Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ӘДЕП КЕҢЕСІ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ЖОҒАРЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ muftyat.kz 18.02.2021 1682 0 пікір
ӘДЕП КЕҢЕСІ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ЖОҒАРЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Жыл басында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкеріне бағдарламалық баяндамасын жолдаған болатын. ҚМДБ Төрағасы бағдарламалық баяндамасында мүфтият жанынан Әдеп кеңесі құрылғанын мәлімдеді.

Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Әр мекеменің өзіндік Әдеп кеңесі болады. Әр қызметкер әдеп этикасын сақтай отырып, жұмыс істейді. Мен осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Әдеп кеңесін құру туралы шешім қабылдадым. Кеңесті құрудағы мақсат – дін қызметкерінің жұмысына серпін беру» деген еді.

Жуырда елордада Бас мүфти төрағалығымен Әдеп кеңесінің алғашқы онлайн мәжілісі өтті. Кеңес жұмысында ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерлері өзіне жүктелген міндеттерді кәсіби деңгейде орындау қажеттігіне айрықша тоқталды. Бас мүфти сонымен қатар имам-молдалардың әлеуметтік мәселесіне жіті көңіл бөлуді тапсырды. «Қажет болса ауыл молдасына өз жалақымнан қаражат бөлуге дайынмын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ауыл имамдарына қолдау көрсету жолындағы қамқорлығы деп атар едім.

Расында бүгінгі имамдарға артылған жүк жеңіл емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Әдеп кеңесі еліміздегі дін қызметкерлеріне жоғары жауапкершілік жүктейді. Соның бірі – бұқара халық алдында сөйлеу мәдениеті. Шешендік өнер – халықпен тығыз жұмыс істейтін барлық саланың мамандарына аса қажет қабілеттің бірі. Соның ішінде күнделікті жұмысы уағыз-насихатпен тығыз байланысты имамдарға қажет өнер екені белгілі.

Халқымызда: «Шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мерген» деген нақыл сөз бар. Шешендік өнерді меңгерген адам халықты жақсылыққа жұмылдырып, ынтымаққа ұйыстыра алады. Ел арасында ағайын-туысты жинап, құдайы ас беруге ниеттенген азаматтар: «Маған жақсы уағыз айта алатын әрі Құранды жақсы оқитын имам тауып беріңізші» деген өтініш-тілектерін жиі білдіреді.

Біз осы жағдайдың өзінен кәсіби мамандарға деген сұраныстың күн санап артып келе жатқанын анық аңғарамыз. Қай кезеңде, қай салада болсын өз ісін асқан жауапкершілікпен орындайтын, өз мамандығын кәсіби тұрғыда меңгерген кадрларға деген сұраныс артып отыратыны белгілі.  

Шешен адам – өзгелерді бар болмысымен, сөзімен әрі ісімен баурап алатын, оларды бір ойдың төңірегінде қанағаттандыра білетін қабілетке ие тұлға.  

Шешендік өнерді зерттеушілер оны бес түрге бөледі:
  1. Әлеуметтік-саяси шешендік;
  2. Академиялық шешендік;
  3. Әлеуметтік-тұрмыстық шешендік;
  4. Сот ісінде қолданылатын шешендік;
  5. Діни шешендік.

Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқыш» атты кітабында ғұламалардың, молдалардың дін туралы сөйлеген сөзі уағыз екенін айтқан.

Шешендік өнердің бізге тікелей қатысы бар түрі – діни шешендік. Адамның жүрегіне жылу сыйлайтын құрал – сөз. Кісінің келбетін көркемдейтін фактор – сөз. Демек сөз – адамның тұлғалық бейнесін айғақтайтын өлшем. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жақсы сөйле немесе үндеме» деген хадисінде үлкен мән жатыр.

Ойшыл-ғұлама Ахмет Иүгінеки: «Әдептің басы – байқап сөйлеу» дейді. Ақын адамның ерекше қасиеті ретінде оның сөлеу мәдениетін тоқталып: «Әрқашан да әдеппен қысқа сөйлеп әдеттен. Байқап шығар үніңді, тарта сөйле тіліңді» дейді.

Осы ретте халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Демек, адамның сөзі – оның тағдыры.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері, яғни сөйлеу шеберлігін меңгерген, діни салада тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары ғалымдар, ұстаздар, имамдар еліміз бойынша уағыз-насихат жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп келеді. Ал Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ҚМДБ жанынан дер кезінде құрылған Әдеп кеңесі республикалық ақпараттық-насихат тобының жұмысына, барша имам-молдалардың қызметіне серпін береді деген сенімдеміз. Сонымен қатар Әдеп кеңесінің жұмысы дін қызметкерінің тұлғалық келбеті мен мәдениетіне оң ықпал етпек.     

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі