Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИГІЛІККЕ ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ – ЕҢБЕК ЕТУ

Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ muftyat.kz 22.09.2021 4919 0 пікір
ИГІЛІККЕ ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ – ЕҢБЕК ЕТУ

Ислам дінінің қағидалары кемел жүйені қалыптастырды. Сол арқылы адам баласы бір жағынан – бақилық өмірге, екінші жағынан пәни өмірге дайындалады.

Біріншісі, адам жүрегін Аллаға қызмет етуге бағыттау, оны мәңгі жалғасатын болашақ өмірмен байланыстыру. Екіншісі, дүниелік өмірдің ізгіліктерінен де мақұрым қалмауға үндейді. Соның негізінде өмірлік іс-әрекеттеріміздің өзі Жаратушыға деген ғибадатымыздың бір қыры ретінде қабылданады.

Бұл туралы Құранда: «Алланың өзіңе нәсіп еткен осынау байлықпен ақыреттегі мәңгілік бақыт мекеніне жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алланың өзіңе шексіз шарапатын тигізіп, жақсылық жасағаны секілді, сен де өзгелерге жақсылық жаса. Бұл жерде лаң салып, бүлік жасауды көксеме! Шүбәсіз, Алла бұзақыларды әсте жақсы көрмейді» («әл-Қасас» сүресі, 77-аят) деп келеді.

Шынында Алла Тағала адам баласына өмірдің сұлулығынан пайда көруге, жер бетінде жұмыс істеп әрі қарай дамуға мүмкіндік берді. Құдай берген ақылын орынды пайдалана білетін пенде үшін – бұл үлкен игілік. Осы игілікке жетудің бірден-бір жолы – еңбек ету.

Құран өнімді жұмысқа, яғни адамның еңбегіне үлкен мән береді. Соның негізінде адамның ғаламдағы орны алдымен сенімі, содан кейін іс-әрекетімен анықталады: «Әр адам өз еңбегінің ғана қарымын алады» («Нәжм» сүресі, 39-аят).

Бір күні Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары үйінен ерте нәпақа іздеп шыққан төзімді әрі қайратты жас жігітті көріп: «Мына жігіт өзінің жастық шағы мен күш-жігерін Алла жолында жұмсаса ғой», – дейді. Сол кезде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол үйінен өзінің балиғатқа жетпеген бала-шағасын асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер ол шаңырағындағы қартайған әке-шешесін асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер өзіне ризық іздеп шықса, ол Алла жолында», – деп жауап берген екен.

Жоғарыда келтірілген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесі, еңбек жолына түсіп, өзінің және отбасының нәпақасын тауып жүрген мұсылман баласының Алла жолында екенінің айқын дәлелі.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) те еңбек еткен. Өзге пайғамбарлардың да түрлі кәсіп иесі болғаны белгілі. Мысалы, Нұх (ғ.с.) пайғамбар – кеме салушы, Салих (ғ.с.) пайғамбар – түйе бағушы, Жүніс (ғ.с.) пайғамбар балықшы болған.

Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардың басынан өткен мына бір оқиға – адал еңбектің адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екенінің айқын дәлелі. Бірде Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар кедей адамның киімін киіп, халықтың арасына шығып, өзі туралы сұрастырмақ болады. Осылайша кездескен адамдардан: «Дәуіт қандай кісі?» – деп сұрап жүрген кезде, адам кейпіндегі Жәбірейіл періште кездесіп: «Ол (Дәуіт) Алланың жақсы құлы, бірақ оның бір кемшілігі бар», – деп жауап береді. Дәуіт: «Ол қандай кемшілік?» –деп сұрайды. Сол кезде адам бейнесіндегі періште: «Оның өмірі мемлекеттің қазынасынан қамтамасыз етіледі. Алла болса, өз өзін қамтамасыз ете алатын құлдарын жақсы көреді», – деген екен. Бұл жауапты естіп, үйіне көңілсіз оралған Дәуіт пайғамбар көзіне жас алған күйде: «Иә, Раббым! Маған бір қолөнер үйренуді нәсіп қыл, сол арқылы өз нәпақамды табайын», – деп дұға етеді. Жаратушы Алла оның дұғасын қабыл етіп, темірден сауыт жасаудың жолын көрсетіпті.

Қазіргі уақытта мұсылмандар өз уақытының аз бөлігін де пайдасыз өткізбеу керек. Оның міндеттерінің саны уақытынан көп. Сол себепті басқа мұсылмандарға көмектесу керек. Егер сіз маңызды іспен айналыссаңыз, оны мүмкіндігінше тез бітіруге тырысуыңыз қажет.

Әрбір мұсылман өмір сүру үшін қаражат табуға, еңбекке деген құлшынысын үнемі арттыруға, табандылық танытуға, үлкен байлыққа ие болса да жұмыс істеуге, кемелдікке қол жеткізу жолында алдап-арбауға, мерзімдерді бұзбауға міндетті. Осы мәселеге қатысты Абай атамыз «Сегіз аяқ» өлеңінде:

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде, – деп бізді еңбек етуге шақырады.

Раббымыз Алла бәрімізге еңбек етіп, соның арқасында адал нәпақа табуымызды нәсіп етсін! Әмин!

 

Әнуар ІЗІМБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру