Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БОТОКС ЖАСАТУДЫ ШАРИҒАТ ҚОЛДАЙ МА?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 08.08.2022 3514 0 пікір
БОТОКС ЖАСАТУДЫ ШАРИҒАТ ҚОЛДАЙ МА?

Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкенін ескертеді: «Оларға Алланың жаратылысын өзгертсін деп әмір етемін» («Ниса» сүресі, 119-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салғызғанды, қас терушіні, қас тергізгенді, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды, Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді», деген (Мүслім).

Демек артық әсемдік үшін немесе табиғи кәрілікті жасыруға, табиғи бейнеден тыс жаратылысты өзгертуге алып барса, сондай-ақ одан айлакерлік пен көзбояушылықты ниет етсе, онда шариғатымыз ботокс жасатуға қатаң түрде тыйым салады. Алайда адам мүшесіндегі қандай да бір ақауды кетіру, туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді қалпына келтіру секілді қажетті емделу іс-әрекеттеріне рұқсат беріледі.

Әйтсе де ботокстың зияны басым немесе зияны мен пайдасы тең болса, онда оны қолдануға тыйым салынады. Себебі шариғатымызда өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге рұқсат жоқ. Сондай-ақ екі зиян нәрсе тап болса, оның жеңілі қалдырылып, үлкені жойылады делінген.

Ботокс жасатудың екі тәсілі бар: емдік және косметологиялық. Косметологияда ол бет әжімдерін тегістеу мақсатында қолданылады. Емдік мақсатта оны церебралды паралич, қисық мойын, инсульттан кейін, оның бұлшық етке және шап аймағына кез келген аурулардың салдарынан пайда болған бет ассиметриясын жою үшін, артық тер бөлінуін болдырмау үшін қолданылады.

Ботокс бұлшықетке еніп, оны қимылсыздандырады. Оны енгізудің мақсаты – әжімдерді тегістеу. Ботокс бұлшықетке еніп, теріні қатырып тұрады, ал әжім тиісінше сол сәтте тегіс күйге енеді де, әжімнен құтылуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, ботокс ағзаға зиянды, жүйке жүйесін, мимиканы бұзады және тәуелділікті тудырады. Адамдардың ағзасы әртүрлі болғандықтан, біреу ботоксты жақсы қабылдаса, екіншісінің оған қарсы аллергиясы болуы мүмкін. Ал жасы ұлғайған сайын беттегі бұлшықеттер әлсірейді. Сәйкесінше ботулинотерапияның мөлшері де азаяды. Дегенмен ол адамның өмір сүру дағдысына, ағзаның зат алмасуына тікелей байланысты.

 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ,

«Мұнара» газеті, №2, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру