Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Талғар аудандық орталық мешіті (Суреттер)

Талғар аудандық орталық мешіті

 

Алматы облысы, Талғар қаласының батыс жағында, Қонаев көшесінің бойында салынған. Ол 45 600 халқы бар көне Талғар қаласының көркем де сәулетті ғимараты саналады.  

Мешіт 1993-1996 жылдары Түркия мемлекеті Діни істер басқармасының қаражатымен Осман түріктерінің ХҮІ ғасырдағы үлгісі бойынша салынған. 600 адамға арналған. Жалпы аумағы 636 шаршы метр. Екі қабаттан тұрады: бірінші қабаты ер кісілер намаз оқитын негізгі үлкен зал, алаңы 388,4 шаршы метр, ал екінші қабаты әйелдер намаз оқитын балконды зал, алаңы 97,1 шаршы метр. Екі қабаттағы намаз оқитын залдың алаңы 485,5 шаршы метр.

Ғимараттың ортасына 18 шырағы бар аспалы шам ілінген, ал бірінші және екінші қабатына 3 шырағы бар жарық беретін аспалы шамдар қойылған. Бірінші қабатына 291 орынды қызыл түсті жайнамаз-кілемдер төселген. Ішкі қабырғаларында қасиетті аяттар, түрлі-түсті нақыш-өрнектер және Алла сөзі мен Пайғамбар (с.ғ.с.) есімі және оның төрт халифаларының аттары жазылған.

Қабырғасы темірбетоннан қаланған. Биіктігі (жерден күмбезге дейін) 18 метр, оның бір үлкен, он екі кіші күмбездері бар; үлкен күмбезінің шеңбері 12 метр, 36 метрлік биік бір мұнара тұрғызылған.

Ауласында үш қабатты ғимарат бар. Оның бірінші қабатында имамның бөлмесі, дәрісхана, кітапхана жайғасқан, жылу жүйесі де осы қабатта. Ал екінші және үшінші қабаттардағы бөлмелерді ұстаз-имамдар пәтер ретінде пайдаланады. Ол пәтерлер бір залдан, екі кішігірім бөлмеден, асхана, жуыну бөлмесі және балконнан тұрады.

Осы облыстағы мешіттер