Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 15.12.2021 2088 0 пікір
ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін елордадағы ҚМДБ орталық аппаратында мерекелік жиын өтіп, Тәуелсіздік күніне орай бірқатар дін қызметкері марапатталды.

Мерекелік шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, наиб мүфтилер Ершат Оңғар мен Сансызбай Құрбанұлы, сондай-ақ бөлім басшылары мен аппарат қызметкерлері қатысты.

Алдымен Тәуелсіздік жылдарында Діни басқарманың атқарған елеулі іс-шаралары туралы баяндайтын бейнеролик ұсынылса, алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген Наурызбай қажы Тағанұлы: «Халқымызда «Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті» деген даналық сөз бар. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің арқасында тіліміз қайта түлеп, дініміз өркендеді. Санаулы ғана мешіті бар елімізде мұнарасы көкпен таласқан 2600-ден аса құлшылық ордалары пайда болды. Аллаға шүкір, соңғы жылдары халықпен тығыз байланыста болып, ел үшін, дін үшін қызмет етіп жүрген имамдарға, жалпы дін қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қолдау білдіріліп келеді. Осының бәрі әуелі Алла, екінші егемендігіміздің арқасы екені сөзсіз. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын» деді.

Бұдан кейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Рахметоллаұлы Діни басқарма ұжымын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Наурызбай қажы Тағанұлын Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанұлының алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлері, атап айтқанда, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы,  ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл мен Алматы қаласы Түрксіб аудандық «Ферали Ферғанұлы» мешітінің бас имамы Мейірман Сатиұлы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, «Халық алғысы» медалі Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлына, «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлына және Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлына табысталды.

Ал Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы Ақпарат және қоғамдық дамуминистрі Аида Балаеваның алғыс хатымен марапатталса, мерекелік жиын соңында ҚМДБ орталық аппаратының барлық қызметкері Бас мүфтидің алғыс хаты мен Тәуелсіздік күніне орай арнайы дайындалған кәдесыйларды иеленді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру