Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖҰМА КҮНГІ ҚАЖЕТ НАМАЗЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ РАС ПА?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 06.05.2021 8212 0 пікір
ЖҰМА КҮНГІ ҚАЖЕТ НАМАЗЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ РАС ПА?

Әлеуметтік желіде мына бір сөз таралып, жамағат арасында түрлі талас-тартыстарға себеп болуда. Онда «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Үмметімнен біреуінің қаза болған намазы болса, рамазан айының соңғы жұмасында жұма мен екінті арасында 4 ракат қажет намазын оқитын болса, 400 жылдық қаза намазын өтеген сияқты болады. Бұл намазды бөлмей төрт ракат қылып оқиды. Бірінші ракатта зам сүре етіп 10 рет Аятул-күрсі, екінші ракатта 15 рет Кәусар сүресі, үшінші ракатта 3 рет Кафирун сүресі, төртінші ракатта 3 рет Ықылас сүресі оқылады», делінген. 

Осы хадис рас па?

Бұл сөз түрлі мәтіндерде жазылып таралуда. Бұлардың бәрі ойдан шығарылған (жалған) хадис болып саналады. Өйткені ешбір сенімді хадис кітаптарда мұндай хадис келмеген. Сондықтан оны тарату, айту немесе қабылдау мүлдем дұрыс емес. Имам Шәукани, Абдулхай Лакнауи сынды ғалымдар бірнеше ракаттық арнайы намазды өтеу арқылы көп жылдық қаза намаздардың мойыннан түсуі (өтелуі) туралы риуаяттар күмәнсіз ойдан шығарылған хадистер екенін айтқан («Әл-фәуаид әл-мәжмуға», «Әл-асар әл-мәрфуға»).

Мулла Али қари: «Бұл сияқты риуаяттар бірде бір ғибадаттың жылдар бойы қалған қаза намаздардың орнына өтпейтіні жайында ғұламалардың бірауыздан келіскен пәтуасына қайшы, –деген (Әл-мәснуғ фи мағрифат әл-хадис әл-мәудуғ).

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атынан жалған сөз сөйлеу, ол кісі айтпаған сөзді айтты, істемеген істі істеді, деп айту үлкен күнә. Бұл туралы Сағид ибн Зайд (Алла оған разы болсын) былай деді: «Мен Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естідім: «Ол: «Менің атымнан айтылған жалған сөз басқа бір кісі атынан айтылған жалған сөз сияқты емес. Кімде-кім менің атымнан әдейі жалған сөз айтса, тозақтағы орнына дайындығын көре берсін», – деген» (Бұхари).

Тағы бір риуаятта:«Кімде-кім бір сөздің жалған екенін біле тұрып, менің хадисым ретінде риуаят етсе, ол адам өтірікшілерден бірі (болып табылады)», – делінген (Ибн Мажә).

Сондықтан, білмегендер білсін, білгендер басқаларға жеткізін, ескертсін. Осы сияқты ойдан шығарылған негізсіз сөздерді таратып жүрген адамдар тәубе етіп, оны хадис деп айтуды және таратуды тоқтатулары тиіс.

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі