Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Серікбай қажы ОРАЗ: Исра және Миғраж оқиғасы

27.05.2017 6033 0 пікір

Бұл – ережеп айы. Яғни, адамзат сұлтаны Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Харам мешітінен Ақса мешітіне түнгі сапар жасаған және жеті қат көкке көтерілген кеш. Аталмыш оқиға пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Мадина қаласына һижрат етуден он сегіз ай бұрын болды. 

Мұхаммед Ғазалидің «Фиқһу сирасында» бұл жөнінде: «Исра Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал, миғраж исраның артынша болған оқиға. Миғраж мүбәрак пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз», - дейді. 

Бұл кеш Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жеке өміріне ғана қатысты емес, жалпы мұсылман үмбеті үшін айтулы оқиға орын алған. Дініміз тарихындағы мұндай маңызды оқиға әрбір мұсылманның жүрегіндегі иманын күшейтіп, Жаратушы Иесіне, пайғамбарына деген махаббаты беки түседі. 

Миғраж оқиғасы арқылы Алла Тағала ешбір адам баласы көрмеген, шексіз, ұшы-қиырсыз ғарышты, көктегі аспан қабаттарын, пейіш пен тозақты көруді Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Пайғамбарға нәсіп етті. Онда Алла Тағала Пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көптеген мұғжизалар көрсетті. Исра және миғражды Мұхаммедке (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көрсетудегі мақсат, аятта:

لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا

«... Оған белгілерімізді (мұғжизаларымызды) көрсету үшін[1]...», - деп баяндалды.

Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Исра жасағаны туралы қасиетті Құранда айтылғандықтан бұған сену әрбір  мұсылманға парыз.

Қасиетті Құран Кәрімде екі құбылыс екі бөлек сүреде баяндалады. Исра сапары мен оның сыры: 

سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آَيَاتِنَا إِنَّه هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ

«Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк қылған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол естуші, білуші», - делінген («Исра»  сүресі, 1-аят). 

Бұл жерде «пендесі»  деп тұрғаны Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар. Аятта Мұхаммедтің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) аты айтылмай және де «пенде» деп қана қоймай «пендесін» деп қолданылуы Пайғамбарымызға  көрсетілген үлкен құрмет, ілтипат еді. Сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мен Алланың пендесімін, құлымын», - деп мақтанып жүретін жан болатын.

Ал, миғраж оқиғасы мен оның нәтижесі жайлы: 

وَلَقَدْ رَآَهُ نَزْلَةً أُخْرَى . عِنْدَ سِدْرَةِ الْمُنْتَهَى. عِنْدَهَا جَنَّةُ الْمَأْوَى . إِذْ يَغْشَى السِّدْرَةَ مَا يَغْشَى . مَا زَاغَ الْبَصَرُ وَمَا طَغَى . لَقَدْ رَأَى مِنْ آَيَاتِ رَبِّهِ الْكُبْرَى 

«Расында ол Жәбірейілді екінші рет көрді. Тұрақтау ағашының жанында. Оның қасырда Мәуа жәннаты бар. Сол уақытта ағашты қаптаған нәрсе қаптады. (Мұхаммедтің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көзі таймады да үстірт қарамады. Расында ол, Раббының ірі белгілерін көрді», - («Нәжм» сүресі, 13-18 аяттар), деп баяндалды. 

Демек, исраның сыры Алла Тағала пендесіне, яғни пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Өзінің кейбір белгілерін көрсету үшін болды. Ал, миғражда Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Раббысының үлкен белгілерін өз көзімен көрді. 

Ғажайып сапарға дайындық

Мекке шаһары мен Құддыс қаласы арасы бірнеше айлық жол болатын. Ал, жер бетінен аспанға көтерілу қанша уақыт алатыны жайлы ол кезде мүлдем ойламайтын да болар. Әз пайғамбар мұндай қашықтықты қандай көлікпен кесіп өтті? Ол бурақ (қазақша пырақ) атты тұяғы көзінің ұшы жеткен жерге тиетін ғажайып жануар еді. Бурақ «барқ» яғни найзағай сөзінен алынған. Яғни, шапшаңдығы жарық жылдамдығымен тең жануар. Мәселенің екінші тұсы тағы бар. Әдеттегі жағдайда жер шарының бір бұрышынан екіншісіне найзағай жылдамдығында жүріп өтуі мүмкін емес жайт. Бұған үлкен дайындық керек. Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сәби шағындағы «шаққус содр» яғни кеудесін жару және жүрегін кәусар суымен жуып тазалау оқиғасы осы үлкен сапарға дайындықтың басы еді. 

Ұлық міндетті қабылдау

Ардақты расулдің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянын жіті оқып үйрену біздің  Алла Тағаланың таңдаулы құлына деген сүйіспеншілігіміз арттыра түседі. Сонымен қатар, ғибратты ғұмырдан өзімізге өнеге аларымыз да белгілі. Ал, енді осы сырлы сапардан әрбір мұсылман баласы нені ұғынуы қажет? 

Неліктен «сидратул мунтаһаға» болған миғраж сапары бірден Меккедегі Харам мешітінен басталмай, әуелі пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Байтул Мақдиске жол жүрді? 

Бұл сауалдың жауабы өткен шақта жатыр. Пайғамбарлық ұзақ дәуір бойы Бәну Исраил шежіресімен жалғасып келді. Байтул Мақдис уахи түсетін және жер бетін нұрға бөлейтін құтты мекен болып есептелді. Мұндай киелі шежірені яһудилер қадір тұта білмей уахидің қасиетін және көктен түсетін иләһи пәрменнің құнын көк тиынға айналдырды. Осы себепті оларға Алла тағаланың лағынеті тиді. Осылайша мәңгілікке олардан уахи кетті. Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға уахидың келуімен әлемдегі рухани басшылық бір халықтан екінші халыққа, бір қаладан екінші қалаға және Исраил ұрпағынан Исмаил ұрпағына ауысты. 

Осылайша Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Ибраһим, Исмаил, Исхақ және Яқуб (ғ.с.) пайғамбарлардың жолын жалғастырды. Алла тағаланың сөзін жер бетіндегі адам баласына жеткізе бастады. Осы арада өткен шақ пен осы заманды байланыстырушы Ақса мешіті болды. Сондықтан да Ақса мешіті мұсылманшылықта үш киелі мешіттің бірі болып есептелді. Ал, Алла елшісінің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) исра кешінде сол мешітке баруы өткен шақтағы уахи мекеніне деген үлкен құрмет еді. 

Алла Тағала ол киелі мекенге өткен шақтағы тура жолға бастаушы пайғамбарларды түгел жинады. Олар ең соңғы елшілік иесі Мұхаммедке (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) құрмет көрсету үшін Ақса мешітінде бас қосты. Өйткені, пайғамбарлық дегеніміз – бір-бірінің елшілігін растау және кейін келуші әуелгі келгеннің орнын басудан тұрады. 

Сахих хадистерде Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар бауырларымен Ақса мешітінде екі ракат намаз оқығаны айтылады. Екі бас намазда пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) имамдыққа өтуі Ислам діні Алла Тағаланың Өз пендесіне жолдаған соңғы сөзі екендігінің айғағы. Сондай-ақ, бұл намаз Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) және оның әкелген дінінің дәрежесін көрсетеді. 

Исра және миғраж оқиғасының сыры не?

Алла тағала Өз құдыретінің үлкен белгілерін көру үшін елшілеріне мүмкіндік беретін еді. Бұл пайғамбарлардың жүректеріне сенімділік бек орнап, Алла Тағалаға сүйенуі мықты болу үшін. Өйткені пайғамбарларға Алла тағаланың хақ сөзін жеткізуде өз заманының қыр соңынан қалмайтын қырсық дінсіздері және залым патшаларымен күресуде осындай үлкен күш-қайрат қажет. Ол күш-қайраттың қайнар бұлағы Алла Тағаланың құдыретін көруден бастау алатын. 

Алла елшісінің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) миғраж мұғжизасы шамамен пайғамбарлықтың он екінші жылы болды. Мұның сыры неде? Әсілінде, пайғамбар қолындағы мұғжизаға сенбейтін және соқыр сенімде сіресіп тұрып алған адамға көрсететін үлкен дәлел. 

Ал, Құран әуел назыл болған күннен бастап-ақ, қырсық адамдардың тоң мойындарын ақиқатқа иетін үлкен дәлел болып келді. Құраннан басқа да мұғжизалар өз тәртібімен пайғамбарымызға беріліп отырды. 

Ал, исра және миғраждың басты себебі Алла Тағала Өз пендесіне айрықша көрсеткен құрметінің белгісі болды. 

Сонымен қатар, аталмыш оқиға барлық пайғамбарлардың (ғ.с.) арасындағы мықты жақындық байланысты көрсетеді. Ал, бұл Исламның негіздерінің бірі. Бұл байланыс осы кеште пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) берілген «әманар расул» аяттарында айқын көрініс тапқан. 

آَمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْهِ مِنْ رَبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ

 «Елші, яғни расул өз Раббысынан түскен үкімге иман етті. Мүминдер де оған иман келтірді», - дейді. 

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жеті қат аспанға көтерілген сайын әр қабатта оны пайғамбар бауыры қарсы алып, «Қош келдің, ізгі бауырым!» деп өз ілтипатын көрсетіп жатты.

Исра және миғраж кешінде Ислам діні ең саф дін екені көрінеді. Ислам адам болмысының діні екені білінеді. Саъсаъ бин Малик риуаят еткен Исра жайлы ұзын хадисте пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «... сосын маған арағы бар кесе және сүті бар кесе алып келінді. Мен сүтті алдым. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.): «Бұл Сіз және үмбетіңіз болған (фитра) болмыс», - деп айтты. 

Расында шынайы болмыс Исламның дәні. Шын мәнінде аспан есіктері ішкі дүниесі бұзық және жүрегінде дерті бар адам үшін ашылуы мүмкін емес жайт. Ал, жаман болмыс лайланған бұлақ тәрізді. Одан тек қара қоқыс қана ағып шығады. 

Көкте парыз болған ғибадат

Миғраж кешінде намаз парыз етілді. Намаз ұлық құлшылық. Күнделікті күйбең тіршілік адам баласының басын көтертпей қояры анық. Ал, нәпсінің қалауы мен жалған дүние алдаған сәтте пендені көкке көтеретін оның намазы. Намаз – мұсылманның миғражы. Бес уақыт намаз жеті қат аспанда парыз болуының сыры да осында.

Бұл жөнінде Рамазан Бути өзінің еңбегінде: «Миғраждан кейін ертеңіне періште Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) намазды оқу және оның уақыты тәртіптерін үйретті. Намаз парыз болмай жатып, Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) таң ертең және кешкі мезгілде екі бас намаз оқитын. Бұл намаз Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан қалған еді»[2],-деп жазады.

«Алла тағала парыз еткен намаз қазіргі таңда көптеген адамдар оқып жүрген намаз емес. Намаздың дұрыстығының белгісі оқушыны дүниенің жамандығынан сақтауы. Ал, намазды көп оқыса да намазхан бұл дәрежеге жетпесе оның намазы жалған болғаны», - дейді Мұхаммед Ғазали. 

Бухари және Муслимде сахаба Хузайфа бин Йаманнан (р.а.) келтірілген хадисте:

فتنة الرجل في أهله و ماله و ولده و نفسه و جاره يُكفِّرها الصيام و الصلاة و الصدقة و الأمر بالمعروف و النهي عن المنكر

«Адам баласының отбасына, мал-дүниесіне, бала-шағасына, өзіне және көрші қолаңына қатысты болған фитнасын ораза, намаз, садақа, жақсылыққа шақыру және жамандықтан тиюы кафарат етеді (жуып шаяды)»,-делінген.

Ал, өлген жүрек иесін намаз тазалай алмайды. Мұндай адамдар намаз оқумен жүректері тазаланады немесе сол күйі топырақ астына кетеді. 

Алла тағаламен тілдесу. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) миғраж кешінде Жаратушымен тілдеседі. Бұл жайлы мынадай дерек бар:

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) мұнан кейінгі сапары жайында: «Жәбірейілмен қоштасқан соң, қорқа бастадым. Сол мезет Раббым Алланың даусын естідім. Алла тағала  маған: Ей, Мұхаммед, менімен сөйлес!- деді. Мен сөйлеуге сөз таба алмадым. Бірақ Алла менің көкірегіме сөз салды. Мен: «Ей, тәңірім Алла! Тіліммен, жан-тәніммен, мал-дәулетіммен жасап жатқан құлшылығымның баршасы сен үшін», - дедім. Сонда Алла тағала: «Ей, Алланың елшісі, саған сәлемім мен рахметім және берекетім болсын!»- деді. Мен: «Сәлем бізге және Алланың ізгі пенделеріне болсын»,-деп тіледім. 

Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейін Ұлы Ғарышта-аспанның жоғарғы қабатында періштелердің бір ауыздан оқыған мына сөзі естілді: «Алланың  барлығы мен бірлігіне, хазірет Мұхаммед Алланың пендесі және елшісі екендігіне куәлік береміз»,- деді. Біз әр намазда оқып жүрген әт-таһиат дұғасы – Алла Тағала мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің  миғражда сөйлесуінен келіп шыққан  дұға. 

Иә, Пайғамбарымыз Миғраж түні «үмбеті үшін көп нәрсені тіледі, үмбетім, үмбетім» деп көзіне жас алды, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға - тілектер жасады, біліп, білмей жасаған кемшіліктері үшін ғапу сұрады. Тіпті, Алладан әрбір үмбеті үшін, әрбір мұсылман үшін  өзі көрген Миғражды нәсіп етуін сұрады. "Ей, Тәңірім, Миғраж мұғжизасымен мені нығметтендірдің. Үмметім үшін де осындай бір нығмет тілеймін", -дегенінде, Хақ тағала:

"Намаз - момындардың миғражы", - деп Мұхаммед пайғамбардың үмбетіне  миғраж дәрежесінде жүретін намаз ғибадатын сыйлады. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): Алла тағала маған және үмметіме әр күні елу уақыт намаз оқуды парыз етті. Қайтарымда Мұсаға (ғ.с.) жолыққанымда, Мұса (ғ.с.):

Ей, Мұхаммед, Раббыңнан жеңілдетуін сұра. Себебі  үмметің оның үддесінен шыға алмай қалуы мүмкін. Мен сенен бұрын Бани Исраиыл қауымын сынап көргем, - деп ол жерден мені қайтарды. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) қайта оралып, жеңілдік тілеп еді, әр күні бес уақыт намаз оқу бұйырылды. Алла тағала: "Ей, Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын), әр күнгі және түнгі оқылатын елу уақыт намазды бес уақытқа қысқарттым. Осы бес уақыт намаз менің құзырымда елу уақыт намаз боп саналып, әр намазға он сауаптан жазамын. Сол секілді үмметіңнен кімде-кім бір жақсылықты (сауап істі) ниет етіп, орындамаса бір сауап жазылады. Ал орындаса он сауап жазылады.  Кімде-кім бір жамандықты ниет етіп, істемесе еш күнә жазылмайды. Ал істесе бір күнә жаздырамын", - деді. Мен Аллаға жалбарынып кейін қайттым. Осыдан қиямет  қайымға дейін бес уақыт намаз үмбетке парыз. 

Алла Тағала осы айтылған ғибратты оқиғаны баршамыздың иманымыз күшейуіне және намазхандардың намаз құлшылығына деген құлшынысы артуына себепкер болсын. Баршамыздың намаз ғибадатымыз қабыл болған, қабылдығы біздің амалымыздың түзелгенінен көрінуін нәсіп етсін. 

Серікбай қажы ОРАЗ,
Әзірет Сұлтан мешітінің Бас имамы, наиб мүфти.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру