Әрбір сағатымыз бен күніміз – баға жетпес құндылық. Өткен күн қайтып келмейтіні белгілі. Сондықтан адам өмірі үшін уақыттың маңызы зор. Уақытсыз ештеңені елестете алмаймыз. Мәселен, аптамызды, жылымызды уақытқа сай жоспарлаймыз. Адам әрбір тыныс алуымен ажалына жақындай түсетінін естен шығармауы тиіс. Ислам бізге уақыт мәселесіне немқұрайлы қарамауды ескертеді. Ал, уақыт – адамға берілген аманат, оның өлшемі құнсыз.
Алланың «Асыр» сүресінде уақытпен ант етуінің астарында үлкен мән жатыр. Әсілінде, Алла сөзін дәлелдеу үшін ант етуге мұқтаж емес. Ғасырмен ант етуінің мақсаты – адамдарға уақыт жайындағы ойларының қате екенін ұқтыру. Екіншіден, уақытпен ант етілуі уақыттың маңызын меңзейді. Кейбір пенделер ұшырасқан қиыншылықтар мен жамандықты заманнан көреді. Нәтижесінде басына келген бақытсыздық үшін уақыт пен заманды кінәлайды. «Заман өзгерді», «заман бұзылды» деген теріс пікірді тарату дұрыс емес. Адамның бақытсыздығына уақыт пен заманның ешқандай зияны мен қатысы жоқ және оған тіл тигізуіне болмайды.
عن أبى هريرة قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم " قَالَ اللَّهُ يَسُبُّ بَنُو آدَمَ الدَّهْرَ، وَأَنَا الدَّهْرُ، بِيَدِي اللَّيْلُ وَالنَّهَارُ
Әбу Һурайрадан риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп жеткізеді: «Алла Тағала былай деді: адам баласы заманға тіл тигізеді. Ақиқатында, заман менікі, күндіз бен түн менің құзыретімде».
Заман, уақыт Алланың пендесіне берген ең қымбат нығметі болғандықтан, адам уақыттың қадірін біліп, оны өте тиімді пайдалануы тиіс. Бұл нығметті тиімді пайдаланбаса, екі дүниеде де зиянға ұшырайтындардың қатарынан болады. Әрине, «Асыр» сүресінде айтылғандай иман етіп, ізгі амал жасап, бір-бірлеріне ақиқатты насихаттап, сабырға шақырса, жамандықтан тыйылса, зиянға ұшырамай, екі дүниесі абат болмақ.
«Асыр» сүресін тәпсірлеген ғалымдар түрлі пікір айтқан. Мәселен, Фахруддин Рази есімді ғалым былай дейді: «Уақытты пайдалану тұрғысынан адам зиянға ұшырайды. Бұл зияннан құтыла алмайды. Ал, зиянға ұшырау деген сөз – жемісінен айырылу. Адамның жемісі – оның өмірі. Ал, өмірін босқа өткізбеген сәті тым аз. Өмірдің әрбір секунды оның ғұмырын азайтады. Егер адам өмірін күнәлармен өткізсе, үлкен зиянға ұшырайды. Ал, жақсы да ізгі амал жасау мүмкіндігі бола тұра, мүбах амалмен шектелсе, онда да зиянға ұшырайды»[1].
Адамның өмірі әр минут сайын еріп таусылатын мұз секілді. Егерде өмірінде екі дүниелік пайдасы үшін амал етіп, әрекет етпесе, өкініші сол болмақ.
Құранда уақыттың қадірі жайында бірнеше аятта баяндалған болса (қараңыз: Юнус сүресі, 49; Фатыр сүресі, 36-37; Хаж сүресі, 47), ардақты Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) да уақыттың қадірі жайында көптеген өсиеттер қалдырған.
قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ نِعْمَتَانِ مَغْبوُنٌ فِيهِمَا كَثِيرٌ مِنَ النَّاسِ اَلصِّحَّةُ وَالْفَرَاغُ
Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Екі нығмет бар, адамдардың көбі оның қадірін білмейді. Ол – денсаулық пен бос уақыт»[2].
«Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: өлім келместен өмірдің, ауру келместен денсаулықтың, шұғылданбастан бос уақыттың, қартаймастан жастықтың, кедей болмастан бұрын байлықтың»[3].
Махшар алаңында әрбір адамның амал дәптері өздеріне таратылған соң, Алла Тағала пенделерінен жеке-жеке есеп алады. Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде әрбір адамнан мына бес сұрақ міндетті түрде сұралатынын айтады:
1. Өмірін қайда өткізгендігі.
2. Жастық шағын қалай өткізгендігі.
3. Мал-дүниесін қандай жолмен тапқандығы.
4. Мал-дүниесін қалай жұмсағандығы.
5. Білгендерімен амал етіп-етпегендігі[4].
Қазіргі кезде көптеген жандар уақыт жетпейді деп шағымданып жатады. Біреуге бір нәрсе айтсаң, намаз оқы десең, уақытым жоқ дейді. Алайда, пайдасыз, маңызы жоқ істің соңынан жүгіремін деп уақытын бос нәрсеге жұмсағанына мән бермейтін адам құлшылыққа келгенде уақыт таппауы өкінішті-ақ. Адам баласы жоғалтқан байлығын, затын қайта еңбектеніп таба алады. Бірақ босқа өткізген уақытын қайтара алмайды. Уақытымен қаржы таба алады, бірақ ақшамен уақытты сатып ала алмайтынын ойламайды.
Адам уақытын тек дүние тіршілігі үшін ғана пайдаланып, құлшылығы үшін бөлгісі келмейді. Әркім өзіне тиесілі ризыққа ғана қол жеткізеді, одан артығы бұйырмайды. Аятта бұған қатысты былай дейді:
مَّن كَانَ يُرِيدُ الْعَاجِلَةَ عَجَّلْنَا لَهُ فِيهَا مَا نَشَاء لِمَن نُّرِيدُ ثُمَّ جَعَلْنَا لَهُ جَهَنَّمَ يَصْلاهَا مَذْمُوماً مَّدْحُوراً {18} وَمَنْ أَرَادَ الآخِرَةَ وَسَعَى لَهَا سَعْيَهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُولَئِكَ كَانَ سَعْيُهُم مَّشْكُوراً
«Біреулер дүниенің қызығын көздейді. Ал, Біз ол қызықты өзіміздің ұйғарған адамдарымызға береміз де (оның есесін) қияметте жазамен қайтарамыз. Тозаққа олар қор болып қуылады. Ал, кімде-кім ақырет күнін ойласа, мүмин ретінде сол дүниенің қам-қаракетін жасаса, ондайлардың еткен істері сауапқа жазылады»[5].
Бір хадисте былай дейді: «Кімнің дерті ақырет болса, Алла оның көңілін бай етеді, екі жағасын біріктіреді. Дүние қаламаса да, дүние оған мәжбүр барады. Ал, кімнің мақсаты дүние болса, Алла оны кедейлікпен бетпе-бет қалдырады да, екі жағасын біріктірмейді. Дүниелік байлықтан тек өзіне бұйрылғаны ғана нәсіп болады»[6].
Құлшылық пен Алланы зікір етуге уақыт таба алмаған немесе немқұрайлық танытып уақытын бос нәрсемен өткізген пенденің ақыреттік өмірі қиын болмақ. Алланы зікір етуге уақытын бөлмеген ондай жан о дүниеде соқыр болып тірілетін болады. Бұл турасында аятта былай дейді: «Егер кімде-кім менің насихатыма теріс қараса, онда оның өмірі тарлыққа түседі, қияметте Біз оларды көрсоқыр қалпында жинаймыз. Сонда ол: «Ей, Раббым! Мені не үшін қабірден соқыр етіп тұрғыздың? Менің (дүниеде) көзім болып еді ғой?» - дейді. «Саған Біздің айқын аяттарымыз келді, сен оларды ескерген де жоқсың. Ал, бүгін сен де еске алынбайсың», – дейді Алла»[7].
Уақыттың қадірі жайында ғалымдарымыз да көптеген қанатты сөздер қалдырған. Солардың бірнешеуін айтып өтейік.
Хазіреті Омар (р.а.): «Төрт нәрсе кері қайтарылмайды: атылған оқ, жұмсалған ақша, қолға түскен мүмкіндік және өткен уақыт».
Хазіреті Әли (р.а.): «Уақытпен жақұтқа қол жеткізуге болады, бірақ жақұтпен уақытқа қол жеткізе алмайсыз»;
«Дүние әр сәт бізден алшақтауда, ақырет болса, жақындап келеді. Осы екеуін таңдайтындар бар. Сіз ақыретті таңдайтындардан болыңыз, дүниені таңдайтындардан болмаңыз. Себебі, бүгін еңбек ету бар, есеп жоқ. Ертең есеп бар, еңбек ету жоқ».
Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Жамандықтың ең үлкені – уақытын босқа өткізу».
Имам Шафиғи: «Уақыт қылыш секілді, сен оны кеспесең, ол сені кеседі».
Имам Ахмад: «Өткен өтті. Оны енді ғибрат алу үшін ойлауға болады. Келешекке арқа сүйелмейді. Себебі, бұдан кейін өмір сүретініңіз мәлім емес. Олай болса, көңіл бөлетін уақыт өзіңіз тірі тұрған сәтіңіз. Біз тек соған ғана иеміз. Не істей алсаң, қазір жасап қал».
Имам Шарани: «Ақылсыз адам уақытын қалай өткізетінін ойласа, ақылды адам уақытын қалай пайдаланатынын ойлайды».
Уақытты тек күнделікті өмірде діни маңызы бар күндер мен түндерде де ұтымды пайдалану қажет. Ондай айтулы күндер мен түндерде жасалған нәпіл құлшылықтың сауабы артық болмақ. Шариғат бойынша, кейбір түндер мен күндердің өзіндік ерекшеліктері бар. Осындай қасиетті түннің бірі – Бараат түні. Ол – рамазан айының хабаршысы болған шағбан айының 15-ші түні. Ал, шағбан айы Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) айы екенін білеміз.
Бараат «күнәлардан арылу, таза болу, Жаратушының мейіріміне бөлену» деген ұғымды білдіреді. Олай болса, бараат түні мұсылманның Алланың мейірімі мен кешіріміне бөленіп, күнәларының кешірілуіне себеп болатын түн.
Хазіреті Айша (р.а.) риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала хайырды мына төрт түнде жаздырады: құрбан айт түні; рамазан айт түні; шағбан айының жартысындағы түн, яғни бараат түні. Бұл түнде Алла тағдыр мен ризықты жазады; таң намазына дейін арафа түні»[9].
Бараат түнінде жасалған құлшылықтың сауабы көп болмақ.
حَدَّثَنَا الْحَسَنُ بْنُ عَلِيٍّ الْخَلاَّلُ، حَدَّثَنَا عَبْدُ الرَّزَّاقِ، أَنْبَأَنَا ابْنُ أَبِي سَبْرَةَ، عَنْ إِبْرَاهِيمَ بْنِ مُحَمَّدٍ، عَنْ مُعَاوِيَةَ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ جَعْفَرٍ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ، قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ـ صلى الله عليه وسلم ـ " إِذَا كَانَتْ لَيْلَةُ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ فَقُومُوا لَيْلَهَا وَصُومُوا يَوْمَهَا . فَإِنَّ اللَّهَ يَنْزِلُ فِيهَا لِغُرُوبِ الشَّمْسِ إِلَى سَمَاءِ الدُّنْيَا فَيَقُولُ أَلاَ مِنْ مُسْتَغْفِرٍ فَأَغْفِرَ لَهُ أَلاَ مُسْتَرْزِقٌ فَأَرْزُقَهُ أَلاَ مُبْتَلًى فَأُعَافِيَهُ أَلاَ كَذَا أَلاَ كَذَا حَتَّى يَطْلُعَ الْفَجْرُ "
Хазіреті Әли бин Әбу Талибтің риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шағбан айының он бесінші түні құлшылыққа тұрыңдар. Сол түннің күндізін ораза ұстаңдар. Себебі, ол түні күн батқанға дейін Алла Тағала аспан қабатына жақындап, таң атқанға дейін: «Менен мағфират сұраған бар ма? Мағфират етейін. Менен ризық сұраған бар ма? Оған ризық берейін. Қиыншылыққа душар болғандар бар ма? Оны қиыншылықтан құтқарайын» – деп таң атқанға дейін бұйырады»[10].
Олай болса, Жаратушымыз бұл түні пендесіне осылай деп бұйырғанда бізде қолымызды жайып немесе маңдайымызды сәждеге қойып: «Ей, Раббым! Бізді кешір, бізге ризығыңды бере гөр, дертімізге шипа бер», – деп дұға етейік. Себебі, Алла Құранда менен сұраңдар, маған дұға етіңдер қабыл етейін дегендіктен қол жайып, тәубе етіп, Алладан жарылқау сұрайық.
Ал, мына хадисте аталмыш түнге қатысты құлшылық жайында былай деген: «Бараат түнінде көктің қақпалары ашылып, періштелер мүминдерді сүйіншілейді және құлшылық жасауға шақырады»[11].
Алланың пендесіне деген мейірімі, рахымы осы түнде арта түспек. Хазіреті Айша (р.а.) бұл түн жайында былай деп әңгімелейді: «Бірде Хазіреті Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жаныма келді. Киімін шешіп, артынша қайта киіп алды. Осы сәтте мені қызғаныш сезімі билеп алды. Өзге жұбайларының біріне баратын шығар деп ойлап, артынан шығып қарадым. Жәннәтул бақиға (Пайғамбар мешіті жанындағы сахабалар жерленген қабірстан) дейін артынан ілесіп бардым. Ол қайтыс болған мүминдер мен шаһидтерге дұға мен истиғфар жасады. Сонда мен өз өзіме:
- Әкем, шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)! Сен Раббыңның разылығы жолындасың, мен болсам, дүниенің соңындамын, – деп кері қайттым. Ентігіп бөлмеме кірдім. Артымнан Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) де келіп (ентіккенімді естіп):
- Ей, Айша! Ентігіп тыныс алатындай не болды? – деп сұрады. Мен:
- Ей, Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)! Әкем, шешем жолыңа құрбан болсын! Қасыма келіп, киімдеріңізді шешіп, көп тұрмай қайта киініп шығып кеттіңіз. Сол сәтте мені қызғаныш биледі. Жұбайларыңыздың біреуіне кеткен шығар деп ойладым. Бірақ сізді Бақи зиратында дұға етіп, истиғфар жасағаныңызды көрдім, – дедім. Сонда Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):
- Ей, Айша! Алла мен Елшісі саған әділетсіздік жасайды деп қорқасың ба? Бірақ маған Жәбірейіл келіп былай деді: «Осы түн – шағбан айының жартысы. Алла бұл түнде Бәну Кәлб тайпасы қойларының жүні санындай пенделерін тозақтан құтқарады. Алайда, бұл күні Алла мүшріктердің, кекшілдердің, туысқандарымен қатынастарын үзгендердің, өмірлеріне риза болмағандардың, ата аналарына қарсы келгендердің, ішімдікке салынғандардың жүзіне қарамайды, – деді. Содан кейін Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) киімдерін шешіп, маған:
- Ей, Айша! Бұл түнде маған құлшылық етуіме рұқсат етесің бе? – деді. Айша (р.а.):
- Иә, Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)! – дедім. Содан кейін Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) намазға тұрды. Сәжде жасаған кезінде ұзақ уақыт қимылсыз қалды. Өліп қалмады ма деп қорыққанымнан қолыммен сипалап көрдім. Қолымды аяғының ішкі жағына салып едім қимылдады. Қуанып қалдым. Сәжде де былай деп дұға еткенін естідім: «Ия, Аллам! Азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризашылығыңа сыйынамын. Саған сыйынамын. Сен ұлысың. Саған деген мақтауды санап тауыса алмаймын. Сен Өзіңді қалай мадақтаған болсаң сондайсың».
Таң атқан соң Алланың Елшісіне (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көрген, естігенімді айттым. Ол:
- Ей, Айша! Бұларды үйреніп алдың ба? – деді. Мен:
- Иә, Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)! – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):
- Бұларды үйрен әрі өзгелерге үйрет. Себебі, бұны маған Жәбірейіл (ғ.с.) үйретті және сәждеде қайталауымды әмір етті, – деді.[12]
Бараат түні – мағфират, яғни кешірім түні. Бұл жайында хадистерде былай деп баяндалады.
حَدَّثَنَا رَاشِدُ بْنُ سَعِيدِ بْنِ رَاشِدٍ الرَّمْلِيُّ، حَدَّثَنَا الْوَلِيدُ، عَنِ ابْنِ لَهِيعَةَ، عَنِ الضَّحَّاكِ بْنِ أَيْمَنَ، عَنِ الضَّحَّاكِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَرْزَبٍ، عَنْ أَبِي مُوسَى الأَشْعَرِيِّ، عَنْ رَسُولِ اللَّهِ ـ صلى الله عليه وسلم ـ قَالَ " إِنَّ اللَّهَ لَيَطَّلِعُ فِي لَيْلَةِ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ فَيَغْفِرُ لِجَمِيعِ خَلْقِهِ إِلاَّ لِمُشْرِكٍ أَوْ مُشَاحِنٍ "
Әбу Муса әл-Әшғариден риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Күмәнсіз Алла Тағала шағбан айының он бесінші түні пенделеріне кешіріммен қарап, барлығын кешіреді. Тек Өзіне серік қосқандарды немесе кек сақтағандарды кешірмейді»[13].
عَنْ عَائِشَةَ فَقَالَ " إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ يَنْزِلُ لَيْلَةَ النِّصْفِ مِنْ شَعْبَانَ إِلَى السَّمَاءِ الدُّنْيَا فَيَغْفِرُ لأَكْثَرَ مِنْ عَدَدِ شَعْرِ غَنَمِ كَلْبٍ "
Айша анамыздың (р.а.) риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала шағбан айының жартысы болған түні дүние әлемге жақындап, Бәну Кәлб руының қойларының жүндерінен де көп адамды кешіреді»[14].
Иә, хадистерде айтылғандай бұл түнде Алланың мейірімі мен кешірімінен мақұрым қалатындар мүшриктер, кек сақтайтындар, зина етушілер, ата-анаға қарсы келгендер дегендіктен мұндай арсыздықтан арылайық ағайын.
Дегенмен, Бараат түні үшін арнайы құлшылық түрі жоқ. Бірақ имам Ғазали өзінің «Ихяу улумиддин» атты еңбегінде осы түнде 100 рәкағат нәпіл намаз оқу жайында айтып өтеді. Ол намаз жайында Хасан Басриден мына бір мәліметті келтіреді: «Бұл түні осы намазды оқыған адамға Алла 70 рет рахмет назарымен қарайды және әр назарында 70 мұқтаждығын кетіреді. Оның ең азы күнәларын кешіреді»[15]. Дегенмен, арнайы құлшылық түрі бекітілмегендіктен, бұл түні нәпіл намаз оқыса, қаза намаздарын өтесе де болады.
Сонымен қатар, бұл түні жасаған күнәлары үшін тәубе еткені дұрыс. Ардақты Пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сәлем мен салауат айту қажет. Уақытын босқа өткізбестен Құран оқу керек. Құран оқуды білмесе, оқылған Құранды тыңдауы да сауап болмақ.
Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болатындықтан, бұл түні де өзге бауырларымыз үшін дұға етейік. Жоғарыдағы хадисте айтылғандай, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) осы түн қарсаңында қабір зияратын жасағандықтан, күндіз қабір зияратын жасауға болады. Әрине, қабір зияраты тек осы күнге тән әрекет емес. Әрдайым жасалатын амалымыз екенін ұмытпайық.
Смайыл Сейтбеков,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы
[1] Фахруддин Рази, Тафсирул Кәбир
[2] Бухари, Риқақ 1; Тирмизи, Зуһд 1
[3] Бухари, Риқақ 3
[4] Тирмизи, Қиямет, 1-бөлім, 2416 хадис
[5] Исра сүресі, 18-19-аяттар
[6] Тирмизи, 2583 хадис
[7] Таһа сүресі, 124-126-аяттар
[9] Дайлами риуаяты, 8165
[10] Ибн Мәжа, Иқама 191
[11] Насай, Байхақи риуаяты
[12] Ибн Мәжа, Тирмизи риуаяты
[13] Ибн Мәжа, Иқама 191
[14] Тирмизи риуаяты
[15] Ихяу улумиддин, 1-том
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру