«Ержан Тәтішев» мешіті
Жітіқара қаласында Тәтішевтер отбасының қаражатына салынған. Жобасын Жітіқара ауданының құрылыс бөлімі жасаған. Құрылысын «Қостанай минералы» акционерлік қоғамы жүргізген.
Алла үйінің жалпы ауданы 455, пайдалы алаңы 280,5 шаршы метр. 550 адамға арналған. Мұнда бес уақыт намаз оқитын үлкен зал, әйелдер залы және иътикаф ( мұсылманның жеке өзі Аллаға құлшылық ететін) бөлмесі, қыста киім шешетін орын бар. Барлық бөлмелерге кілемдер төселген, орталық үлкен залда Түркия кілемдері төселген. Үлкен залды салмағы 100 келі, 35 шырақты алып аспалы шам жарықтандырады. Қабырғасының биіктігі 5,5 метр. Орталық есігі айналасына қасиетті Құран аяттары, « Аятул күрси» жазылған мәрмәр плиталар орнатылған. Биіктігі 19,4 метр, 1 мұнарасы және 4 күмбезі бар. Ортадағы үлкен күмбезінің биіктігі 13,3, шеңбері 4,5 метр, ал қалған 4 күмбезінің шеңберлері 1,5 метр. Ғимараттың төменгі қабатында әйелдердің намаз бөлмесі, жылу жүйесі, жарық беретін арнайы жабдықтар орналасқан.