Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Қапшағай қалалық орталық мешіті» (Суреттер)

«Қапшағай қалалық орталық мешіті»

«Қапшағай қалалық орталық мешіті» Алматы облысы, Қапшағай қаласы, Жамбыл көшесінің бойында тұр. Құрылысы 1995 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматшасы Наужа Мұхаммед Ассаның демеушілігімен басталып, 1996 жылы аяқталып, пайдалануға берілген. Құрылысының барысын бақылап, уақтылы пайдалануға берілуін қадағалап отырған – Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әбу Даби» қайырымдылық ұйымы.

100 адамға арналған, бір мұнаралы, киіз үй пішінді төрт бұрышты. Жерінің жалпы аумағы 1781 шаршы метр. Ғимараттың алаңы 161 шаршы метр. Биіктігі 8 метр. Күмбезінің биіктігі 4 метр, арнаулы тот баспайтын темірмен көмкеріліп қапталған. Мұнарасының биіктігі 14 метр. Жылу жүйесі калалық орталық қазандыққа косылған. Екі қабаттан тұрады. Үстіңгі қабатты намазхана, көлемі 144 шаршы метр. 2004 жылы Түркияда арнайы тапсырыспен тоқылған жайнамаз төселген. Ғимарат ішіне күн молынан түсетін 11 терезе қойылған. Күмбезінің жалпы шеңбері 5 метр. Күмбез ішінде кішігірім 10 терезе орнатылған. Күмбез ішінде ғимаратты толық қамтитын аспалы шам ілінген және қабырғаға 6 жарық бергіш шам қойылған. Мінбер мен имамның асатаяғы арнайы тапсырыспен жасалынған. Намазхана ішінде жамағатқа арналған діни кітаптар қойылған имандылық бұрышы ұйымдастырылған. Намазхананың кіре берісіне 100 адамға арналған аяқ киім шешетін сөрелер қойылған бөлме бар.

Астыңғы қабаты 5 бөлмеден тұрады. Имам бөлмесінің, көлемі 8 шаршы метр. Құран оқу мен діни рәсімдерді өтеу бөлмесінің ауданы 36 шаршы метр. Діни сауат ашу бөлмесінің ауданы 40 шаршы метр, мұнда бір мезгілде 20 шәкірт дәріс ала алады. Шаруашылық бөлмесінің көлемі 6 шаршы метр. Сондай-ақ кіре берістегі дәлізге аяқ киім шешетін сөрелер де қойылған.

Ауласы гүлзар, газонмен абаттандырылған. Келушілердің демалуына лайықтап орындықтар қойылған.

Мешіт халықты имандылыққа ұйытуда игі істер атқаруда. Арнайы жоспар бойынша қаладағы 10 мектепте имандылық дәрістері мен түрлі кездесулер, пікір-сайыс шараларын ұйымдастырады. Сондай-ақ діни сауат ашу курсы жұмыс істейді. Дін қызметкерлері әрдайым қаладағы жетім балалар мекемелері мен қарттар үйіне де көмек қолын созып, діни келелі жиындар өткізумен шұғылданады. 

Осы облыстағы мешіттер