Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әбу Бәкірден озу қайда!

24.11.2014 2299 0 пікір

Омар (р.а.) әңгімелеуде: Бір күні Пайғамбарымыз бізге әскерлерді қамтамасыз ету үшін өзара жылу жинауды бұйырды. Менің ең дәулетті кезім. Ылғи менен озып кете беретін Әбу Бәкірдің (р.а.) осы жолы алдын орап, шаң қаптырмасам ба деген тұтқиылдан бір ой келді.

Өйткені ол қашан болсын жақсылық жасауда алдына жан салмайтын. Арамыздағы ең көп садақа беретін де сол еді. Осы жолы одан да көп жылу берейінші деген оймен бар малымды теңдей екіге бөліп жартысын садақа ретінде апардым.

Мені көрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) :

- Ей, Омар! Үй - ішіңе де бірдеңе қалдырдың ба? - деп сұрады. Мен:

- Уа, Расулаллаһ!, - дедім, - Үй-ішіме малымның тең жартысын қалдырдым, - дедім өз ісіме масаттанып.

Дәл осы сәт қолындағы малын алдына салып айдаған күйі Әбу Бәкір де келді. Пайғамбарымыз одан да:

- Ей, Әбу Бәкір! Өз үй-ішіңе сен не қалдырдың? - деп сұрады. Әбу Бәкір болса:

- Уа, Расулаллаһ! - деді, - Үй-ішіме Аллаһ тағала мен Пайғамбарына деген сүйіспеншілікті ғана қалдырдым, - деді. Дәл осы сәт екеумізге көз тастаған Пайғамбарымыз:

- Екеуіңнің араларыңдағы айырмашылық - дәл жауаптарыңның айырмасындай, - деген еді.

Осыдан бастап Әбу Бәкірден озсам-ау деген көкейді тескен ой-қиялдан біржолата арылдым.

 «Тағлым тамшылары» кітабынан

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі