«Пранк» деп адамды ыңғайсыз әрі орынсыз жағдайға қою, алдау мақсатында әзілдеуге айтылады. Осындай әзіл-қалжың өткізетін, ұйымдастыратын адамды пранкер (әзілқой) деп атайды.
Әзіл-қалжыңдардың көбі басқаларды қорқыту немесе таңғалдырумен байланысты. Мұндай әрекеттер адамның денсаулығына, отбасылық, достық, туыстық қарым-қатынастарға зиянын тигізеді. Сондықтан Ислам дінінде өзге адамды қорқытуға рұқсат етілмейді.
Хадистердің бірінде мынадай оқиға сипатталады. Сахабалар Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сапарда жүрген кездеолардың бірі ұйықтап қалады. Оның ұйықтап жатқанын көрген тағы бірі әзілдемек болып оның жебесін жасырады. Әлгі сахаба ұйқыдан тұрғанда жебесін таппайқатты қорқады. Сол кезде маңайында тұрған сахабалардың бәрі күледі. Бұл жағдайды естіген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман адамның басқа мұсылманды қорқытуына болмайды», – деп насихат айтады (Әбу Дәуіт).
Имам Зәркаши (Алла оны рақымына алсын) бұл мәселені: «Әзіл ретінде біреуге тиесілі затты алу – харам. Затын қайтарып беру мақсатымен болсын, оны иесінен сұрамай, әзілдеп алуға тыйым салынады. Сондай-ақ бұл іс шын деп қабылданады. Себебі мұсылман бауыры затын жоғалтып алдым деп ойлауы мүмкін. Ал бұл нәрсе оны қорқытады», – деп түсіндіреді (Тухфат ул-мухтаж, 10/287).
Оның үстіне өтірік, әзіл болса да, өтірік болып қалады. Қалжыңдаса да, өтірік айтпау керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарды күлдіру үшін өтірік айтқан кісінің соры құрсын, соры құрсын!»– деген (Әбу Дәуіт).Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ақиқатында, біреуді келеке еткен адамдарға жәннаттың қақпаларын ашып, олардың біріне: «Мұнда кел», – дейді. Уайымдап қақпаның жанына жеткенде, оны жауып тастайды. Сосын басқа қақпаны ашып: «Тезірек мұнда кел», – деп оған шақырады. Қайғырып қақпаға жақындағанда, оны тағы жауып тастайды. «Мұнда кел» деген сөзді естіп, ашық тұрған қақпаға барудан бас тартпайынша, осылай жалғаса береді» (Ибн Әбу Дуния).
Сондай-ақ шамадан тыс күлкі, орынсыз әзіл-қалжың Алла Тағаланы еске алудан және дін қамынан тосады, жүректі қатайтады, жәбірлеу мен өшпенділікке алып барады, адамның қадір-қасиетін кетіреді.
Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ
«Мұнара» газеті, №4, 2022 жыл
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру