Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА МОТИВАЦИЯ БЕРДІ (ФОТО)

Ермұрат Назарұлы muftyat.kz 26.01.2020 4985 0 пікір
МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА МОТИВАЦИЯ БЕРДІ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігінің «Рухани жастар» қанаты мен республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің «Инабат» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдығына орай «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой» атты қайырымдылық шарасы және семинар-тренинг өтті.

Шараның мақсаты – «Балық берме, қармақ бер» демекші, жұмыссыздық тауқыметін тартып, қайырымдылыққа мұқтаж болған жандарға материалдық көмек көрсетумен бірге, жұмысқа орналасып, табыс табудың көзін көрсету.

«Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен семинар-тренингте ең бірінші болып сөз алған наиб имам Ерболат Жүсіпов дін исламда еңбек ету, маңдай термен нәпақы табудың өзі құлшылық екенін айта келіп:

–Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының ішінен бір жігітті іздейді. Сөйтіп әлгі жігіттің үйінен шықпай, таңнан кешке дейін тек қана құлшылық жасап жатқанынан хабар алады. Содан ардақты Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

–Оның бала-шағасына кім қарап отыр? – деп сұрағанда, жанындағы сахабалар: «Ағасы қарасып отыр» деп жауап береді.

Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

–Онда ол жігітке айта барыңдар, ағасы оған қараған көп құлшылық етіп жатыр екен, - деп еңбек етудің маңызын түсіндіріпті.

Біздің Хәкім Абай атамыз да бірнеше қара сөздерінде ең ету, мал табу туралы көп айтқан. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, «Есектің артын жусаң да, мал тап!» деген сөзі бір ғасыр бұрын айтылса да, күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ, - деді.

Ал Абайдың сөздерін ағылшынша үйрететін әдістеменің авторы, «Qazaq English» орталығының директоры Ернат Мелсұлы Хәкімнің қара сөзінде келетін «Толық адам» ұғымын бүгінгі тілмен баяндап, оған жетудің төрт жолын айтып өтті.

–Қазір дүниежүзінде неше түрлі сыннан өткен, тәжірибесі мол, көптеген жетістікке жеткен бай кәсіпкер, миллионерлер, мотиваторлар бар. Солардың бәрінің айтып жүрген жетістікке жетудің 4 жолы бар. Олар: рухани даму, интеллектуалды даму, яғни, біліміңді жетілдіру, физикалық даму – спортпен шұғылданып, денсаулығыңды күту және материалдық даму – тура мағынасында ақшаңның көп болуы. Енді осылардың ішінде адам рухани дамып, ақылды болып, дені сау жүрсе де, қалтасында қаражаты болмаса, оның тіленші болып кетуі оп-оңай. Тіпті ол ғалым адам болып, кітап жазса оны шығарту үшін демеуші іздеп кетеді. Сөйтіп бай біреуге кіріптар болады. Сол себепті жетістікке жетіп, Абайша айтқанда «толық адам» болудың осындай төрт қағидасы бар. Ал данышпан Абай бұл төртеуін қалай түсіндіріп еді? Рухани дамуды жылы жүрек, интеллектуалды дамуды нұрлы ақыл, физикалық мүмкіндігін шыңдауды ыстық қайрат десе, материалдық дамуды «Адам бол, мал тап!» деп түсіндірді, - дейді Е.Мелсұлы.

Бұдан кейін шағын ғана кәсіп иесі Балжан Медетова сөз сөйлеп, Хәкім Абайдың «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген өсиетін жадында тоқығанын жеткізді. «Еңбек – ептілікті сүйеді» деген ұстанымдағы кәсіпкер өзінің шағын бизнеске қалай келгенін түсіндіріп, жиналған көпшілікке қарекет түбі – берекет болатынын тағы бір мәрте түсіндірді.

–Мен кәсібім бірден жүріп кетті дей алмаймын. Қазірдің өзінде менің жеке жұмыс орным не цехым да жоқ. Халықтың сұранысындағы торттарды үйден дайындап, тапсырыс қабылдаймын. Алғашында торт жасаудың түрлі әдістерін үйренуге, дайындайтын заттарын алуға көп қаражат жұмсадым. Кейін ақырындап пайда тауып, табысқа кенелдім. Әлеуметтік желінің игілігін көп көрдім. Бүгінгі заманның адамы оны жетік білуі керек, әсіресе кәсібі барлар әлеуметтік желі арқылы өзінің еңбегін жарнамалауды жүйелі түрде жүргізгені абзал. Ең бастысы, еңбек етуден шаршамау керек. Бізді анамыз бір өзі әртүрлі мекемелердің әжетханасын жуып жүріп асырады. Жұмысқа табысы аз, көп деп қарамау керек. Берекесін берсін деп Алладан тілеу керек, - деді Б.Медетова.

Шара соңында алдын ала тіркелген отбасыларға қайырымдылық азық-түліктері таратылса, оларға Е.Мелсұлы аптасына бір күн ағылшын тілін қазақша тегін үйренуге шақырып, Б.Медетова торт пісіруден мастер класс өткізетінін мәлімдеді.    

Ал «Рухани жастар» қанатының жетекшісі Махамбет Искандеров:

–Мұндай шара Қазақстан мешіттері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін қазақ жеріндегі құлшылық ордалары қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып келді, ол жалғасын таба береді. Алайда, тағдырдың ауыртпалығын сезініп, мұқтаждық қамыты мойнына түскен жандардың мәселесі бір жолға шешілгенімен, олардың тұрмыстық деңгейі, жұмыссыздық тауқыметі түбегейлі түрде өзгермейді. Сол себепті мұқтаж отбасыларға рухани серпін берсін, азық-түлікпен бірге алдарына мақсат қойып, соған жетуді де үйреніп кетсін деген ниетпен осы шараны ұйымдастырдық, - деді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру