Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Нұрланған жүрек (ФОТО)

21.11.2014 5188 0 пікір

Көп жағдайларда бір нәрсенің қадірін оны жоғалтқан кезде ғана біліп жатамыз. Өзімізде бар нәрсеге шүкіршілік етудің орнына жоқ нәрсеге ынтығып жүреміз. Күн сайын, ұйқымыздан оянған сәттерде, қоршаған айналамызды көре алатынымыздың қаншалықты нығымет екендігін сезіне алмаймыз. Бұның түбіне жетіп, түсіну үшін, жанарымызды бағалай білу үшін бір ай бойы таңнан ұйқыға дейін көздерімізді тарс жұмып жүру керек шығармыз. Қара түнекте сипалаңдап, өзгелердің жәрдеміне мұқтаж болып, пәтеріңнің бұрыштарына соғылып, ала алмаған нәрсеңді айналаңдағылардан сұрап, қажет жерге "мені қашан жетектеп апарар" деп қауысарп күтіп. Бәлкім осы кезде біздің шүкіршілігіміз артып, мейірімділігіміз оянар. 

Мақаланың бас кейіпкері көздерінің жанарынан бір неше жыл бұрын айырылған еді. Алайда, оның істері аяныш пен уайымның орнына масаттық сезімін тудырып, ыңғайсыздықты талап етеді - оның емес, өзіміздің әлсіздігіміз үшін. Құранда: "Көздер соқыр емес - алайда кеудедегі жүректер!" (Хадж сүресі 46 аят), - деп айтылғандай, ол екі көздерінің жанарынан айырылса да, рухани жанарын таба білді. 
 
Юсуф бауырымыз жайында алғашқы рет естігенімде, мен өз-өзім үшін қатты ұялдым. Менің осы сезімім қызығушылық тудырып, жанарынан айырылғанына қарамастан аудиотаспа мен саусақ сезімі арқылы Құранды толық жаттап алған адамды көруге бел байладым.

Көп ұзамай бұның да сәті келіп, ұстазымыз Ерсіннің сабағына қатысуыма мүмкіндік туды, ал сабақ дәл сол бауырымыз оқып жатқан медреседе өтпек екен. Дәріс аяқталған соң, мен Юсуф бауырымызбен жақынырақ танысып, медресе басшыларынан, Ерсін ұстаз бен сайт әкімшілігінен рұқсат алып, осы материалды әзірлеуге ниет еттім.


Юсуф ОҚО Мақтарал ауданының Кұрбан ата деген ауылында дүниеге келген екен. Бала кезінен бастап, Юсуф Құранға деген аса қызығушылық танытқан – араб әліппесін жаттап, тәжүид ережелерін меңгере бастаған. Кейіннен, сүрелерді жаттауға көшкен кезде, көздерінен науқастанып, сабақтарын тастап қоюға тура келді. Алланың қалауы солай болды – Юсуф екі көздерінің жанарынан айырылғанымен, Алла оның жүрегінің жанарын ашты – Алланың Кәләміна деген махаббатының күшті болғаны соншалық, ол Құран сабақтарын қайта бастап кетті.
Алғашында ол сүрелерді аудиокассета арқылы тыңдап, есіне сақтап жүрген екен. Осылайша ол тек тыңдау арқылы (!) Құранның жарты жүзін жаттап алған. Әрі қарай жергілікті Жетісай мешіті ұстазының қолдауымен Юсуф екі жарым параны жаттап алған. Білім жолына түскен Юсуф Шымкент қаласындағы «Ықылас» медресесіне аяқ басып, сол жерден Алматыға да келіп жетті және осы жерде бір жарым жыл ішінде Қасиетті Құранды толығымен жаттап бітірген екен. Бұның барлығына Юсуф, ауру-сырқаттарға байланысты сабақтарын тоқтатуға мәжбүр болғанына қарамастан қол жеткізді.

«Тек аудиожазбаны тыңдау арқылы Құранды жаттаудың қаншалықты қиыншылықтары бар?» деген сауалыма Юсуф былай деп жауап берді:

- Әрине, бұның өзіндік қиыншылықтары жетерлік. Кей кездері әріптер бір дыбыс сияқты естіліп, ажырату қиын болады, мысалы «бә» әріпі «дә» деп естіледі тағы басқа сол сияқты. Кей әріптер тіптен құлаққа шалынбай қалады... Кейіннен мен, Құран Алланың Сөзі болғандықтан оған салғырт қарауға болмайтындығын түсініп, оны дұрыс оқып уйренуге бел будым. Осыған баланысты, мен Құранды ұстап оқуды үйрендім. Бұл тәсілді меңгерудің өзі менен көп уақытты талап етті, сондықтан Құранды дұрыс оқып үйрену ушін менің тағы да бір ғылымды – нүктелі әліппені үйренуіме тура келді. Бұл іс мен үшін оңай болған жоқ, себебі мен құлақпен естіп жаттауға бейімделіп алған едім. Осыдан кейін мен ұстазбен отырып, қателерін түзете, Құранды толығымен қайталап шықтым.


Осы жерде, мен қадірменді оқырманға нүктелі әліппе жайында түсіндіре кеткенді жөн көрдім. Нүктелі немесе тактильді әліппе дегеніміз, әріптерді, сөздерді және дыбыстарды сезу арқылы жеткізуге негізделген жүйе.  


Әліппе арнайы көздері көрмейтін адамдар үшін жасалған және де қазіргі таңда бұл тәсілдің авторлары да, жүйелері де көп кездеседі. Юсуф бауырымыздың оқып уйренген кітабы осы тәсілмен жасалған дәл сол Құран. Мұндай Құран кітаптарды Түркия мен Өзбекстанда шығарады, алайда біздің елімізде аталған кітаптар шығарылмайды және де нүкте арқылы Құран оқытатын курстар да кең тарамаған. Бұл Құранның тағы бір ерекшелігі – сол жақтан оң жаққа қарай оқылады.


Мен бауырларыма, әпке-қарындастарыма осындай кітапты іздеп тауып, оның әппақ парақтарына бір сәт көз жүгіртіп, үнсіз әріптерін, түсініксіз нүктелерін саусақтарыңызбен сезіп, оларды күнделікті көріп жүрген кітаппен салыстырып көріңіздер дер едім. Осы кезде Алланың бізге қандай ұлы нығымет бергенін түсінесіз – біз Құранды естіп қана қоймай, оны көзімізбен көре де аламыз.
Юсуф бауырымыз әріптердің үштен алтыға дейін нүктелерден құралатындығын, ойшықтар – харакаттар, сызықшалардың өзінің белгісі бар екендігін түсіндіріп жатқанынша, мен сол Құранның парақтарын ұстап көрдім. Саусақтарым ешқандай харакаттарды сезбеді, көздерім әріпке ұқсайтын бір бейнені болса да ажырата алмады...


Мен осы кезде: «Алла Тағала адамның көзінен нұрын алып қояды. Адам өзінің ісімен оған деген махаббатын дәлелдесе, Ол адамға нұрын қайтарады, тек көздеріне емес – жүрегіне» деген ойға түсіп кеттім. Осы ойдың әсерінен, уақытымызды үнемдемей, көзімізді жаратылыс мақсатына сай қолданбайтынымыз санамды елеңдете берді. Кей адамдар тіптен көздерін жамандыққа жұмсаудан тайынбайды да. Мен Юсуфтан сұрадым:
- Көптеген бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз көздің бізге Алла тарапынан келген ұлы нығымет екенін толық сезінбей, тіпті білмей жүрген жайлары бар. Оларға айтар ақыл-насихатың бар ма? Көптеген бауырларымыз өзің сияқты жанарынан айырылып, Құранды оқып, жаттауға ынталы болып жур – оларға қандай кеңес берер едің?»


- Мен өзімнің өмірлік тәжірибемді алдыға қояр едім. Құранда айтылған емес пе: «Расында Алла сабыр сақтағандармен бірге» деп. Ең маңыздысы – әр нәрседе сабырлы болу керек. Біріншіден мен өзімді «Алла әрдайым менің жанымда» деген сезімде ұстауға тырыстым. Екіншіден, егерде сен бір нәрсені қатты жақсы көрсең, сол нәрсеге неғурлым уақытың мен күш-құатыңның басым бөлігін жұмсайсың. Сондықтан да Құранды жақсы көру керек. Тек сол кезде ғана бұл жол өзінің ұзақтығы мен қиындығына қарамастан ләззат беретін болады. Мен өзім ойлаймын: Құран мен ізгі амалдар – осы екі зат Алланың Жәннатына апарар жол, ал осы жаққа апаратын жолдағы қиыншылықтар адамды тек рахатқа бөлейді. Өз басым, осы жолда қиыншылықтарға тап болып, солармен күрескен кезде ләззат алған кездерім де болған, себебі бұл жолдың түбінде - Жәннат. Осындай ойлар маған қиындықтарды жеңуге ықпал етеді. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Қиналып оқыған Құранның әр әріпіне екі есе сауап жазылады» - деген сөздері мені одан әрі жігерлендіріп, күшімді арттыра түседі. Уақыт барлық адамға бірдей ағады, мейлі ол бай болсын, кедей болсын... Тек әркім сол уақытты әрқалай өткізеді: бірі оны өзінің пайдасына жұмсаса, екінішісі өзіне зияндық етіп жатады. Алла Тағала Құранда: «Мен адамдар мен жындарды тек өзіме құлшылық ету үшін жараттым» дейді. Құранды оқып, жаттау – ол құлшылық. Ал сен Құранды оқып, жаттап қана қоймай, сонымен қатар құлшылық жасап жатқаныңды сезіне білсең, жаның жай тауып, осының себебінен дәрежеңнің Алланың алдында жоғарлайтынына үмітпен қарайсың. Барлық нәрсенің тірегі – сабырлық. Әрине, мен өзімді сондай мықты сабырлымын дей алмаймын. Кей күндері шыдамым таусылып, күшім жетпейтін сияқты сезімдер де болған. Алайда, мұның барлығы жоғарыда айтып кеткен ойларымның арқасында сейіліп кете беретін де, алдымда «бет алған жолымнан қайтпаймын» деген мақсат қана қалатын.

Алланың нығыметтерін бағаламайтын бауырларыма не айта аламын? Алла оларды Ақиқат жолына бастасын. Алла Тағала Құранда айтады ғой: «Егерде менің берген нығыметтерімді санайтын болсаңдар санына жете алмайсыңдар» -деп. Мүмкін, уақыт келе қалай бейқам болғандарын түсінер...


Әңгімеміз әрі қарай тұрмыстық жағдай тақырыбына көшіп кетті: «медреседе оқыған ұнайды ма, жанарлары сау балалармен оқығанның ерекшеліктері қандай» - деген сияқты сұрақтарға. Юсуф тұрмысының жайлы екенін жасырмады:
- Мен соқырлар үйінде тұрған кездерім де болған. Шынымды айтсам, ол жердегі адамдар әлсіз, өз-өздерін түсіріп жіберген. Ал мұнда мен өзімнің қасымдағылармен оқуда жарысамын және оларың қасында өзімді ешқашан кемсіткен емеспін. Мен бұл жердің барлығын жаттап алғам – тез жүремін, жылдам қимылдаймын. Тіптен қасымдағылар менің көздерімнің көрмейтінін ұмытып та кететін күндер болған. Мен біреуден бір заттың қайда тұрғандығын сұрасам, ол маған: «Әне жатыр ғой» деп жауап береді (күледі), мен оның көрсеткен жағына қарап, сол затты тауып алатындай. Менің көздерімнің көрмейтінін ұмытып қояды. Мен өзімнен мықтылармен жарысқанды ұнатамын. Алғашында медресеге 15 бала келген едік. Мен өзіме «Еш қашан он бесінші болмаймын» деген мақсат қойып, емтиханды ӘлхамдуЛилля, алтыншы болып тапсардым».

Болашаққа байланысты жоспарлары жайлы Юсуф айтады:

«Құран – ол үлкен аманат. Мақсатым – Құранды тиісті деңгейде алып жүру себебі Құран барлық білімдердің бастауы. Болашақта ақида, фиқһ ғылымдарын меңгеріп, сол білімдерімді таратсам деймін. Ислам әлемінде көздері көрмесе де, арттарынан ұлы із қалдырған ғалымдар көп емес пе. Имам Әл Буқари да соқыр болған, алайда Алла оның көздеріне жанарын қайтарып, ұлы ғалымдардан етті. Расында, Алла бір нәрсені қаласа ол оған оңай».

Біз, өз тарапымыздан Юсуф бауырымызға және медресенің басқа да түлектеріне білім жолында табыс тілеп, Алланың разылығына бөлінсін деген тілек білдіреміз. Юсуф бауырымыздың осы оқиғасы Алланың мейірімін ұмытып қойғандар үшін ескерту, Құран жаттаймын деп ниет білдіргендер үшін үлгі болар деген үміттеміз.


Нұртай Әбдікәрім 
Azan.kz

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру