Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҰСТАЗ – РУХАНИ ТӘЛІМГЕР

Болатбек АБУОВ "Мұнара" газеті 02.10.2021 4544 0 пікір
ҰСТАЗ – РУХАНИ ТӘЛІМГЕР

Асыл дініміз білім-ғылым үйренуге және оқытуға үлкен мән береді. Құранның түсірілген ең алғашқы аятының «оқы» деген мағынада болуы да бекер емес. Құранның «Зүмәр» сүресінің 9-аятындағы «Білетіндер мен білмейтіндердің терезесі тең бе?» деген жолдар білім ізденген, көзі ашық, көкірегі ояу адамның дәрежесі әрдайым биік болатынын меңзейді.

Бұл дәрежеге адам өздігінен жете ала ма? Яғни қараңғылықты ағартуға, жалғанды ақиқатқа, күпірлікті сенімге және надандықты пайдалы ғылымға айналдыру жолын жалғыз жүріп өтуге бола ма? Немесе бізге жол нұсқаушы біреу қажет пе? Бұл сұрақтарға жауап беру, бізді ғасырлар бойы мұсылман қоғамындағы ең беделді мамандық иесі– ұстаздар туралы сөз қозғауға талпындырды.

Бұрынырақта ұстаздық ететін адамдар көптеген елдерде тәуелсіз, ауқатты, қоғам құрметтейтін әлеуметтік топ болғаны белгілі. Шығыста қабылданған білім беру мақсаттарын, мұсылман дәстүріне сәйкес ерекше жеке қасиеттері бар адамдар ғанажүзеге асыратын.

Ұстаздар – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ісін жалғастырушылар. Олар өздерінің әділ үлгісімен және білімімен өскелең ұрпақты өмірге дайындап, олардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. Ұстаз – шәкірт үшін рухани тәлімгер. Ол өмірдің барлық жағдайындашәкіртіне үлгі болады. Сөзімізге төмендегі оқиға дәлел.

Бір күні Шейх Әбу Тахир Харами шәкіртін ертіп базарға барады. Оларды көрген бір кісі: «Қараңдар, мұнда кәпірлердің жетекшісі келе жатыр», – деп айғай салады. Бұл сөзді естіген Харамидің шәкірті ашуға булығып, жала жабушымен сөзге келеді. Мұның арты даулы жанжалға ұласады. Сол кезде ғалым шәкіртін тоқтатып: «Егер бұл дауды тоқтатып, кетіп қалсаң, саған келеңсіздіктерден аулақ болудың жолын көрсетемін», – дейді.

Шейх Әбу Тахир Харами шәкіртін үйіне алып келеді. Хатсалынған қораптарды ашып көрсетеді.«Мына хаттарға назар сал. Мұның бәрі маған жазылған. Бұл хаттар әртүрлі сөздермен басталады. Бір хатта мені «Исламның шейхы» десе, екіншісінде «ұлағатты ұстаз» дейді. Көрдің бе, әрқайсысы мені қалай қабылдаса, солай атайды. Бірақ бұл айтылғандардың ешқайсысына мен сай емеспін. Адамдар басқаларға олардың басқа адам туралы түсінігін көрсететін есімдер береді. Базардағы кісі де дәл осылай істеді. Ал сен сол сөзге қарсы шықтың. Өмірдің өз ережесі бар. Ендігәрі ондай қызба мінезіңді тый!» деп шәкіртіне сабақ болар сөзін айтты.

Шынында шәкірттің ұстазына қатысты ұстанатын ережелері қаншалықты көп болса, ұстаздың да шәкіртіне деген қарым-қатынасының әдептері бар.

Біріншісі, ұстаз шәкіртіне мейірімділік танытып, өз балаларына қарағандай қарау қажет. Ешқандай сыйақы талап етпей, тек Алла разылығы үшін тәлім беру керек.

Екіншісі, ұстаз түрлі кеңес беру арқылы шәкірттерін түрлі жағымсыз қасиеттерден сақтауы тиіс. Ұстаздың сөгісті құрал ретінде пайдалануы шәкірттің қадір-қасиетін төмендетуі мүмкін.

Үшіншісі, ұстазы шәкіртінің түсіну деңгейі менақыл-ой қабілетіне назар аудару керек.Шәкірті түсініп, қабылдай алмайтын нәрселерді үйретпегені абзал;

Төртіншісі, ұстазы өз сөздеріне қайшы келмеуі үшін, білімін іс жүзінде қолдану керек.

Бесіншісі, ұстаз шәкірттері тарапынан жасалып жатқан нәрселерге төзімділік таныту қажет. Шәкірттердің сәтсіздіктерінде жұмсақтық көрсетіп, өркөкірек болмай, ашуға берілмеу керек.

Осы қағидаларды бір шумақ өлеңге сыйғызғанАбай атамыз ағарту майданында жүрген жандарға:

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға,–деп бұл қызметтің маңыздылығын көрсеткен болатын.

Жан-жағына жарық сеуіп, жол сілтейтін шамшырақ болып жүрген ұстаздарсыз шынайы һәм ақиқат білім алу мүмкін емес. Сондықтан ұстаз тұлғасы, ұстаз бейнесі әрдайым биік болуы тиіс.

Алла ұстаздарымыздың дәрежесін көтеріп, солар арқылы білімге деген сүйіспеншілігімізді арттырсын! Әмин!

 

Болатбек АБУОВ,

Қызылорда облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №18, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру