтайды, жүйрік ойды жамандықтан тыяды. Сауапты сапарда пайғамбар хадисі бағдаршам іспетті: «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ үлкенді-кішілі күнәлардан сақтанса, анасынан жаңа туған сәби секілді пәк күйінде оралады».
Өмірге қайта келу, рухани түлеп, жаңарып, ғибратты ғұмыр кешу деген осы болса керек.
Қажылық кезінде Мина жазығынан Арафат аймағына бет алған қажылар бесін мен екінті намазын қосып өтеген соң ақшамға дейін тек дұға жасайды. Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Алла Тағала Арафат күніндей тозақтан көп пенделерді азат ететін күн жоқ…» депті. Осы мезгіл адамның екі дүниедегі өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Мұндай мүмкіндікті қажылар қалай жіберіп алсын?! Тік тұрып, тілек айтады, Аллаға мадақ жолдайды. Көзі жасқа толып, жалбарынады.

Қажылық кезінде шатырда түнеу – шыдамдылықты талап етеді. Күннің аптап ыстығы салқындатқышқа дес бермейді. Оған да шүкір етпеген пенде Арафатта сыналады. Онда көңілге медеу болатын салқындатқыш та жоқ. Жағдай «нашарлай» бастайды. 45 градус ыстыққа қорған болған шатырдың барына шүкір етесің. Арафат даласында тұру – қажылықтың басты парыздарының бірі. «Қажылық ол – Арафат» деген хадис бар.

Ақшамға дейін жалғасқан дұғадан кейін қажылар Мұздалифа жазығына бет алады. Автобусқа тыным жоқ. Адамды таңға дейін тасымалдайды. Мина, Арафаттан кейін Мұздалифа жазығында жұмыр басты пенденің «тәкаппарлық» дейтін дертіне «ем» жүре бастайды. Өйткені тақыр әрі тасты жерге түнеуге тура келеді. Түнеу дейміз-ау, қажылардың соңғы легі таңға дейін Мұздалифаға жеткізілгенін көрдік. Көз шырымын алмастан жаяулатып Жамаратқа шайтанға тас лақтыруға барады.

Әрине, ихрам хәліндегі пенде мұның бәрін «түсіністікпен» қабылдайды. Себебі ашулануға, мазасыз күй кешуге немесе осынау кезек пен абыр-сабыр, қарбалас жағдайларға наразылық білдіруге «рұқсат» жоқ. Сол «рұқсат жоқ» деген түсінік түйсікті әбден билеп алады.

Мұздалифадағы тасты жерге кеудесін төсеген әлжуаз, пақыр, шарасыз пенденің Алла алдындағы жай-күйі, ахуалы айқындала түседі. Өткінші қызыққа рақаттанған асау нәпсі езіліп, құлдық ұрады.

Шайтанға тас лақтыру рәсімінен алатын сабақ көп. Біз мұны жағымсыз мінез бен ұнамсыз амалдарды сол жерге тастап кету деп ұғындық.

Таудың етегіне түнеген адам осыдан кейін төменде төсеніші, төбеде шатыры бар Мина жазығын аңсайды. Адам баласы бардың қадірін жоқ кезінде біледі екен. Минадан кейін сап-салқын қонақүй – нығметтің нақ өзі дерсің. Тақыр жерден жұмсақ жиһазға жатудың өзі бір ғанибет.
Алла Құранда адам баласын шүкірі аз, сабырсыз деп сипаттауының мәні бар. Сәл сынақ келсе, сыр беріп қаламыз.


Қажылық – сабыр мектебі. Түрлі сынақтар пайда болғанда пенде шайқалып қалмау үшін оның иманы ғана көмекке келеді. «Иманым менің – жиғаным» дегені осы шығар.

Қажылықты өтеуге жалғыз ниеттің өзі жеткіліксіз. Қажылық – ізгі ниетпен, денемен, амалмен, бар болмыспен, қаржымен атқарылатын ұлы құлшылық. Сауабы мол сапарда денсаулықтың жақсы болуы да аса маңызды. Қажылыққа рухани тұрғыдан дайын болған адам тәннің саулығын да ескеруі тиіс.

Өткен жылғы қажылық ғибратты оқиғалармен есте қалды. Мына бір жағдайды айтпай кетпеске болмас. Кувейттік шейх Омар Халифа аш-Шайиджи әлеуметтік желіде ғибратты ­мысалмен бөлісіпті. Ғалым кран құлап, дүние салған мысырлық мұсылман жайлы әңгімелейді. Ол ұзақ жылдар бойы қажылыққа қаржы жинайды. Ұлы сапарға шығу үшін барлық мүлкін сатуға мәжбүр болыпты. Тіпті өмір бойы жиған-тергеніне сатып алған жер телімін де саудалауға шешім қабылдайды. Адамдар: «Бәрін сатып бітірдің, енді қызыңа неңді қалдырып бара жатсың» дегенде: «Оған Алланы қалдырып бара жатырмын. Ол – Жарылқаушы, бәрінен Ұлы» депті. Мысырлық қажы қасиетті мекен – Меккеде жан тапсыруды армандапты және қайтыс болған жағдайда сол жерде жерлеуді өтінген. Алла аузына салды ма, шынайы қалады ма, әйтеуір тілегі орындалыпты: қасиетті жерде қайтыс болғандар арасында әлгі адам да болған.

Сауд Арабия Корольдігі үстіне кран құлап, мерт болғандардың туыстарына 2 млн. фунт өтемақы төледі. Қайтыс болған мысырлық қажының қызы да осы қаржыны алыпты. «Ол Аллаға әділ болды. Алла да оған әділ болды» деп жазады кувейттік ғалым. Иә, өзінің өлімі арқылы өнеге қалдырды. Раббымыз рақымына бөлесін дейміз.

Түйін: Отбасын, қызметін, көлігін, мал-мүлкін тастап,­ Мекке мен Мәдинаны бетке алып, Жаратушының шақыртуын қабыл алған пенде екі құлаш матаға оранып, Алланың алдында күнәлары үшін жарылқау тілейді, өкінген күйде кешірім сұрайды, іштей есеп беріп, Онымен сырласады.­ Қате-кемшіліктер мен жасаған күнәларың үшін өзіңді жеп қоя жаздайсың, ұялған түрде алақан жайып, дұға етесің. Оны қайталамауға уәде бересің. Ал жасаған жақсылықтарың мен ізгі амалдарың үшін Жаратқаннан жарылқау тілейсің. Қажылық – Алла мен адамның арасындағы сырлы сұхбат іспетті. Осылайша, қажылықтан қайтқан адам өмірге қайта келгендей күй кешеді…

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру