Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 24.05.2022 1081 0 пікір
БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Тараз қаласында өтіп жатқан «Тараздан шыққан діни тұлғалар. Профессор Насрулла Таразидің туғанына 100 жыл» халықаралық ғылыми-танымдық конференциясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнаулы баяндама жасады.

ҚМДБ Төрағасы 751 жылы Тараз өңірінде өткен «Атлах» шайқасының Ислам тарихында өшпес із қалдырған, мұсылман үмбеті үшін айтулы оқиға екенін айта келіп, бұл шайқастың Орталық Азияда Ислам дінінің жайылуына ықпал еткенін атап өтті. Содан бастап Орталық Азия қалаларында мұсылмандық мәдениет қалыптасқанын, Тараз қаласында мешіт-медреселер бой көтергенін, соның нәтижесінде Орталық Азия мемлекеттерінен, әсіресе Тараз өңірінен көптеген дін ғұламалары шыққанына тоқталды.

«Тараз көптеген ғұламаларды түлетті. Қазақ жеріндегі ең алғашқы мешіт те осы Тараз топырағында бой көтерген еді. Әсіресе қарахандықтар тұсында, атап айтқанда X-XII ғасырларда Тараз өңірі ерекше дамыды. Мешіт-медреселер көптеп бой көтерді, көптеген ғалым-ғұламалар шықты. Өйткені Қарахан мемлекеті тұсында Ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланған еді» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Тараздан шыққан тарландар қатарында бүгінгі жиынға арқау болған профессор Насрулла ат-Таразидің әкесі Әбу Насыр Мүбашшир ат-Таразиді де атап өтті.

«Мүбашшир ат-Тарази Ислам діні мен мәдениетіне сүбелі үлес қосты. Бұл бағытта қырықтан астам кітап жазды. Оның ұлы Насрулла ибн Мүбашшир ат-Тарази де Таразда туған болатын. Әкесімен бірге ол да алдымен Ауғанстанға, кейін Мысырға табан тіреді. Кабул университін бітірді, докторлық диссертация қорғады. Кейін әкесімен бірге Мысырға барып, ғылыми жұмыстармен айналысып, баспа саласында өнімді қызмет етті» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сөзінің соңында Бас мүфти: «Кеңес дәуірі тұсындағы қуғын-сүргін қазақ халқына орасан зор зардабын тигізді. Халқына қалтқысыз қызмет еткен қаншама тұлғаларымыз темір торға тоғытылды, қаншамасы жазықсыз құрбан болды. Жұртшылықты көркем мінезге тәрбиелеп, руханияттың шырақшысы болған дін өкілдері де қуғындалды. Әкелі-балалы Мүбашшир мен Насрулла Таразилердің де қуғын көріп, жат жерде өмір сүруіне осы жағдай себеп болғаны белгілі» дей келе тарихымызда болған осындай қиын-қыстау замандарды үнемі еске алып, осы бір нәубетті күндерден сабақ алуға шақырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру