Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Үлкен күнәларын іздеген пенде

18.06.2015 4713 0 пікір

Сүйікті бауырлар! Қандай бір жақсы іс болса пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соны қалдырмастан біздерге көрсетіп кетті. Сонымен қатар, қандай да бір жамандық болса содан біздерді сақтандырып кеткендігі белгілі.

Бірде ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларымен сұхбат құрып, оларға керемет бір оқиғаны баян етті.

Бұл өзінің үлкен күнәларын іздеген пенде жайындағы әңгіме еді. Иә, сол пенденің оқиғасы қандай десеңізші!

Келіңіз, онымен бірге танысайық!

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Әлбетте, мен тозақтан ең соңғы болып шығатын тозақ иесін және жәннәтқа кейінгі болып кіретін жәннәт иесін білемін»,-деді. Сол жерде отырған сахабалар хадисте айтылған кісі жайында білу үшін тағаттана пайғамбар (с.ғ.с.)-нің әңгімесіне құлақ түрді.

Сүйікті Алла елшісі (с.ғ.с.) қиямет күні бір кісі амалдары үшін Хақ Тағаланың құзырына есеп беруге келтірілетіндігін баяндады.

Әлгі пенде Жаратқан Иенің алдында тұрған сәтінде Алла Тағала періштелерге  сол кісінің істеген үлкен күнәларын емес, бәлкім кішкентай күнәларын өзіне тізіп көрсетуді бұйырды.

Періштелер әрбір жасаған кішкентай күнәларын тізіп көрсеткен сайын өнебойын қорқыныш билеп, тозақ отына кіретіндігін түсінді. Періштелер:

– Пәлен күні осындай-осындай күнәні жасадың ба?

– Иә, өкінішке қарай жасағаным рас, - деп жалтаруға жол таппай амалсыздан бәрін мойындайды. Жәннәттан күдерін үзіп, тозаққа кіретіндігіне сенімді болған бұл пенде сары уайымға салынып тұрған сәтінде, кенеттен періштелер оған:

– «Алла Тағала сенің әрбір аталған жамандығыңды жақсылыққа алмастырды»,- деп сүйіншілейді.

Субханалла! Жамандықтың күллісі жақсылыққа ауыстырылды!!!

Кішкентай күнәларының жақсылыққа алмастырылғанын білген бұл пенде Алланың мейрімінен дәмелі болғаны соншалықты: «Менің үлкен күнәларым қайда?» деп оларды да көрсетуін сұраған екен.

Періштелерден өзінің жасаған үлкен күнәларын талап етудің мәнісі  Алла Тағаланың кеңшілігі мен кешірімінен дәмеленіп, олардың да үлкен жақсылықтарға ауысуын көздегені анық.

Міне, сахабаларына бұл оқиғаны баяндағаннан соң пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  әлгі кісінің әрекетінен тістері көрінгенше күлгендігі жайында хабар жеткен.

Жоғарыдағы хадистің мәтіні имам Мүслим, Ахмад, Тирмизиде риуаят етілген. 

Нұрлан РАМАЗАН,
«Нұр-Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру