Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ПАЙҒАМБАРДАН ﷺ НАСИХАТ

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 10.05.2019 5320 0 пікір

image of news

Қасиетті Рамазан айы болатын. Күндердің күнінде Алла Елшісі ﷺ сахабаларына былай деп насихат айтқан екен:

"Уа, адамдар! Алланың айы берекетімен, жақсылығы мен кешіріміне толы болған күйде келіп кірді. Алла Тағала бұл айды өзге айлардан ерек еткен. Бұл айдың әр күні өзге айлардан хайырлы, ал түндері өзге түндерден, әрбір сағаты өзге сағаттардан ерекше.
Бұл ай Алла Тағала біздерге ораза ұстап, құлшылық жасауды бұйыратын ай, бойсұнғандар болса, мейіріміне алады. Бұл айдағы әрбір алған демдерің үшін сауапқа кенелесіңдер. Тіпті, ұйқыларыңның өзі құлшылық болмақ. Сауапты амалдарың қабыл болып, дұғаларыңа жауап аласыңдар.


Раббыларыңа шынайы ықыласпен, күнә мен кектен арылған халде жалбарынып, Жаратушыдан ораза тұту мен Құран оқуда жәрдемші болуын сұрауларың қажет. Расында, осы мәртебелі айда Алланың кешірімінен мақұрым қалған біреу болса, ол ең бақытсыз жан.
Ораза уақытында Қиямет күніндегі аштық пен шөлді есте ұстаңдар.


Мұқтаж жандар мен кедейлерге садақа беріңдер.
Үлкендерге құрмет көрсетіп, балаларыңа жанашыр әрі туғандарыңа мейірімді болыңдар.
Қарғыс сөзден тілдеріңді сақтаңдар, харамнан көздеріңді, ал құлақтарыңды бос сөзді тыңдаудан сақтаңдар.


Жаратқанның алдында тәубе етіп, намазда қол жайып кешірім сұраңдар, себебі бұл ай Алла Тағала құлдарына мейірімін төгетін шақ. Егер Алла Тағалаға жалбарынар болса, Ол жауап береді, егер Одан сұрайтын болса, құлының қолын бос қайтармайды.


Ей, адамдар! Сендер ар-намыстарыңды қалауларыңның құлы етіп алғансыңдар. Оны босатыңдар, Алладан кешірім тілеп, оны бос қойыңдар. Күнәларыңның ауырлығынан белдерің сынып кетуі мүмкін, ендеше, Алла алдында бастарыңды иіп, жүктеріңді жеңілдетіңдер. Естеріңде болсын, Алла Тағала намаз оқып, сәжде еткен пендені Қиямет болғанда тозақ отынан сақтауға уәде еткен.


Уа, адамдар! Кімде кім бір мұсылманға ауыз аштырар болса, Алла Тағала ол адамға құл азат еткендей сауап жазып, күнәсін кешіреді",-дегенде сахабалар:


"Алайда оған көпшілігіміздің шамамыз келе бермейді",-дейді. Сонда Алла Елшісіﷺ :


"Шамаларың келмесе, жарты құрма яки сумен болса да өздеріңді тозақ отынан қорғаңдар",-деп жауап береді.

"Уа, адамдар! Осы айда көркем мінезді болғандарың аяқтар тайып кететін күні Сират көпірінен жеңіл өтетін болады.
Алла Тағала осы айда қол астындағы қызметшісіне жеңілдік берген адамның есебін жеңілдетеді, ал мәртебелі айда өзгелерге зиян бермеген адам Қиямет күні Алланың қаһарынан аман болады. Бұл айда жетімдерге мейірімді болған пендеге Алла Тағала Қиямет күні рақымдылық көрсетеді.
Бұл айда кез келген туыс не жақынымен жақсы мәміледе болған жанды Алла Тағала Қияметте сауапқа кенелтеді.


Ораза айында намаздарын толық орындаған пендені Алла Тағала тозақ отынан сақтайды әрі өзге айлардан қарағанда 70 есе сауапқа кенеледі.
Өзгелердің амал таразысы жеңіл болып тұрған кезде, маған салауат айтқан жанның таразысы ауыр тартпақ. Осы айда Құраннан тым болмаса бір аят оқыған адам өзге айда Құранды толық оқығандай сауап алады.


Уа, адамдар! Жәннаттің қақпасы Рамазан айы шыққанша ашық болмақ. Ол қақпаның сендер үшін жабық болмауын Жаратқаннан сұраңдар. Бұл айда тозақтың қақпасы жабық болады, Раббымыздан біздер үшін ашық болмауын сұраңдар. Лағынет шайтан кісенделетін айда сендерді басып озбауын сұраңдар".


Әли ибн Әбу Талиб Алла Елшісінен ﷺ :
"Уа, Алланың Елшісі, бұл айдағы ең қайырлы амал қай амал?"-деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ сонда:


"Әбу Хасан, бұл айдағы ең жақсы амал Алла Тағала тиым салған нәрсенің барлығынан аулақ болу",-деп жауап береді.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру