Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ақылсыздың ем сөзі

20.11.2014 5110 0 пікір

Алланың ықыласты құлдарының бірі Баязид Бистами бірде жындыхананың жанынан өтіп бара жатады. Жындыхана қызметкерлерінің құрал-сайманмен бір нәрсені тоқпақтап жатқанын байқап: «Не істеп жатырсыңдар?», деп сұрайды. Қызметкерлер: «Бұл жер жындыхана. Біз жындыларға дәрі-дәрмек жасап жатырмыз», - деп жауап береді.

Баязид Бистами оларға: «Менің дертіме де дәрі-дәрмек жасап бересіздер ме?» - деп өтініш жасайды. Қызметкерлер: «Қандай сырқатпен ауырдыңыз?» - деп сұрайды. Сонда Баязид Бистами: «Менің жанымды жегідей жеген індетім біліп-білмей жасаған сансыз күнәларым. Осы күнәларымнан қалай арылсам болады?», - дейді. Мұны түсінген қызметкерлер: «Біз мұндай дертке шалдыққандарды емдей алмаймыз», - деп жауап береді.

Сол сәтте сонадай жерде тұрған бір ақылы кем жынды Баязид Бистамиге: «Мен сенің дертіңді емдей аламын», - дейді. Баязид Бистами оған: «Мен қалай күнәларымнан арылсам болады? Қәне айтшы», - дейді.

Әлгі ақылы кем жынды: «Әуелі, тәубаның тамыры мен истиғфар (кешірім сұрау) жапырақтарын бір-бірімен мидай етіп араластыр. Содан кейін оны жүрек төсіне қойып таухид тоқпағымен езгілеп, ынсап елегінен өткіз. Одан соң, көзіңнің жасымен илеп, махаббаттың алаулаған отына жақсылап пісір. Дайын болған осы дәрі-дәрмекті таңертең және кешқұрым асап-асап жесең, бойыңдағы күнәларың төгіліп, дертіңнен құлан-таза айығып кетесің», - дейді.

Жындының сөзіне құлақ тосқан Баязид Бистами: «Дүние-ай, бұл не деген түсінбестік. Осындай жанды да бұл жерге жынды деп әкеліпті ғой», - деп таңданыс білдіреді.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру