Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Ахмет» мешіті (Суреттер)

«Ахмет» мешіті

Алматы облысы, Балқаш ауданы, Көкжиде ауылында орналасқан. Ауылға кіретін үлкен тас жолдың оң қапталында, жолдың жиегінен небәрі 15 метр қашығырақ жерде салынған. Оңтүстік батыс жағында 75 жылдық тарихы бар орта мектеп, қарсы бетте фельдшерлік-акушерлік пункт, «Қазақтелеком» бөлімшесінің ғимараты, пошта үйі орналасқан.

Ғимарат осы ауылдың тұрғыны мецанат Сағындық Ахметовтың демеушілігімен салынып, 2004 жылдың 17 шілдесінде пайдалануға берілген. Жер көлемі 0,12 га, пайдалы алаңы 120 шаршы метр. Ұзындығы 17 метр, ені 11 метр; қосымшасы 14 метр, оның ені 9 метр, жалпы 7 бөлмесі бар. Алла үйінің есігі күншығыс жақта. Үлкен есіктің үстіне батырлар дулығасы пішіндес үш бұрышты, ұлттық нақыштармен өрнектелген терезе қойылған. Кіре беріс бөлмесі 18 шаршы метр, төбесіне үлкен шам (люстра) ілінген. Киім ілетін бір бөлмеден кейінгі үлкен бөлме ерлердің намаз оқуларына арналған, ауданы 63 шаршы метр. Оң жақтағы бөлмені де ағаш есік бөліп тұр. Төр жағында михраб орналасқан. Михрабтың үстіңгі жағында үш бұрышты дулығаға ұқсас етіп жасалған, оған терезе, қосымша түнде жарық беретін шам орнатылған.

Үлкен бөлменің төбесіне күмбез орнатылған. Күмбездің биіктігі 9 метр. Оның сырт жағынан айналдыра 8 терезе қойылған, ішінде 12 және 10 шырақты үлкен аспалы шам орнатылған. Бұл бөлме күндіз де, түнде де жарық боп тұрады. Екі бөлменің арасын пеш бөліп тұр. Әр бөлмеге қосымша жылу жүйесі жүргізілген. Сондай-ақ жылу жүйесіне қосылған от жағатын, мәйіт жуатын, әйелдер мен ерлер дәрет алатын жеке-жеке бөлмелері де бар. Әр бөлмесі 9 шаршы метрден, есіктері темір, терезелері пластик.

Қабырғасының биіктігі 5 метр, қызыл кірпіштен қаланған. Төрт мұнарасы бар. Бас мұнараның биіктігі 16,5 метр, қалған үш мұнарасының биіктігі 9 метр. Қабырғалары ақ сырмен сырланған, еденіне қарағай тақтай салынып, үстіне линолеум төселген. Намаз оқитын бөлмелерге кілем төселген. От жағатын, дәрет алатын, ғұсыл құйынатын бөлмелердің едендеріне мәрмәр плиталар төселген. Азан шақыратын құрылғылар, дыбыс күшейткіш мұнараға орнатылған. Сыртта да жарық беретін шамдар ілінген. Темір шарбақпен қоршалған. Ауласы көгалдандырылып, ағаштар отырғызылған. Бір мезгілде 100 адам намаз оқи алады.

Осы облыстағы мешіттер