Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖЕТІСУДАҒЫ АЛАШ МЕКТЕБІ

Елдос ТОҚТАРБАЙ 15.09.2020 4845 0 пікір
ЖЕТІСУДАҒЫ АЛАШ МЕКТЕБІ

Бүгінгі қазақ Алаш қайраткерлері дейтін ХХ ғасыр басындағы үркердей топты неге сүйеді? Неліктен оларға тамсанады? Бірден жауабын айтар болсақ, бұл тұлғалардың діңі де, ділі де мықты еді. Ол қандай дің деуіңіз мүмкін. Ол – тарихи тамыр, ата-бабамыз ұстанған дін жолы. Кез келген Алаш арысының өмірбаянын оқып-таныссаңыз, ең алғаш рет ауыл молдасынан оқып, хат таныды деген жолдарды оқисыз. Солай емес пе?

Алаш идеясын қазаққа кеңінен танытып, дәріптеген оқығандар еді және олардың шын пейілмен тіреуі болған ауқатты ақсүйек, бағлан азаматтар болатын. Алашқа деп дүние-мүлік, байлығымен риясыз қызмет еткен Маманов-Тұрысбеков деген әулет болған. Бұл әулеттің Тұрысбегі де, Сейітбатталы да, кенжесі Есенқұл да мұсылмандық бес парызын өтеп, қажылық міндетін атқарған иманды һәм сауатты оқығандар болатын. Бұлар да алғаш рет ауыл молдасынан білім алып, зердесін иман суымен жуған екен.

1899 жылы Жетісуда алғаш рет мектеп ашылды. Баба дінінен тәлім алып, қазақ ғұрпынан тағылым тапқан Маман ата балалары осындай игі іс тындырыпты. Әуелгі жылдары қадым бағытында ашылған бұл мектеп медресе деңгейінде болған-ды. 1901 жылы «Мамания» деген атау алған бұл оқу орны мектеп дәрежесіне көтерілді. Шағабуддин Маржани, Исмайыл Ғаспыралы сынды түркі халықтарынан шыққан оқымыстылар салған жәдитизм бағытын осы мектеп өз бағдарламасына енгізген-ді. 1908 жылдан бастап Жетісуға ғана емес, күллі қазақ жұртына есім-сойы танылған Есенқұл қажы Маманұлы мектепті гимназия деңгейіне көтеріп, оқу бағдарламасын Уфадағы Зия Қамали ашқан «Ғалия» мектеп-медресесі негізімен тоқайластырады. Осы жылдан бастап бұл мектеп-гимназия ел ішінде «Алаш» мектебі деп атала бастаған екен. Осы «Алаш» мектебінде 1905 жылдан жалпыұлттық сипат алған «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері, ғасыр басындағы оқу-ағарту саласының саңлақтары қызмет етіп, шәкірттерінің ұлтшыл азамат болуына жан-терін сығып жүріп қызмет етіпті.

Архив деректеріне сүйенсек, Жетісудағы 8 жылдық дүниетаным мектебінде 11 пән жүйелі оқытылған екен. Олар: 1) Қазақ тілі (оқу, жазу) – 1-сыныптан, 2) Есеп (математика) – 1-сыныптан, 3) Иман-шарб – 2-сыныптан, 4) Құран – 2-сыныптан, 5) Орыс тілі – 3-сыныптан, 6) Пайғамбарлар тарихы – тек 3-сыныпта ғана оқытылған, 7) Жағырапия – 3-сыныптан, 8) Зоология – 4-сыныпан, 9) Ислам діні тарихы – 4-сыныптан, 10) Татар тарихы – 5-сыныптан, 11) Хадис (Пайғамбар өсиеті) – 5-сыныптан. Осы пәндердің сыртында баланың жас ерекшелігіне қарай, қабілетіне қарай қосымша «Логика», «Еңбек», «Іс тігу», «Бұйым жасау», «Қолөнер», «Түркі тарихы», «Әдебиет тарихы» т.с.с. пәндер де оқытылған. Сонымен қатар, «Мамания» мектеп-гимназиясының жанындағы мешіт молда-ұстаздары Хасен (Бұқарадағы атақты Мир Араб мектеп-медресесін озық тәмамдаған), Қожахмет интернат-пансионат оқушыларына түстен кейін қисса-дастан, Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерін, «Сияр шәріп», «Қисса-су-л-әнбия» тағы басқа діни әдебиеттерді оқытып, ер балалардың діни сауатын төл құндылықтарымызбен арттырған екен. Мектеп-гимназияның жанында қыз балаларға арналған оқу бөлімі бөлек болған. Қыздардың таным мектебінде Фатима Есенгелдина, Майра Уәлиқызы сабақ берген. Қыздар мектебінде тек жеткіншектер ғана емес, Қарағаш қаласындағы ауқаттылардың әйелдері, Ақсу-Қапал атырабындағы қыз-келіншектер де оқып, жазу-сызу дәрісін, сосын қолөнер сабақтарын үйреніпті. Татар нәсілінен шыққан Фатима ханым Есенқұл қажының қолдауымен Қарағаш тігін фабрикасын ашыпты. Ақсу-Қапал өңірінен бөлек Жетісудың Сарқан, Басқан, Жаркент, Үштөбе аймақтарының халқы татар үлгісінде тігілген киімдерге қарық болыпты.

«Мамания» Алаш таным мектебінде иісі қазаққа аты шыққан Барлыбек Сырттанұлы «Орыс тілі мен әдебиеті» пәндерінен дәріс берсе, Қапал қаласындағы түрмеде жазасын өтеген алғашқы құқық магистрі, танымал заңгер Жақып Ақбайұлы уезд бастығының арнайы рұқсатымен босатылған кезде оқушылармен кездесіп, «Заң», «Құқық», «Саясат негіздері» пәндерінен шолу сипатындағы ойларын айтып, «Алаш» идеясын, азаттық туралы ұстанымдарын білдірген екен. «Алаш» идеясын халық арасына тарату қамымен Орынбордан Семей, Жетісу облысына арнайы келген көсем Міржақып Дулатұлы Есенқұл қажының ауылында болып, «Мамания» мектебінің дамуын өз көзімен көрді деген дерек те бар. Отыншы Әлжанұлы жиі-жиі келіп, оқушы қауыммен кездескенін әсте ел ұрпағы ұмыта қоймаған. Жетісудағы «Алаш» мектебінің бас мұғалімі болған Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Мұстақым Малдыбайұлы да отты сөз жазған публицист, ұранды сөз тастап, соңынан ел жиған Алаштың озық ойлы ерлері еді. Міне, аталған мектеп шәкірттері осындай сайдың тасындай іріктелген шын интеллигент, эрудит ұстаздардың тәлімін алған.

«Мамания» мектебінің жанынан әнші Майра Уәлиқызы көркемөнерпаздар үйірмесін ашып, ән, театр, би бағытында жұмыстар жүргізіпті. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы», Көлбай Тоғысұлының «Надандық құрбаны», халық мұрасындағы «Біржан мен Сара айтысы» Майра мен Біләл Сүлейұлының ұйымдастыруымен спектакль ретінде қойылған екен. Міне, сонда дала халқы театр деген түсінікті сезініп, ашық аспан астындағы сахнаны өз көзімен көріп, қуанған екен. Осы оқиға туралы сол жылдары аталған мектепте оқыған Ыбырайым Маманов (кейіннен филология ғылымдарының кандидаты, профессор атанған үлкен лингвист-ғалым, 1928-1932 және 1950-1956 жылдары сотталған азамат) жылы естелік жазған-ды. Ыбырайым атамыздың жазуы бойынша, спектакль қойылымдарында бозбала Ілияс Жансүгірұлы, Сапа Алдабергенқызы ойнаған.

ХХ ғасыр басындағы оқыған азамат Көлбай Тоғысұлының «Қазақ даласындағы «Мамания» мектебі және оқу ісі» деген көлемді мақаласы бар. Осы тарихи мақалада автор: «...Халықты қара мұнар тұманнан ақ жұлдыздай жарқырап Маманов, Тұрысбековтарды елдегі жараны қасып, малын босқа шашып, қатынды көбірек алып, қымызды мол ішіп құдайдың кең даласын былғаған байларға таныстырғым келеді» деп осы ауқатты жандардың қазаққа көрсеткен жақсылығын санамалап, мектептің жай-күйін насихаттайды. Көлбай Тоғысұлы жазса жазғандай екен. Расында, бұл мектеп Жетісудың атын төрткүл дүниеге әйгілеген оқу орны еді.

Жетісудағы «Алаш» мектебінде оқыған балалардың артықшылығы сол – олар бозөкпе кездерінен-ақ ұлттың құндылығы мен әдет-ғұрпын, салт-санасын, діни ұстанымын терең меңгеріп, дүние ілімін адалынан ырзық-несібе табу үшін үйренген. Есенқұл қажы Маманұлы мектепті үздік бітірген оқушыларды қолдап, Уфа, Орынбор, Қазан, Семей қалаларындағы оқу орнына түсіп, әрі қарай білімін жалғастыруға қаржылай стипендия тағайындапты. Біләл Сүлейұлы, Әубәкір Жайшыбайұлы, Мейірман Ермектасұлы, Бейсенбай Кедесұлы, Ыбырайым Маманұлы сынды алыптар осы мектеп арқылы білімнің шырағын жаққан-ды. Мектеп бітірген шәкірттерге әсем өрнектелген, баспаханада басылған афарин (бестік), имтинз (төрттік), мақбул (үштік) деген бағалар қойылған куәлік беріпті.

Алаш арыстарындай, Алаш мектептерінде оқыған шәкірттердей мықты, жан-жақты білімді болу үшін бүгінгінің жастары ең алдымен солардай иманды, жүректеріне ізгілік ұялаған, туған елінің ұлттық қүндылықтарымен көкіректерін суландырып, жан дүниесін байытқан отаншыл перзент болуы керек, сонда ғана діңі де, ділі де мықты ел сүйсінерлік ер болары сөзсіз...

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ

«Мұнара» газеті, №12, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру