Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАМАЗАНДА ОРАЗА ҰСТАМАУҒА БОЛА МА?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 14.04.2022 4212 0 пікір
РАМАЗАНДА ОРАЗА ҰСТАМАУҒА БОЛА МА?

Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер», – деп бұйырды («Бақара» сүресі, 183-аят).

Рамазан айында ораза ұстау Ислам дініндегі бес негізгі тіреудің бірі саналады.Ибн Омар есімді сахабадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бес нәрсе үстіне құрылған. Олар: «Лә иләһа илләллаһу уә әннә Мухаммадән расулуллаһи» сөзі, намазды толық оқу, зекет беру, қажылыққа бару, Рамазан айында ораза тұту», – деген (Бұхари, Мүслим).

Рамазан айында ораза ұстау – дені сау, муқим (жергілікті), ақыл иесі және балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз. Ораза ұстауға ниет ету, оразаны бұзатын істерден сақтану, әйел адамдардың хайз және нифастан таза болуы –оразаның дұрыс орындалу шарттары.

Рамазан оразасын ұстаған адам мұсылмандық міндетін орындаған болады және ақыретте Алла Тағала тарапынан үлкен марапаттарға, уәде етілген нығметтерге жетеді. Оны өтеуге шамасы келе отырып, істемеген адам күнә артады, ақыретте азапқа ұшырайды.

Әбу Һұрайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім де кім себепсіз және ауырмай тұрып Рамазанның бір күнін ораза тұтпай өткізсе, оның қазасын өмір бойы тұтқан оразасы да толтыра алмайды», – деген (Нәсаи).

Ауру, жолаушы, хайз және нифас, сондай-ақ ораза тұту өзіне немесе баласына зиян беретін жүкті әйел мен емізетін ана кейін қазасын ұстайды.

Шариғатымызда екі топтағы адамдарға ораза ұстамауға, оның орнына Рамазанның әрбір күніне підия беруге рұқсат беріледі:
  1. Кәрілік себебінен ораза ұстауға мүлдем жарамайтын, күннен-күнге қуаты әлсіреп бара жатқан жасы үлкен қариялар.
  2. Созылмалы ауруға шалдығып, әдетте түзелуден үмітін үзген және ораза ұстау олардың денсаулығына орасан көп зиян жеткізуі мүмкін болған науқастар.

Осы екі жағдайға түспеген мұсылман адамның Рамазан оразасын тәрк етуі және оның орнына підия беруі мүлдем мүмкін емес. Ораза тұту себебімен жұмыста немесе оқуда сәл қиыншылық көру шариғи үзірге жатпайды.

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №6, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру