Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«МҰХАММЕД» ЕСІМІ НЕ МАҒЫНА БІЛДІРЕДІ?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 25.10.2021 2480 0 пікір
«МҰХАММЕД» ЕСІМІ НЕ МАҒЫНА БІЛДІРЕДІ?

Әрбір есімнің терең мән-мағынасы, артықшылығы болатыны сөзсіз. Ал біз жақсы көретін Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мұхаммед»деген есімі қандай мағына береді?

«Мұхаммед» деген сөз тоқтаусыз, тынымсыз, әрдайым мақталатын, сондай-ақ мақтауға тұратын сипаттары, қасиеттері және істері өте көп, артықшылықтарға ие, дәрежесі биік деген мағына білдіреді.

Барлық пайғамбарлар мақталады, бірақ біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тоқтаусыз мақтала береді. Барлық пайғамбарлардың мақтауға лайық сипаттары, қасиеттері және амалдары бар.Бірақ біздің пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мақтаулы сипаттары мен қасиеттері, амалдары мен істері олардың бәрінен көп.

Барлық пайғамбарлардың дәрежелері биік, белгілі артықшылықтарға ие, өз үмбеттеріне үлгілі, өнегелі, кәміл адам болған. Бірақ біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз бойында барлық артықшылықты қамтыған және Қиямет күніне дейін бүкіл адамзатқа шүбәсіз көркем өнеге болып қалады (Бадруддин Айни әл-Ханафи, «Умдат ул-қари шарху сахих әл-Бұхари», 24/73) .

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлбетте менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы, құдды бір үйді әдемі салып, бір бұрышында бір қыштың орнын қалдырып кеткен адамға ұқсайды. Адамдар оны айналып көреді де таңғалады және: «Мына бір қыш та орнына қойылған да еді», – дейді. Мен сол қышпын, мен пайғамбарлардың соңғысымын»,– деген (Бұхари, Мүслім, Тирмизи).  

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір есімі – Ахмад. Ол Алла Тағалаға көп мақтау айтушы деген мағынаны білдіреді. Барлық пайғамбарлар Алла Тағалаға мақтау айтқан, бірақ біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардан көбірек айтқан.

«Мұхаммед» – Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең ұлық әрі әйгілі есімі. Мұсылман болу үшін «Мухаммад расулуллаһ» деп айту керек, бірақ «Ахмад расулуллаһ» деп айту жеткіліксіз (Мухаммад ибн Юсуф Шами, «Субул әл-һуда уә ар-рашад фи сирати хайр әл-ғибад», 1/410).

Алла Тағала екі дүниеде де Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға жақын болуды нәсіп еткей!

 

Хасан АМАНҚҰЛ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі