Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарағанды облыстық №1 орталық мешіті (Суреттер)

Қарағанды облыстық №1 орталық мешіті

Қарағанды облыстық №1 орталық мешіті қала орталығында орналасқан. Алыстан көз тартатын зәулім ғимарат 2000 жылдың 23 желтоқсанында салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты. 

Жерінің аумағы 3,5658 га, ғимарат көлемі 0,1627 га, биіктігі 12,8 метр. Алла үйінің бірінші қабатында әкімшілік бөлімі орналасқан, биіктігі 3,1 метр. Екінші қабаттағы намазхананың биіктігі 9,7 метр. Мешіт оюлы темір шарбақпен қоршалған, жан-жағы жарық шамдар орнатылып безендірілген. Айналасы көгалдандырылған, «Бейбітшілік» саябағы бар. Саябақта әртүрлі ағаштар отырғызылып, гүл егілген. Ауласында тынығып отыратын 20 орындық бар.

Қабырғасы сары, жасыл түсті керамикалық гранитпен қапталған. Жолына тас плита төселген. Сол жақ қанатында төбесі өрнектелген діни оқулықтар мен кітап сатылатын дүңгіршек орналасқан. Дүңгіршектің ауданы – 26,1 м2.

Ғимараттың сол жағында заман талабына сай жабдықталған жуынатын орын және ғұсылхана бар. Ішіне ақ кафель төселген.

Сондай-ақ, мәйіт сақтайтын, жуатын, кебінге орайтын ауданы 49 шаршы метрлік мәйітхана бар.

Алла үйі 2007-2008 жылдары күрделі жөндеуден өтті. Терезелері пластик. Үш күмбезді, бір мұнаралы. Мұнарасының биіктігі 18,5 метр. Күн сәулесімен көз тартатындай биік күмбездері көкпен боялған. Ауласы әртүрлі діни шаралар мен рәсімдерді өткізуге, жаназа намаздарын оқуға оңтайландырылған.

Ғимараттың оң жақ бүйірінде 300 кісілік аумағы 386,6 шаршы метрлік асханасы бар. Ол үстел, орындықтармен және т.б. керек-жарақтармен жабдықталған. Кіре берістегі дәліздің сол жағынан намаз оқитын бөлмеге өтеді. Оң жағында Құран оқитын бөлме орналасқан. Сонан соң ұзын дәліз басталады. Дәліз қабырғаларында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері өрнектеліп жазылған.

20 адамдық кітапханасы көптеген діни әдедебиеттермен қамтылған.

Дәріс алатын 40 адамдық сынып және мультимедиялық кабинет бар. Сонымен қатар неке қиятын, балаға азан айтып, ат қоятын күмбез асты бөлмелері де бар.

Діни сауат ашу курсында ислам негіздері, Құран әліппесі, араб тілі, мұсылмандық әдеп сабақтары бойынша 350-ге жуық шәкірт білім алуда.

Намазханасы 320 орынды, әйелдер намазханасы 90 орынды. Михраб Құранның «Бақара» сүресінің аяттарымен әрленген. Намазхананың Құран аяттарымен әшекейленген қабырғалары көз тартады.

Осы облыстағы мешіттер