Бүгін Алматы қаласында көрнекті ғалым, шығыстанушы, көп жыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы қызметін атқарған марқұм Әбсаттар қажы Дербісәліге арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті.
Игі шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ғалымның көзін көрген замандастары, қоғам қайраткерлері, отбасы мен ұрпағы қатысты.
«Бүгін – тарихи күн. Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді деген қазақ. Әбсаттар қажы Дербісәлі дініміздің дамуына үлес қосумен бірге өмірін ғылым жолына арнады. Шығыстанушы ғалым, академик ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде сол шәкірттері әлемнің әр түкпірінде жемісті қызмет етуде. Ұстазға бұдан асқан бақыт бар ма?! Өмірінің 10 жылдан аса уақытын Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының дамуына арнады. Осы жылдар ішінде Нұр-Мүбарак университеті, қаншама мешіттер мен медреселер ашылды. Біз Әбсаттар қажы Дербісәлі есімін әркез еске алып отырамыз» деді Бас мүфти.
Ғалымның өзі тұрған үйдің қабырғасына қойылған тақтаның ашылуында белгілі қоғам қайраткерлері, ғылым саласындағы әріптестері, дін жанашырлары сөз сөйледі. Сондай-ақ ғалымның жұбайы Рафия Бәкірқызы марқұмды құрметтеп, игі іске себепкер болған азаматтарға айрықша алғысын жеткізді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру