Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Иманқұл» мешіті (Суреттер)

«Иманқұл» мешіті

Жалағаш ауданы Абай көшесінде орналасқан.  Құрылысы 1907 жылы басталып, 1908 жылы аяқталған. Салдырған  Иманқұл Жалмағанбетұлы  1858 жылдың тамыз айында қазіргі Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылында дүниеге келген. Ата-анасы кедей шаруа болған, егін егіп, мал баққан. Шөмішті Табын, оның ішінде Өмірқұл аталығынан. Өмірқұлдан Қареке, Сәрке, Қараман, Құлшық, Сәмек тарайды. Иманқұл ата осы Қарекенің Жәңкесінен. 1900 жылдардың аяғында Орынбор-Ташкент теміржолының салына бастауына орай қара жұмысқа жергілікті қазақтар тартыла бастайды. Осы тұста Иманқұл өзінің туыстары Тілеке, Мереке, Смағұл, Спандияр, Есжан, Оспан, Раушанбек есімді азаматтардан бригада құрып жұмыс істейді. Темір жол салуға қатысады. Жалағаш стансасына темір жолдың келуімен көпес орыстар жетіп, сауда дүкендерін аша бастаған. Осы кезеңде Иманқұл бір бай орысқа жұмысқа орналасады. Саудасын жасап, оның сеніміне кіреді. Өзі болса орысша үйреніп, олармен тығыз байланыста болады. Соның нәтижесінде дүкен ашып, сауда жасайды. Орыс көпестері көшетін болғандықтан дүкендерін Иманқұлға сатып кетедіде, содан саудасын ұлғайта бастайды. Ет, жүн, тері апарып сатып, орыстардан шай-қант, кездеме, үй бұйымдарын әкеліп сауда жасайды. Ресей мен екі арада сауда-саттықты дамыта түседі. Елдің игі жақсылары: Қайқы батыр, Алданазар, Қалжан ахун, Ораз ахун, Мырзабай ахундар Иманқұлға келіп: «Иманқұл шырағым, Құдайға шүкір, ісің алға басып байыдың. Енді елді имандылыққа баулитын Аллаға құлшылық ететін мешіт салдыр»,- деп кеңес береді. Жақсылардың бұл ұсынысы игі істі қолға алуға қозғау салады. Иманқұл атамыз осы құлшылық үйін өз қаржысына тұрғызады. Сол кезден бастап «Иманқұл» мешіті аталып кеткен ғимараттың жалпы ауданы 234 шаршы метр, 150 адамға арналған, 4 бөлмеден тұрады. Намазхандар бөлмесі 112 шаршы метр, биіктігі 4 метр. Имамның бөлмесі (3х2) 6 шаршы метр. Намазхандар бөлмесінде 7 терезе, имамның бөлмесінде 3 терезе, есепшінің бөлмесінде 1, тазалық бөлмесінде 2 терезе бар. Алла үйін Ресейден келген құрылысшылар ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың бас кезінде  орыс сәулет өнерінің «кірпіш стилі» («кирпичный стиль») тәсілімен салған. Оның жанына арнайы кірпіш зауыты салынып, қолдан құйылған қам кесектер сексеуіл мен шеңгелдің шоғына күйдірілген. Іргесінің астына тас төселіп, қабырғасының қалыңдығын бір метрге жеткізіп жеті қабат кірпіштен өрген. Іргесінің  табаны қабырғадан 1,35 м. биіктеу және шығыңқы етіп қаланған. Қабырғаның бойымен жүргізілген карниздің үстіндегі екі кронштейннің ортасында сәндік үшін бір қырынан қаланған кірпіштер мен оның астындағы үш қатар етіп көлденең қаланған кірпіштерден тұратын декоративті аттик  ғимараттың жалпы құрылысына  ерекше сән-салтанат беріп тұр. Едені ағаш, төбесі тот баспайтын  қаңылтырмен жабылған. Терезелерін тік бұрышты әрі екі  қабатты етіп жасаған. 1998 жылы ғимаратқа асарлатып қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ғимарат алдына қосымша дәліз (вестибюль) салынып, (өлшемі: 5х 3,5 метр) 17,5 шаршы метр кірер есігі  шығысқа қаратылған. Дәліздің екі жанында биіктігі 8,5 м, шеңбері 1,5 метр болатын екі азан шақыратын мұнара тұрғызылған. Дәл төбесіне қаңылтырмен жабылған күмбез  орнатылған.  Батыс  жақ қапталының ортасында биіктігі 14 м мұнара жылу қазандығы тұратын бөлмеге  жапсарлас тұрғызылған. Ғимараттың биіктігі – 5,80 м., қабырғасының  қалыңдығы 0,95 метр.

Осы облыстағы мешіттер