Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Жыртық аяқ киім

29.05.2015 5790 0 пікір

Бір шәкірт ұстазымен егін алқабын аралап келе жатады. Кенет әлгі екеудің жол шетінде жатқан тозығы жеткен бір аяқ киімге көздері түседі. Шәкірт ұстазына:

– Шамасы, мынау егінші шаруаның аяқ киімі сияқты. Тығып қойсақ қайтеді? Сосын бір жерге жасырынып қалай абдырап, сасқанын қызықтайық, - дейді. Сонда ақылды ұстазы:

–Кедейлерді әбігерге салуды қызық көріп, олардың есебінен көңіл көтергеніміз адамдыққа жатпайды. Өзіңе бақыт пен шаттық сыйлағың келе ме? Онда оны мазаққа айналдырмай, керісінше, аяқ киіміне ақша салып қояйық. Сонан кейін ғана не қызық болатынын тамашалайық, - дейді.

Ұстазының ұсынысы бірден көңіліне қонған шәкірт айтқанын орындайды. Көп ұзамай екеуі жақын тұрған ағаштың артынан барып жасырынады.

Сәлден соң жүзі күн көзіне әбден тотыққан, жұпыны киімді бір шаруа келеді. Аяғын аяқ киіміне сұққаны сол еді, ішіндегі затты сезіп, аяғын дереу қайта суырып алады. Қолын салып еді, ақша екен. Екінші сыңарынан да сондай ақша шықты. Ақшаға бір, жан-жағына бір қарап, таң-тамаша болып тұрып қалды. Көз жетер жерде ешкім байқалмады. Ақшаны қалтасына салды да, жерге тізерлеп отыра кетті. Жасаураған жүзін аспанға көтеріп дауыстап сөйлей бастады: «Я, Раббым! Сен менің хәлімді өзімнен артық Білушісің. Әйелімнің ауру екенінен, балаларымның аш-жалаңаш екенінінен хабардар болдың. Бәрімізді басқа түскен нәубеттен құтқардың. Шүкір, шүкір...». Осылайша, ұзақ уақыт жасын төккен күйі Жаратушысына алғыс айтып, шүкірлігін білдіріп отырды.

Манадан бері одан көз жазбай қарап отырған шәкірт қос жанары жасқа толып, қатты әсерге бөленді. Шәкіртінің бойындағы өзгерісті байқап отырған ұстазы:

– Қазір бұрынғы хәліңнен бақыттырақ екеніңді сезіп отырған сияқтысың. Алғашқы ойыңды іске асырғанда қандай күйде болар едің?! - дейді. Шәкірті:

– Иә, ұстаз! Өмір бойы ұмытпастай дәріс алдым. Сізге алғысым шексіз! «Берген кездегі қуаныш алған кездегі қуаныштан көп артық болады» деген сөздің мағынасын енді түсіндім,- деп жауап қатты.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру