Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ТҮРКИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 20.09.2023 1668 0 пікір
БАС МҮФТИ ТҮРКИЯ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркия Республикасының биыл тағайындалған Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті. Кездесуде бауырлас екі елдің рухани байланысы сөз болды.

«Ең алдымен бауырлас Қазақстанда басталған жұмысыңызға табыс тілеймін. Біз Түркия Дін істері басқармасымен терең байланыстамыз. Өзіңіз білетіндей Түркі елдерінің мүфтилер алқасы құрылып, алғашқы отырысы Стамбұлда өтті. Кейін Түркістанда, Бакуде бас қостық. Ортақ бастамаларымыз оңынан болып, халықаралық деңгейде бірқатар нәтижеге қол жеткіздік. Қазіргі таңда DIANET-пен түрлі салада оның ішінде білім беру, телеарна өнімдерімен алмасу, екіжақты шәкірттер тәрбиелеу барысында да бірігіп жұмыс істеудеміз. Мақсатымыз асыл дініміздің аясында бауырлас елдердің ынтымақта жұмыс істеуін қамтамасыз ету» деді Бас мүфти.

Өз кезегінде елші Бас мүфтидің жылы қабылдауына ризашылығын білдіріп, елшілік тарапынан қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

«Түркия мен Қазақстан діни басқармалары арасында ықпалдастық жақсы жолға қойылған. Біздердің тарихи байланысымыз тереңде. Түркияда білім алып жатқан шәкірттерге жағдай жасау, Астанадағы «Хусамуддин әс-Сығанақи» институтын ұстазбен қамту жағы да назарымызда. Сондықтан Елшілік өз тарапынан барлық салада әріптестікті күшейтіп, қолдауға дайын. Сіздерге зілзала кезіндегі көрсеткен көмектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Қиын сәтте бауырлас елдердің қол ұшын созуы қуантады. Алдымызда Өзіңіз айтқандай үлкен бастамалар тұр екен. Біз өз тарапымыздан көмек көрсетуге әзірміз» деді Түркия елшісі.

Екіжақты жүздесуде Діни басқармалар арасындағы әріптестікті нығайту, елшілікпен байланысты күшейту жағы баса айтылды. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру