Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРДІ

Асқар Әбітайұлы muftyat.kz 04.09.2021 4167 0 пікір
БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРДІ

Жуырда ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жолдады. Халық бірлігі мен ынтымағын арқау еткен Президент Жолдауы білім мен ғылым саласын дамытуға, сапалы білім беруге бағытталды.

«Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет» деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Шын мәнінде, Президентіміз атап өткендей, бүгінгі мұғалімдер шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Өйткені, балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс.

Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз екенін алға тартқан Мемлекет басшысы бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек екенін жеткізді. Бұл – білім мен ғылым саласында қажырлы еңбек етіп жүрген ғалымдар мен жалпы ұстаздарға жасалған қамқорлық.

Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы. Ал адамның денсаулығы мен білімі – мемлекеттің дамуына әсер ететін негізгі фактор. Халықтың жалпы сауатын көтеріп, жастарды біліммен қаруландыру – баршамыздың ортақ борышымыз. Мемлекет басшысы осы тұрғыда денсаулық пен білім саласына ерекше көңіл бөліп, ұстаздар мен дәрігерлерге мейлінше қолдау көрсетіп, ғылымның дамуына айрықша назар аудару керектігін тапсырды.

Президентіміз елдің дамуына, рухани және экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуімізге аса мән беріп, осы бағытта ортақ мақсатымызға жету үшін зиялы қауым өкілдерін белсенді болуға шақырды. Халықтық, елдік мәселелерде ауызбіршілік пен ынтымақтастық танытып, ел дамуына адал қызмет етуде рухани күш берді.

1 қыркүйек білім күнінде халыққа арналған Жолдауда білім мен ғылымды дамытуға басымдық берілді. Президентіміз жүз мыңнан астам жаңа IT-мамандарын даярлау қажеттігін атап өтті. Бұл бастама індет белең алып тұрған осы кезеңде еліміздің білім саласына оң әсер етпек. Қазір ақпараттық технологиялар ерекше назар аударуды қажет етететін бағыттардың біріне айналды.

Бүгін, білім күнінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Нұр-Мүбарак» университетінің, медресе-колледж ұстаздары мен шәкірттерін, еліміздегі барша мұғалімдер мен білім саласының қызметкерлерін 1 қыркүйек – білім күні мерекесімен құттықтап: «Ислам діні ер мен әйелге білім алуды міндеттейді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу мұсылман ер мен әйелге парыз», – деген. Тағы бір хадис-шарифте: «Ғылым-білім үйреніңдер. Алла үшін білім алу – Алладан қорқу. Ал іздену – Алланы пәктеу. Ал оны (қиындығына шыдап) зерттеп-зерделеу – Алла жолында күресу. Оны білмегенге жеткізу – садақа!» делінген. Бұл хадистен өзгелерге білім үйрету Алла жолында жасалған үлкен садақаның бірі екенін түсінеміз. Исламда білім алудың маңызы үлкен. Алла Тағала ілім иесінің дәрежесін екі дүниеде де арттырып қояды. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдар мен шәкірттердің білімін көтеру бағытында игі жобаларды жүзеге асыруда», – деді.

Алла Тағала білімді жастарымыздың қатарын көбейтіп, оларды еліміз бен жеріміздің өркендеуіне, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы жолында қызмет ететін тұлғалардан еткей. Әмин!

Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Семей аймағы

өкілдігінің бас имамы 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру