Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКИЯ МҮФТИІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 01.12.2021 1511 0 пікір
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКИЯ МҮФТИІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Түркия Республикасына ресми сапармен келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Анкарада Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен кездесті.

Қазақстаннан келген делегацияны жылы қабылдаған Түркия мүфтиі, профессор Әли Ербаш соңғы 30 жылда қазақ-түрік бауырластығы нығайғанын атап өтіп, Бас мүфтиді Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және бүгінгі Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

«Атажұрттан жеткізген сәлеміңізге алғысым шексіз. Біздің екіжақты байланысымыздың ауқымы кең. Әрине дін саласы бойынша әрбір мәселеде көмек көрсетуге дайынбыз. Діни білім бойынша шәкірттерге қолайлы жағдай жасауға барынша тырысамыз. Өйткені сан жылдар бойы арамызда қалыптасқан достық қатынас бар. Түркияға қош келдіңіз. Алла сапарыңызды сәтті етсін» деді Әли Ербаш.

Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ыстық ықыласын білдіріп, қазақ имамдарының білімін жетілдіруіне қолдау көрсетіп келе жатқан Түркия Дін істері басқармасына, оның төрағасы Әли Ербаш мырзаға айрықша алғысы мен ізгі ниетін жеткізді.

«Атажұрттан Анадолыға келуіміздің басты себебі екі ел арасындағы ежелден қалыптасқан бауырластықты арттыру. Осы елде діни білім алып жатқан шәкірттермен кездесу. Күні кеше сол шәкіреттерге жауапты өкіл бекітілді. Сапар барысында Түркия Дін істері басқармасының жұмысымен танысып, екі жақты тәжірибе алмасу жоспарда тұр. Бүгінде біздің 100-ге жуық имамымыз осы елдегі іргелі діни оқу орындарында білімін жетілдіруде. Біз діни салада әрқашан түрік бауырларымыздың демеуін сезініп келеміз. Қолдауларыңыз үшін өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан алғысымды білдіремін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында бауырлас елдердің діни саладағы екіжақты байланысын нығайту бағытындағы игі бастамалар мен ортақ жобаларды бірлесе жүзеге асыру жайы сөз болды. Наурызбай қажы Тағанұлы қазақы дәстүрге сай Әли Ербаштың иығына шапан жауып, «ҚМДБ-на 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұрағат