Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Рамазан айт мейрамы

27.05.2017 12116 0 пікір

Мейiрiмдi, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Адамдар үшiн жолбасшы, тура мұстақим жолды түсiндiрiп, жаман қылықтан сақтандырушы Құран Кәрiм түсiрiлген қасиеттi рамазан айы да аяқталып, мұсылман жұрты ынтыға күткен мейрамымыз - ораза айт та келiп жеттi. Бүкiл мұсылмандар Алла тағала алдындағы парызы, Ислам дiнi бес дiңгегiнiң бiрi - ұлы Рамазан оразасын ұстады.

Ия, Рамазан iшiнде барша мұсылмандар Алла тағаланың шапағат, рахымына  бiрiнен-бiрi артық бөлену үшiн қолдарынан келгенше мүбарак айды тиiмдi өткiзуге, қасиеттi айда дұға-тiлектерiнiң қабыл болуы үшiн мүмкiндiгiнше қайырлы iстердi көбейтiп,  жүрегi, тiлi және iс-әрекетi де ғибадатта болуы үшін ұмтылды.

Бұл айды мұсылман бауырларымыз сөйтiп жақсы өткiздi деп ойлаймыз. Өйткенi, Рамазан - қайрымдылық, мейрiмдiлiк, сауап амалдар жасайтын, күнәлар кешiрiлетiн, iстеген ғибадаттарымызға орай  тақуалығымыз үшiн ұжмақ нығметтерiмен сыйланатын ай.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) рамазан туралы өз хадис-шәрифтерiнде: “Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын iстелген күнәлары кешiрiледi”, немесе “Ораза ұстау сабырдың жартысы”, “Сабыр иманның жартысы”, “Сабырлылық - қуаныштың кiлтi”, - деген-дi. Дана халқымыздың “Сабыр түбi сары алтын”, “Әр бейнеттiң бiр зейнетi бар” деген нақыл сөздерiн ораза ұстаудағы бiздiң сабырымыз бен қасиеттi айда көрген бейнетiмiзге  де байланысты шыққан деуге болады.

Ия, сiздер мен бiздер ораза амалын адамзаттың тәрбиелiк дәрежесiн жоғары көтеретiн төзiмдiлiк, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, тақуалық секiлдi iзгi қасиеттердi өз бойымызға сiңiрiп өткердiк. Мұның сыйы туралы Алла тағала:

"إِنَّما يُوَفَّى الصَّابِرُون أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسابٍ"

Сабыр еткендерге Алланың қайтарар сыйы қисапсыз” (“Зумар” сүресi, 10-аят.), - десе, ал, құдси хадис шарифте: “Адам баласының барлық амалы өзi үшiн. Ораза Мен үшiн, оның әжiр-сауабын Мен беремiн”, - делiнген.

Құрметтi жамағат! Алла тағала мүбәрак айдағы ғибадат амалдарыңызды қабыл етсiн деп, сiздердi шын жүректен айт мерекесiмен құттықтаймын!

Ия, қайсыбiр мемлекет болмасын, оның дiни және ұлттық мерекелерi болады. Мұсылмандардың мерекесi екеу. Олар  ораза және құрбан айт.

Мухаддис Абу Дауд сахаба Анастан (р.а.) риуаят еткен хадисте: “Расул Алла (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Мадинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Олардан пайғамбарымыз  (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сол екi күн жайында: “Бұл қандай күндер”, - деп сұрағанда, олар: “Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк”, - дедi. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Алла тағала осы екi күндi олардан да жақсы күн болған – құрбан және ораза айт күндерiмен алмастырды, - дедi”, - делiнген.

Қазақ тiлiндегi "айт" сөзi араб тiлiнiң “ъид” деген сөзiнiң тілімізге икемделіп енген түрi. Айт – рамазан айындағы ораза амалының аяқталуына орайластырылған мереке.

Абдулла ибн Масұдтан (р.а.) жеткен хадисте: “Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: “Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет  атқарса ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды мағфират еттiм”, - дейдi.

Ораза мерекесi шәууал айының 1-шi күнi басталады. Ораза айт күнi ертерек тұрып ғұсыл алып, мешітке хош иiс себініп бару пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сүйсiнiп жасайтын әдеттерiнен едi. Осыдан бұл амалдар мұстахаб деп есептеледi. Себебi бұл күн жұма сияқты көпшiлiкпен араласатын күн. Сондықтан жұма күнi не амалдар сүннет болса, ол амалдар айт күнi де сүннет етiп бекiтiлген. Айтқа байланысты және бiр сүннет амалы жайында айтылған хадисте: “Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi”, - делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.

Халқымызда: “Шаттық нұрландырады”, деген нақыл бар. Шариғат бойынша да айттарда қуанышты болу, жүзiнен нұрлы шырай таралу  Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi боп есептеледi. Сондықтан мереке күндерi, адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы және айт күнгi тұрыс-жүрiсiмiз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы дұға iспеттес ғибадат болып табылады.

Риуаяттарда: “Айт күнi қиямет қайымға ұқсайды” делiнедi. Қияметте Махшар жиынына барша адамзат жиналғанда, осы дүниенi момын мұсылман болып, ғибадат, тақуалықпен өткерсе амал дәптерлерi оңынан берiледi. Бұл жақсылықтың белгiсi. Бұл жайлы қасиеттi Құранда:

"فَسَوْفَ يُحاسَبُ حِسَاباً يَسِيراً*8* وَ يَنْقَلِبُ إِلَى أَهْلِهِ مَسْروراً*9*

“… кiмнiң дәптерi оңынан берiлсе, сонда ол дереу жеңiл есеппен есептеледi. Ол үй-iшiне қуанып қайтады” (“Иншиқақ” сүресi, 8-9 аят), делiнген.

Аллаға иман келтiрген адам әрқашан Жасаған Иемiзге оралуына, Құдай тағала сыйларымен марапатталуына сенедi. Сол үшiн мұсылман қайда болса да көңiлi көтерiңкi, жүзiне қуаныш күлкiсi үйiрiлген халде жүредi. Хадисте Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Күлкiге сараң болма”, - деп бұйырған.

Айт мұсылмандардың ұлы мейрамы. Бұл күндерде шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек берудi және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап көңiлдерiн көтерудi, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.

 

Айт намазы туралы

 

Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өсиетiнде: “Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу” - деген. Айт намазы дiнiмiздiң нышаны болғандықтан пайғамбарымыз  (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өмiрiнде бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам мерекелердi ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекелерi арнайы ғибадаттармен басталады.

Айт намазына жүгiрiп, асығыс бару жақсы емес. Жолда мешiтке бара жатқан уақытта, мүмкiн болса, тәкбір айтылғаны дұрыс. Рамазан айтта тәкбір iштен, ал құрбан айтта жария, дауыстап айтылады.

Айт намазының уақыты күн найза бойы шыққаннан зауалға дейiн. Намаз айттың бiрiншi күнi орындалуға тиiс. Айт намазы жұма намазы парыз болған адамдарға уәжiп. Намаз жұма оқылатын мешiттерде немесе келiсiлген алаңда жиналып оқылады. Пайғамбар заманында мешiтке адамдар симағандықтан Мәдина қаласындағы пайғамбар мешiтiнен 700 метр жердегi бос, кең жерде оқылған.

Айт намазы екi ракат, намаз соңынан хұтба оқылады. Хұтпада Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жамағатқа уағыз-насихат айтатын.

Айт намазының өзге намаздардан айырмашылығы сол айтта азан мен иқамат айтылмайды.

 

Намаздан кейiн

 

Айт күнi момын мұсылмандар намаздан соң бiр-бiрiн құшақтап, құттықтайды. Хадис шарифте: “Аллаға иман келтiргеннен кейiнгi амалдардың ең абзалы: пенделердiң бiр-бiрiне сүйiспеншiлiгi, сый-құрметi”, - делiнген.

Қасиеттi Құранда момындардың бiр-бiрiне жақындығын:

"إِنَّما الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ"

Шын мәнiнде мүмiндер туыс қой”(“Хұжырат сүресi, 10-аят), - деп келтiредi. Туыс сөзi аяттағы “ихуат” сөзiнен тәржiмаланған, ол сөз бiрге туылған аға-iнiдей қатынаста болуды бiлдiредi. Демек, Алла тағаланың жеткiзбек болғаны, мүмiндер бiр-бiрiне аға-iнiдей бiр анадан туылған бауырлардай болу керек дегенi. Ал, шын мәнiнде бұл туыстық  дiн бауырластығы. Дiндегi туыстық мүмiндердiң басқа барлық қарым-қатынастарынан жоғары тұрады. Бұл туыстықтың негiзi Алла үшiн, дiн үшiн, иман үшiн құрылған. Хадисте: “Сендерден бiрiң өзiне жақсы көрген нәрсенi өзге бауырына лайық көрмейiнше мүмiн бола алмайды”, - делiнген.

Айтқа арнап мұсылмандар бiр-бiрiнiң татулықтарын нығайтуға кiрiсулері мерекенiң негiзгi сәнi. Сол үшiн момындардың бiр-бiрiнiң татулықтарын арттырып тұру мақсатында пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Бiр-бiрiңе сыйлық берiп татуласыңдар”, “Бiрiңе-бiрiң берген сыйлықтарың, араларыңдағы өшпендiлiктi жояды”, - деген. Пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сыйлық берiлгенде - сыйға сыймен қайтарым жасап отырған екен. Дiнiмiздiң жария еткен мынадай бауырластық, туыстық тек айтылып қана қоймай, тарихта теңдесi болмаған туыстықты мәдиналықтар және меккелiктер (Ансарлар мен Мұхажирлер) арасында жүзеге асырғандығына куәмiз.

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Мүмiннiң мүмiн туысына жақсы сөзден артық һадиясы болмайды”, - дейдi. Содықтан айт намазға жиналған көпшiлiк жылы лебiздерi мен тiлектерiн бiр-бiрiне айтысып тарқасады.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бiр айтта құрбандық сойып жатып: “Жаратқан ием, бұл құрбандықты Мұхаммедтен, Мұхаммед отбасынан және Мұхаммед үмбетiнен қабыл ет!” - деген болатын. Содан бастап сахабалар осы үлгiге сәйкестiрiп “таққаббәл миннә, уа минкумды” айта бастайды. Мұның аудармасы “Алла бiзден де, сiзден де қабыл етсiн” дегендi бiлдiредi. Мұны сахабалар мерекелерде бiр-бiрiне айтуға әдеттенген. Осыдан болар бiздер де “ниет қабыл болсын, ораза қабыл болсын” деймiз. Бұлай дегенге “сiзден де, бiзден де қабыл болсын” деп жауап қату лазым.

 

Тарихтағы айт

 

Ислам дiнiнiң алғашқы сәттерiнен бастап-ақ айтқа бала-шаға, ел-жұрт түгел жиылып, барлығы да Алла тағаланың елшiсiнiң мерекеге арналған құттықтау сөздерiне, үгiт-насихаттарына, өсиеттерiне құлақ салатын. Мерекеге арналып өткiзiлетiн түрлi-түрлi iс-шараларды ел тамашалайтын.

Тәттi тағамды жеудi тiптi пайғамбарымыз да ұнататын. Пайғамбарымыз ораза айтқа шығар алдында ең болмағанда бiр құрма жеп шығады екен.

Бағдатта 990-991 жылдарда оразаға арнап 150 метрлiк дастархан жайылып, ол тәттi тағамдармен толтырылыпты.

Аббасилер Х ғасырда ислам мерекелерiн насихаттау үшiн, әсiресе Византияға көршiлес Тарсус және Аусум секiлдi қалаларда ислами мейрамдарды өте жоғары деңгейде өткiзiп отырған.

Фатимиттер айтты “ъийд әл-Хуләл” яғни киiм мерекесi деп атаған. Өйткенi Халифа жұртты мерекемен құттықтау үшiн сарайдан мешiтке дейiн әдемi киiнген сарай нөкерлерiн жолдың екi жағына тұрғызып, өзi тамаша киiнiп, жолмен жаяу барады екен. Халифаның артында тамаша  керуен, керуеннiң iшiнде безендiрiлген пiл, оның үстiнде бiр сарбаз отырған.

Халифа Азиз Билләһ (976-996) кезiнде Дар әл-Фитра деп аталатын тек тәттi тағамдар жасайтын асхананы ережеп айының ортасынан бастап iске қостыратын. Ол асхана ораза iшiнде ауыз ашар үшiн көп тапсырыстар орындайтын. Айт намазынан кейiн халифа үлкен дастархан жайып қонақтар күтетiн. Ол қонаққа Каирдағы басқа дiн өкiлдерi де шақырылатын.

Қазiр Түркияда шекер дейтiн тәттi тағам ораза айтқа арналып дайындалады. Сондықтан да рамазан айт мерекесiн олар тағамның атымен “шекер байрам” деп те кеткен.

Елiмiздiң мұсылмандары да айтқа арнап дастархан жаяды. Оны, әрине, ысырапқа бармайтындай етiп жайып, айттап келушi қонақтарға құрмет көрсеткенi жөн. Қонақжайлылық халқымыздың әдет-ғұрпы үшiн де, дiнiмiз үшiн де ең маңызды қасиет.  Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi қонағын жақсылап күтсiн”, - деген. Тағы бiр хадисте, дұғасы қабыл болатын үш кiсiнiң бiрi қонақ дұғасы делiнген. Сондықтан “Мейманды қарсы ал, Қыдырына жолығасың”,- дейдi дана халқымыз.

Ата-бабаларымыздың қонақжайлылығын, кеңпейiлiн айтып жеткiзу мүмкiн емес. Қонағын құдайдай сыйлап, күтiп жiберетiн қазақтың осы қасиетiне тәнтi болған француз саяхатшысы орта ғасырда ел кезiп, қазақ жерiнен өткенде: “Қазақ деген халықтың қонақжайлылығына дән ризамын. Егерде қазақтар экватор сызығымен жер шарын айнала орналасқанда бүкiл әлемдi тегiн, еш қиналмастан аралап шығуға болар едi”, - деп жазыпты.

 

Айттық

 

Айт мейрамында әке-шешелерiмiзге, ауыру-науқастарға, туған-туыстарға, достарымызға барып хал-жағдайын бiлу үлкен сауап iс.

Өкiнiшке орай, кейбiр мұсылман бауырларымыз айт мейрамында тек намаз оқып, марқұмдарға Құран оқып, дұға-тiлек айтумен шектеледi. Ия, бұны қате деп айта алмаймыз. Өйткенi, марқұм болғандардың туыстарына барып, оларға көңiл айту дiнiмiзде де, әдет-ғұрпымызда да жақсы әдептер санатына жатады. Алла тағала қасиеттi Құранда:

"وَاعْبُدُوا اللهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئاً وَبِالْوالِدَيْنِ إِحْسَاناً وَبِذِى الْقُرْبَى وَالْيَتَمَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجارِ ذِى الْقُرْبَى وَالْجارِ الْجُنُبِ وَالصّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبيلِ وَما مَلَكَتْ أَيْمانُكُمْ…"

Аллаға сийыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыстығы бар көршi), бөгде көршiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндер де), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар”(“Ниса” сүресi, 36-аят), - деген.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Ата-ана разы болмай, Алла тағала разы болмайды”, - деген.

Абдулла ибн Омар: “Мен Пайғамбардан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Иә, Расулалла жақсылықты алдымен кiмге iстеймiн?”, - деп сұрағанымда, Ол (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Анаңа”, - дедi.

Одан кейiн ше?

Анаңа! 

Ал, одан кейiн ше? 

Анаңа! 

Ал, одан кейiн ше?

Әкеңе. Әкеңнен кейiн жақындық дәрежесiне қарай туысқандарыңа”, - дедi.

Ендеше бүгiнде ата-аналарымызға қошемет көрсетiп, разылықтарын алатын күн.

Айт күндерi ата-аналары бақилық болғандар, оларға арнап Құран оқып, сауабын бағыштайды.

Оларды еске алып Құранда үйретiлгендей:

"رَبَّنا اغْفِرْ لِى وَلِوالِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ الْحِسابُ"

Раббымыз! Есеп алатын күнде, менi, әке-шешемдi және мүмiндердi жарылқа” (“Ибраһим” сүресi, 41 аят), - деп  дұға жасайды.

Исламиятқа, мұсылмандық тәрбиеге құлшындыру үшiн бала-шағаға айт күнiне арнап сыйлықтар, жаңа киiм-кешек әперу және қаланың көрiктi орындарын көрсетiп қыдырту жақсы амалға жатады. Олар сонда барып, айтты асыға күтетiн болады. Сана сезiмi мұсылманшылыққа бейiм өседi.

Ата-ана перзент көрсе қуанады.  Перзентi үшін ата-ана жанын да аямайды. Сондықтан перзентке ең қадiрлi, ең қымбатты ата-анасы. Перзент туылған уақытта отбасындағы үлкендi-кiшi баршасын, әсiресе әке-шешенi үлкен қуанышқа кенелтедi. Олардың тұрмыс құрудағы мақсаттары да осы. Мiне, осы қуаныш жалғасты болуы үшiн, перзент азамат болғанда да ата-анасын қуанышқа бөлеу үшiн өз жауапкершiлiктерiн сезiнiп, бала тәрбиесiмен мықтап шұғылданулары керек. Оны тәрбиелеу ата-ананың мойнындағы парыз. Сондай-ақ Алла алдына барғанда да, жарық дүниедегi ел алдында да перзентке тәрбие берген-бермегенiне ата-ана бiрдей жауапты. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шәрифiнде: “Сәби дүниеге пәк және мұсылман болып туылады. Кейiн оны ата-анасы яһуди немесе насара (христиан) яки отқа табынушы етедi,”-деген. Яғни ол алған тәрбиесiне қарай солай болып шығады. Ата-бабаларда “Ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi”, деген мақал тектен-тек айтылмаған.

Қасиеттi Құранда:

"يا أَيُّها الَّذِينَ ءَامَنوا  قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ ناراً…"

“Ей, иман келтiргендер, өздерiңдi және де отбасыларыңды тозақ отынан сақтаңдар” (“Тахрима” сүресi, 6-аят), - делiнген. Адам өзiн тозақ отынан сақтау үшiн иманды, сенiмдi болып, құлшылық жасауы тиiс. Отбасындағыларды да тозақтан сақтау үшiн оларға мейлiнше имандылық тәрбиесiн беруi керек. Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Ешқандай ата-ана перзентiне жақсы тәрбиеден артық ешнәрсе бере алмайды”,- дептi.

Бiр дана: “Әрбiр ұлттың бақыты, мемлекетiнiң тыныштығы және рахаты жастардың жақсы тәрбие алуына байланысты”,- деген екен. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) перзент тәрбиесi жөнiнде мынадай өсиет айтқан:Перзент тәрбиесiн ата-ана арнайы үш бөлiмге бөлiп қарауы керек. Туылғаннан жақсы-жаман сөздi айырататын жасқа жеткенше перзентiн патшадай көруi, өзi оған құлдай мәмiледе болуы, есiн бiлгеннен балиғатқа жеткенше өзi патшадай, перзентiне құлдай мәмiледе болуы,  перзент балиғатқа жеткеннен кейiн, ата-ана онымен достай мәмiледе болуы керек”.

Мұсылманның өмiр сүрген ортасында өз туыстары болады. Туысқандар ата-анаға жақын ағайын адамдар. Сондықтан да аятта ата-анадан кейiнгi орын соларға тиесiлi екенi атап көрсетілген. Олармен қатынасты үзбей керiсiнше нығайту, қарайласу мұсылманның дiни мiндетi болып табылады. Дiнiмiз  туыстарға жылы шырайлы болып сәлемiмiз, әңгiмемiз түзу болуды, көрген жерде жағдайын, бала шағасының денсаулығын сұрауды, олардың амандығын тiлеудi, қолынан келгенше әртүрлi тiрлiгiне көмек көрсетудi, әсiресе қариялардың көңiл күйiн бiлiп тұруды, ризашылығын алуды, олар дүниеден өткен болса, үнемi жақсы жақтарын еске түсiрудi, жағдайы нашар туыстарға қаржылай көмек көрсетудi, жағдайларын жақсарту үшiн мүмкiндiгiнше қол ұшын берудi уәжiп дәрежесiнде бұйырады. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Кiмде - кiм Аллаға сенгеннен кейiн туыстарына қарайласпаса, оларға лағнет жаусын”, - десе, басқа бiр хадисте: “Туыстық байланысын үзген кiсi жәннәтқа кiре алмайды”, - дейдi.

Сондай-ақ шариғатымыз ғибадат амалдарымыздың қабыл болуына туыстық қатынастың жақсы болуын шарт етiп қойған. Демек, әркiм қолынан келгенше туыстарына жақсылық жасауы керек. Әйтпесе Алла құзырында амалдарымыздың салмағы болмайды. Айт мерекелерде мiндеттi түрде олармен жүздесiп, құттықтасу, сыйласу туыстықты нығайтады, әрi мерекеге шырай қосады. Мұны өзiне принцип ретiнде ұстану Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннетiн тiрiлту болып саналады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Жарлыға жасалған садақа да бiр сауап. Осы садақа туысыңа берiлгенде екi сауап. Бiреуiне садақа сауабы, екiншiсiне туысыңа қарайласқанның сауабы”,-деген. Тағы бiр хадисте: “Кiмде-кiм рызық-несiбесiнiң кең болуын, өмiрiнiң ұзақ болуын қаласа - туысына қарайлассын”,-делiнген.

Дiни мерекелерде құттықтау мойнымызға мiндет болатын жандар көршiлерiмiз. Ислам тағлымдарында: “Ауырып қалса көңiлiн сұра. Қайтыс болса жаназасына қатыс. Сенен қарыз сұраса қарыз бер. Қиналса көмек бер. Жолы болып ырысқа кенелсе құттықтап қой. Пәлекетке дұшар болса жұбат. Үйiңнiң шатырын оныкiнен биiк етпе, оның желiне бөгет боласың. Сенiң не пiсiргенiңдi ол бiлмесiн, немесе пiсiргенiңнен оған да бер”, - деп Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көршi ақысы жайында өсиет етiптi.

Бiр хадисте: “Аллаға және ақырет күнiне иман келтiрсе, көршiсiне жақсылық жасасын”, - делiнген. Халқымызда: “Алыстағы туыстан, жақындағы көршi артық”, - деген нақыл осыдан шықса керек.

Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi талап ететiн жандар бар. Олар жетiм-жесiр және тағы басқа мұқтаждар. Мерекелерде оларға айрықша көңiл бөлу мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмегiмiз бен жылы лебiздерiмiзге қоғамымыз iшiндегi ең мұқтаж жандар. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Жетiмге қарайласқан кiсi, менiмен жәннәтта мына екi саусақтай бiрге болады”, - деп ортанғы және сұқ саусақтарын ашып көрсеттi”, - делiнген. Жетiмдер секiлдi жесiр әйелдер мен кедей мiскiндерге де көмек беру сауапты iстерден. Хадисте: “Жесiр әйелдiң және кедейдiң бiр күндiк нәпақасын көтеру үшiн жүгiрген мұсылман Алла тағала жолында соғысқан мұжтаһид сияқты немесе түнiмен намаз оқып, күнi бойы ораза ұстаған кiсi тәрiздi!”, - делiнген. Сондықтан ораза ұстап жанашырлықты, мейiрiмдiлiктi тұла бойларында дарыта бiлген әл-ауқаты жоғары адамдарға айт күнi пiтiр садақа беру мұсылмандарға жүктелдi.

Пiтiр - шариғатымыздағы маңызды садақаның бiрi. Ол қоғамдағы мұқтаж жандарға арналған. Сондықтан пiтiр садақасы отбасындағы әрбiр жанға уәжiп, оны бас садақасы немесе жан садақасы деп те айтады. Хадис шарифте: “Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пiтiр садақасын ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ретiнде уәжiп еттi”(Аду Дауд риуаяты),-делiнген. Демек пiтiр садақасы рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Араптар мұны “Садақа әл-фитiр” деп, мерекенi садақа атымен “ид әл-Фитр” деп те атайды. Мұны бiздер тiкелей қазақшалап пiтiр айты деймiз. Бұл хижраның екiншi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, үлкен қорға айландырып, қарттар үйiндегi жетiмсiреп қалған қарияларды еске алайық, мерекеде олардың көңiлдерiн көтерiп демейiк, қуантайық. Қоғамымызда олардың орны бар екендiгiн көрсетейiк. Мiне осылар бүгiнгi мерекелiк iс-шаралар болып табылады.

Қасиеттi Құранда:

"…وَما تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللهَ كانَ بِهِ عَلِيماً"

“…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi” (“Ниса” сүресi, 127-аят), - делiнген. Демек не жақсылық iстемек болсаңыздар да сауапсыз қалмайды. Алла тағала ораза сауабын баршамызға нәсiп етсiн! Мереке құтты болсын!  Ораза айт баршамызға берекелi болып, Алла тағала елiмiзге тыныштық, ынтымақ, әрбiр отбасына қуаныш, бақыт бергей!

 

Бақтыбай Бейсенбаев,

ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру