Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АС ҚАДІРІН АШ БІЛЕР

Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ muftyat.kz 20.10.2021 5670 0 пікір
АС ҚАДІРІН АШ БІЛЕР

Ислам бізге құлшылықты ғана үйретіп қоймай, күнделікті тұрмыс тіршіліктегі әрекетімізді, ішіп-жеуге қатысты әдебімізді де кемеліне жеткізе үйретті. «Ас – адамның арқауы» демекші, өмір сүру үшін адам ішіп-жеуге тәуелді. Онсыз мүмкін емес. Алайда солай екен деп мұсылман адам алдына келгенді, қолына түскенді жей салуға болмайды.

Раббымыз Алла бізге астың адалынан әрі тазасынан жеуді әмір еткен. Асыл дініміз Исламда күн сайын ішетін асымыздың да өзіне тән әдебі барын асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйретіп кетті. Көреген де дана халқымыз болса, осы әдептерді дәстүрге айналдырып,  бүгінге дейін жеткізді.

Адам денсаулығы үшін дұрыс тамақтанудың маңызы жоғары. Тамақтану аpқылы адам ағзаға қажетті дәрумендер алады. Адам ағзасына құнарлы астың тигізер шипасы да мол. Жүйелі тамақтанбау адам денсаулығына үлкен зиян тигізетінін медицина мамандаpы жиі айтып келеді.

Ас – адамның арқауы, өмірінің жалғастырушысы, кейде өмірін тоқтатушы ажал көзі. Дұрыс тамақтанудың хикметі, денсаулыққа әсері бізге бұрыннан белгілі.

Қомағайлық пен ашкөздіктен сақтану – біздің парызымыз. Сондықтан әрқайсымыз дұрыс тамақтану әдебін сақтағанынымыз абзал. Тамақты тоя жеу денсаулыққа зиян. Ондай қомағай адамдарды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүлде ұнатпаған. Бірде тамақты өлгенше жеген адамның кекіре бастағанын байқаған Алла елшісі: «Кекіруді тоқтат! Өйткені дүниеде тоя жеген адамдар Қиямет күні ұзақ уақыт аш қалады»,деп қатаң ескерткен. Осындайда дана халқымыз «Жаман өле жейді, жақсы бөле жейді» деп тойынғандарға қарата айтса керек.

Ақыл мен иман иелері жейтін асының адалдығы мен тазалығына мән беруі қажет. Раббымыз ол жайлы Қасиетті Құранда: «Сендерге берілген ризық-несібелердің адалынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят) деген.

Адам өміріне үлкен әсер ететін нәрсе – асының адалдығы. Дұғаның қабыл болу шартының бірі де дәл осы адал ас мәселесіне тікелей байланысты. Сонымен қатар тамақтанғанда ысырапқа жол бермеу керек. Өйткені Раббымыз ысырапты ұнатпайды және ол шайтан сүйген амалдың бірі. Бұл туралы Қасиетті Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер», –делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Дініміз әмір еткен әрбір амалдың хикметі бар. Егер нәпсі үшін тойып тамақтансаңыз, ол денсаулыққа зиян. Ал бойыма қуат болсын деп, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткен мөлшермен тамақтанар болсаңыз, өзіңізді еркін әрі жеңіл сезінесіз. Сондықтан тамақтанудың ең басты мақсаты нәпсіні тойдыру емес, Аллаға деген құлшылығымызды еркін жасамақ ниетте болғаны жөн.

Тамақтану барысында ашкөздіктен сақтану керек. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды, тоқ адам аш қалам деп ойламайды» немесе «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, қоймай жесең не қалар». Сондықтан тамақты мөлшерден асыра жеуден сақтану қажет.

Хадистерде асты өз уақытымен әрі аз мөлшерде жеу керектігі айтылған. Асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға толтырып, қалған үштен бірін ауаға қалдыру керек.

Тамақ жеуді тоймай тұрып тоқтатқан абзал. Сүннет бойынша, ыдыста тағам қалдығын қалдырмау керек. Жәбирден (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар саусақты және табақты жалауды бұйырған және «Негізінде сендер тағамның қай бөлігінде береке барын білмейсіңдер» деп айтқан (Мүслім). Шамадан артық тағам қаласа, оны міскіндерге таратуға кеңес беріледі. Тамақтан кейін шүкір мен мақтау-мадақ айту қажет. Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында Алла тамақ жеген соң, Өзіне мақтау айтатын немесе сусын ішкен соң Өзіне мақтау айтатын пендеге разы болады» (Мүслім) деген. Осы орайда Адамзаттың асыл тәжі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен тамақтану әдептеріне тоқтала кетсек.

  1. Қолды жуу және тамақ ішер алдында «Бисмиллә» (Алланың атымен) деп айту. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақ жер алдында Алла Тағаланы еске алыңдар, яғни «Бисмиллә» (Алланың атымен) деп айтыңдар. Егер ұмытып кетсеңдер, «Әуелінде де, соңында да Алланың атымен бастаймын» (Бисмилләһи фи әууәллиһи уә әхириһи) деңдер», – деген (Тирмизи).
  2. Тамақты оң қолмен жеу

Сахаба Әбу Сәләмә (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Мен бала кезімде Алла елшісінің (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) қамқорлығында болдым. Әдетте қолымды (ортаға қойылған) ыдыстың әр жеріне соза беретінмін. Бір күні Алла елшісі маған: «Әй, балақай! «Бисмилләһ» деп айт, оң қолыңмен же және өз алдыңнан же!» – деді. Содан бері мен тек солай тамақтанамын» (Бұхари, Мәжа).

Шындығында сол қолмен жеген астың берекесі болмайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сол қолмен жемеңдер, өйткені шайтан сол қолымен тамақтанады», – деген (Мүслім). Демек шама келгенше тамақты оң қолмен жеуді әдетке айналдырған дұрыс.

  1. Тамаққа мін тақпау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына қойылған асқа мiн тақпайтын. Ұнаса жейтiн, ұнамаса жемейтін (Бұхари, Мүслім).

Бірде Пайғамбарымыз бір үйде ас ішіп отырып, олардан ас қатығын сұрайды. Алайда үй ішіндегілер: «Бiзде сiрке суынан (уксустан) басқа ешнәрсе жоқ», – деп, сірке суын алып келеді. Сонда Алла елшісі оны тамағына қосып: «Сiрке суы қандай жақсы еді, сiрке суы қандай жақсы еді!» – деп сүйсіне жеген (Мүслім).

  1. Өзгелермен бөлісіп жеу. Қазақтың қанына сіңген керемет қасиеті бар. Ол – «өле жегенше бөле жеу». Қазақ баласын кішкентайынан-ақ бауырларына қарайласып жүретін, қолы ашық, жомарт болуға тәрбиелеген. Қарап отырсаңыз, дәл осындай ұлағатты тәрбие Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі адамның тамағы үшеуге жетеді, үшеудің тамағы төртеуге жетеді», – деген хадисімен ұштасып жатыр екен.
  2. «Мүмін бір ішегін толтырады». Қазақтың «Ауру – астан», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген даналық сөздерінде үлкен мән бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген болатын (Термизи). «Мұсылман тамақты көтеріп жүрмейді, тамақ оны көтеріп жүреді». Яғни мұнан шығатын қорытынды – адам жүріп-тұруы, құлшылық жасауы үшін жеткілікті ғана ас жегені абзал. Ал артық астың денсаулыққа, ақыл-ойға, құлшылыққа зияны көп. 
  3. Астың берекесі – ортасында. Әбу Дәуд пен Термизиден жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Береке астың ортасында болады», – деп асты ортасынан емес, жанынан, яғни әркім өз алдынан бастап жеуді бұйырған.

Бір күні намаздан соң тамақ салынған ыдыс әкелініп, адамдар оның айналасына жинала бастайды. Асқа Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген еді. Ол отырып жатып: «Асты шетiнен бастап ала берiңдер. Ортасына тимеңдер, сонда астарың берекелi болады», – деді (Әбу Дәуіт).

  1. Жатып тамақ ішу – денсаулыққа зиян. Бүгінде медицина мамандары белгілі бір үзірлі жағдай болмаса (ауру, жарақат т.б) адамның жатып тамақ ішуі денсаулыққа зиян тигізетінін айтып жар салуда. Егер адам теледидар көріп жатып немесе газет, кітап оқып жатып тамақ жесе, асқазан сөлі дұрыс бөлінбей, соның салдарынан түрлі асқазан ауруына шалдығады екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде жанындағы адамға: «Мен жантайып жатып тамақ ішпеймін», – деп оның құпталмайтын амал екенін айтып кеткен (Бұхари). Сонымен бірге Алла елшісі ыдысты үрлеуге тыйым салған. Егер ас тым ыстық болса, оның суығанын күтуді бұйырады. Бүгінде дәрігерлер тамақты үрлеп ішу түрлі вирустар мен микробтардың таралуына жол ашатынын алға тартып отыр.
  2. Тамақтан соң қол мен ауызды шаю. Тазалық – иманның жартысы. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүт ішеді де, содан кейін су алдырып, аузын шаяды. Имам ән-Нәуәуи бұл хадис сүт ішкеннен кейін ауыз шаюдың абзалдығын көрсетеді десе, ғұламалар бұл басқа тағамдар мен сусындарға да қатысты екенін айтқан.  

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тамақтың берекесі – тамаққа дейін және одан кейін қол жууда» (Термизи) десе, тағы бір хадисте: «Кімде-кім үйінде жақсылықтың артқанын қаласа, тамаққа дейін және тамақтанғаннан кейін қолын жусын», – деген (Ибн Мәжа, Байһақи).

Міне, асыл дінімізде адал астың маңыздылығы, оны қалай ішіп-жеу керектігінің бәрі айтылған. Бізге жүктелегені – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дара жолын ұстану. Сондықтан сүннет бойынша тамақтанып, Алла адал еткен ризықты ғана жесек, өміріміз мәнді де мағыналы болмақ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне көрсеткен әрбір өнегесінің терең мағынасы бар.

Біздің адам ретінде қалыптасуымызға ішетін асымыздың айтарлықтай әсері бар. Кемел дініміз бір нәрсені бұйырса, демек оның астарында терең сыр жатыр деген сөз. Ендеше, асымыздың адалынан болуына мән беріп, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен тамақтану әдебін ұстанайық!

 

Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,

Бас мүфти кеңесшісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру